Абай — 175

Абай өлеңін білесізбе: челлендж басталды

Ақтөбедегі Ақжігітовтер отбасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап, «Абай —  дана, Абай дара қазақта» атты отбасылық  челлендж бастады.

Нұрлан Ақжігітов пен Бибігүл Жақсыбайқызының  6-сыныпта оқитын Нұрмұхаммед есімді ұлы мен 3-сыныпта оқитын Аруна, Адия есімді егіз қыздары бар. Балаларына Абайдың өлеңі мен қарасөзін жаттатқызу үшін Нұрлан мен Бибігүл отбасылық байқау ұйымдастырды.

Бала күнінде жаттаған өлең мәңгі есінде қалады. Бірақ қазіргі балалар өлең жаттап, кітап оқығаннан интернет қарағанды тәуір көреді. Оларды кітап оқуға қызықтыру оңай емес. Сондықтан балаларымның арасында байқау ұйымдастырдым, — дейді ұйымдастырушы Бибігүл Жақсыбайқызы.

Ал жобаның негізгі демеушісі — үй иесі Нұрлан Ақжігітов.

Талап бойынша балалар Абайдың бірнеше қарасөзі мен өлеңін жаттап, оны бейнежазбаға түсіріп, қазылар алқасына жіберді. Қазылар алқасы құрамында Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің жастар бөлімінің басшысы Фариза Төлебаева мен «Ақтөбе» телеаранасының жүргізушісі Лаура Палман болды. Балалар жарысқа ерекше ықыласпен дайындалыпты. Қазылар алқасы сайыстың соңғы күні  Нұрлан Ақжігітовтің үйіне барып балаларды құттықтады. Алғыс хатпен марапаттады. Демеуші дайындаған қаржылай сыйлықтарды ұсынды. Қазылар алқасы да құрқол бармады. Әр балаға өздерінің сыйлығын тарту етті. Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов балапандарға сәттілік тіледі. Балалардың барлығы 10 күн ішінде ұлы ақынның бірнеше қарасөзі мен көпшілік біле бермейтін өлеңдерін жаттап алыпты. Үй иесі Нұрлан балаларының байқауға қызығып, Абайдың өлеңдерін ерекше ықыласпен жаттағанынан айтты.

Ақжігітовтер отбасы челленджді қала тұрғыны Мұратбек Тәжіғұлдың отбасына жолдады. Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы челленджді барлық отбасылар қабылдап, жалғастыруына болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button