Денсаулық

Екпенің маңызы қандай?

Соңғы кезде вакцинацияға қатысты тұрғындар арасында пікір көп. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаева вакцинациялаудың қаншалықты маңызды екенін айтты.

— Екпенің арқасында соңғы 100 жыл ішінде көптеген инфекциялық аурулар деңгейі, оның қатарында  аса қауіпті болып саналатын  оба, холера күрт төмендеп, қарашешек мүлдем жойылды. Балаларды мүгедектікке шалдықтыратын полиомиелит сырқатынан арылдық. Мысалы, қызылшаға қарсы алғашқы вакцина шыққан 1960 жылға дейін әлемде жыл сайын шамамен 2,6 миллион  адам қайтыс болған. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес 2000 – 2017 жылдар аралығында аталған инфекциялық аурудан қайтыс болу жағдайы 80 пайызға азайған. Өкінішке орай, соңғы жылдары кейбір азаматтар екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып, кішкентай сәбилеріне екпе жасатпай, денсаулықтарын қауіп-қатерге тігіп отыр. Көпшілігі екпе туралы мәліметтерді әлеуметтік желідегі сенімсіз ақпарат көздерінен алған, — деді департамент басшысы.

ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес тұрғындарды жоспарлы екпелермен  қамту — 95 пайыз. Дегенмен  әртүрлі себептерге байланысты екпеден бас тартып отырған ата-аналар да бар. 2009 жылдан бастап 2000-дай бала ата-аналарының қарсы болуынан екпе алмаған.

Қазіргі таңда әлемде және  республикамызда, оның ішінде облыс аумағында қызылша инфекциясы бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. 2019 жылдың 1 қаңтар және 2020 жылдың 6 ақпаны аралығында қызылша жұқтыру бойынша  499 дерек тіркелді, оның ішінде 265 –і зертханалық тексеру кезінде расталды. Науқас адамдардың 72 пайыздан астамы екпе жасалмағандардың арасында тіркеліп отыр. Ал бұл аурумен күресудегі ең тиімді әдіс —  вакцинация, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Қызылша —  адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тез тарайтын асқынуларымен әсіресе сәбилерге  қауіпті арнайы емі жоқ инфекция. Оның алдын алу тек вакцинаның көмегімен ғана жүзеге асады. Сондықтан, тұрғындар екпеден қорықпауы керек. Облыс аумағында қызылшаға қарсы барлық қажетті тексерулерден өткен, сапасы куәландырылған Үндістанда өндірілген вакцина қолданылады. Егу жүргізудің барлық сатылары департаменттің қатаң  бақылауында және екпе жасайтын  мамандардың жауапкершілігі арнайы нормативтік құжаттармен белгіленген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button