Абай — 175

Ақын жырларын жатқа оқитын Қазина   

Байғанин ауданы Кемерши ауылы Қ.Жазықов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Қазина Нұртазина Абайдың барлық өлеңдері мен аудармаларын, қара сөздерін жатқа біледі. Кішкентай кезінен ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен дарынды жас 2016 жылы республикалық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ ол Шәкәрім, Мұқағали, Сағи, Өтежан, Әбіш оқуларына қатысып, облыстың намысын қорғап жүр.

Осы аптада Баспасөз үйінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ұлы ақынның өлеңдерін насихаттап жүрген дарынды жаспен кездесті. Шараға серіктестік директоры Раукен Отыншин бастаған облыстық қос газеттің ұжымы, Байғанин ауданынан келген Қазинаның тілектес аға-апалары қатысты.

Кездесуде алдымен кеш кейіпкері Қазина Нұртазина жиналғандарға өзі білім алып жүрген мектебі, жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Кемерши ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов атындағы орта мектепте оқитын Қазина отбасында ата-әжесінің тәрбиесінде өскен.

4-сыныптан бастап ұлы ақынның өлеңдерін жаттаған ол бүгінде Абайдан бөлек бірқатар ақындардың шығармаларын жатқа біледі. Республикалық, облыстық Абай, Әбіш, Мұқағали оқуларына қатысып, жүлдегер атанған. Сондай-ақ облыс көлемінде эссе, шығарма жазудан байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Көркемсөз, өлең оқудан, ән айтудан қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Алғыр, пысық, жан-жақты оқушы болашақта актриса болуды армандайды. Орта мектепті бітірген соң Қазина Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түспек.

Кездесу барысында Қазина жиналғандарға Абайдың «Ерекше естен кетпес қызық қайда», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» атты өлеңдерін, сондай-ақ Тобық Жармағамбетовтің «Қызыл ай» повесінен үзінді оқып берді.

Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин биыл Абайдың туғанына 175 толуына орай республика бойынша үлкен іс-шаралар өткізіліп жатқанын, ұлы ойшылдың өлеңдері мен қара сөздері болашақ ұрпаққа мол өнеге, рухани азық, ал оны насихаттауда Қазина сияқты дарынды жастардың үлесі зор екенін айтты.

Байғанин ауданы — талай ақын-жазушылар дүниеге келген қасиетті өлке. Осы өңірде туып-өскен дарынды қызымыз Қазина Абай өлеңдерін жаттап қана қоймай, облыс көлемінде Шәкәрім, Әбіш, Мұқағали, Сағи, Өтежан оқуларына қатысып, көзге түсіп жүр. Жыр, көркемсөз оқудан оза шауып, бәйге алып жүрген ол 2018 жылы Байғанин ауданында «Жыл адамы» атағын иеленді. Сондықтан біз Қазинаға осы жолынан таймай, зор жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыруын тілейміз, — деген ол  жас дарынға Абай жырларын насихаттаудағы еңбегі, облыстық «Ақтөбе» газеті ұжымымен жемісті шығармашылық байланысы үшін Алғыс хат табыстап, естелік сыйлықтар тарту етті.

Бұдан кейін кездесуде Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың қызы Лаура Жазықова сөз алып, әкесінің есімі берілген мектепте Қазина секілді дарынды оқушылардың білім алып жатқанына мақтанатынын жеткізді.

— Осыдан он жыл бұрын Кемерши ауылында екі қабатты мектеп ашылып, оған әкеміздің есімі берілген болатын. Биыл Ұлы жеңіске 75 жыл әкем Қожабай Жазықовтың туғанына 100 жыл толады. Бүгінге дейін аталған білім ордасынан талай түлек ұшып, қанат қақты. Қазіргі таңда да жүздеген бала білім алып жатыр. Батыр атындағы білім ордасынан әлі талай батырлар мен білімді ұрпақ тәрбиеленіп шығары сөзсіз. Осы орайда біз, батырдың ұрпақтары, мектепті үздік бітірген оқушыларға шәкіртақы тағайындаймыз. Бүгінге дейін 4 түлек осы мектепті «Алтын белгімен» тәмамдады. Алдағы уақытта осы шәкіртақының бірі Қазинаға бұйырады деп сенеміз. Әкеміздің атындағы мектептің атын шығарып жүрген дарынды қызымызға зор жетістіктер мен шығармашылық табыс тілеймін, — деп, әкесі туралы жазылған кітапты табыс етті.

Басқосуда Қазинаның жерлестері, тума-туыстары атынан Орынбасар Қайырмағанбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, т.б. сөз сөйлеп, ақ жарма тілектерін айтты.

— Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Жидебайда өтетін үлкен іс-шараға қатыспақпын. Ұлы ақынның мерейтойына арналған бұл шараға барлық қазақстандық атсалысуы керек деп ойлаймын. Осы орайда мен де өз үлесімді қосамын.

Ұлы ақынның шығармаларын барлық оқушы жаттап өсуі керек. Себебі ұлы ойшылдың әр сөзі, әрбір өлеңі қашан да өз құндылығын, өзектілігін жоғалтпайды. Ақынның өлеңдері халқымызбен бірге жасайды. Сондықтан мен өз замандастарымды ақын өлеңдерін жаттауға, оның шығармашылығын дәріптеуге шақырамын. Сондай-ақ менің осындай жетістікке жетуіме зор еңбек сіңірген жетекшім Ұлболсын Бердешоваға, ата-анама, ұстаздарыма алғысымды білдіремін, — дейді Қазина.

Айта кету керек, дарынды жастың бұған дейін 8 жыл білім алған Жаңатаң ауылындағы С.Ешбаев атындағы мектепке жаңа ғимарат берілсе деген тілегі бар.

   Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button