Басты жаңалықтарМәдениет

Махаббаттың айналасындағы машақат

Өткен аптада Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының «28 THEATER» жекеменшік театры көрерменге екі спектаклін ұсынды. Мәңгілік тақырып — махаббат жөнінде сыр шерткен қойылымдар аншлагпен өтті. Оның сыры мен белгілі өнер иесінің алға қойған жоспарын өз аузынан естіп-білген едік.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында аталған труппа   «Күйеуіңізді сатыңызшы…» комедиясы мен «Войцек» трагедиясын сахналады. Танымал театр және кино актері Азамат Сатыбалдының бастамасымен 2017 жылы ашылған шағын өнер ұжымының репертуары әзірге осы екі қойылымнан тұрады. Әрқайсысына жеке тоқталсақ…

«28 THEATER» театры әуелі ресейлік танымал сықақшы Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы…» қойылымымен (аударғандар — Толымбек Әлімбекұлы, Оразхан Кенебаев) өнер көрсетті. Жоғарыда аталған автордың «Последняя попытка» атты пьесасының оқиға желісі көпшілікке бұрыннан таныс болуы керек,

сол бойынша түсірілген «Хочу вашего мужа» фильмі (режиссері Сергей Никоненко) өткен ғасырда үлкен экранға жол тартқан-ды. Бұл — соның негізінде сахналанған туынды. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, отбасылық өмірдің 20 жылдығын атап өткелі отырған ерлі-зайыптының арасына кенеттен бойжеткен түседі. Қызық болғанда көңілдесінің үйіне келген қыз отанасына барлығын жайып салып, артынша «Күйеуіңізді сатыңызшы…» деп қиылады. Қыруар қаржы ұсынған ашына жігіт ағасын шынымен сүйетінін, ол үшін кез келген соманы беруге дайын екенін айта жөнеледі… Екі әйелдің арасындағы әңгіме қыза бастағанда, отағасының үйге келе қалмасы бар ма? Қаншама жыл отасқан жары сатқындықты кешіре ме? Ең бастысы — «басты қаһарман» қайсысын таңдайды? Кейіпкерлердің арасындағы әзіл-шыны аралас диалогқа құрылған, күлдіріп тұрып, адамға ой салатын спектакльде Азаматтың өзі, жас актрисалар — Жанар Мақашева мен Ажарлым Мағзұмқызы ойнайды.

Ғашықтар арасындағы қызғаныш сезімі — «Войцек» трагедиясының өзегі. Кейде екі жастың арасындағы осынау сезім адамның ойына келмейтін қулық-сұмдықтарды жасауына итермелеуі мүмкін… Сүйген әйеліне сұқтанғандарды кейіпкер қалай тәубесіне түсіреді? Неміс драматургі Георг Бюхнердің «Войцек» спектаклінің (қоюшы режиссері — Дина Жұмабай) басты лейтмотиві бұл. Көрермендер мұнда Азамат Сатыбалды, Данияр Базарқұлов, Асан Мәжит, Нұржан Әбубәкір, Али Марат, Ажарлым Мағзұмқызын көре алады.

Баянсыз махаббатты арқау еткен қос қойылымда ине шаншар жер болған жоқ, көрермен қауым жылы қабылдады.

Азаматтың өзі ақтөбелік көрерменге дән риза. Бұған дейін Орал қаласына гастрольдік сапармен барған жекеменшік театр директоры осы салада әлі де өнер ұжымдары көбейсе, бұның тек оңды тұстары болатынын айтады.

— Жастайымнан мемлекеттік театрларда қызмет етіп келемін. Өкінішке қарай, онда белгілі бір шектеу бар, қалаған спектакліңді қоя алмайсың. Өйткені белгілі бір бағыт бар. Ал жеке театрда  еркіндік басым. Репертуарда да, қай әріптестеріңмен ойнағың келеді, сол жағынан да таңдау жасай аласың.

Әртүрлі тақырыпта, кез келген формада өнеріңді көрсетуге мүмкіндік бар. Сонысымен-ақ көрерменге қызықпыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда тың туындыны іздестіру үстіндеміз. Жақсы режиссерді табу қиын. Мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісовамен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, — дейді А.Сатыбалды.

«Ақтөбенің» анықтамасы

 Азамат Сатыбалды 1977 жылы туған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр және кино актер» мамандығын тәмамдаған. 2001 жылдан бері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет атқарады. 2018 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болып тағайындалды.

2002 жылы «Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты», 2014 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын алған.

…«Неліктен өнер ұжымының атауы «28 THEATER?», — деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Азаматтың айтуынша, бұдан бәлендей философиялық астар іздеудің қажеті шамалы. «Нумерологияда, әсіресе шығыс халқында 28 саны сиқырға толы. Бір жағынан, кейбіреулер сияқты театрымды өз атыммен атағым келмей, өзгелерге қызық болсын, сіз сияқты сұрақ қойсын деп атадым. «Көкек өз атын өзі шақырады…» демей ме? Кино, театр өнерінің өзі сиқыр екенін және ескердік», — деп сыр шертті жекеменшік театрдың директоры.

Өнердің сазды өрнегі

Ақтөбе қаласында облыстық халық шығармашылығы орталығының «Өнердің сазды өрнегі» атты есептік концерті өтті. «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдары мен әншілері өздерінің бай репертуарын көпшілікке тарту етті. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған есеп беру кешінде тек жанды дауыста ән айтылып, музыкалық аспаптармен күй орындалды, би де болды. Ән мен жырға бөлеген кешті мәдениет саласының қызметкерлері Кеңес Кемалбаев пен Әлима Айтмағамбетова жүргізді.

Мерекелік кеш Аслан Мұханбетжанның гитара аспабында сүйемелдеуімен, әнші Бағдат Балмағамбетованың орындауындағы «Күнім-ай» әнімен басталып, үлкен экранда орталықтың 2019 жылы өткізген мәдени шараларының суреттері көрсетіліп, жан-жақты мағлұмат берілді.

«Шашу» халықтық-отбасылық ансамблі (жетекшісі А.Ешпанова), «Жазира» халықтық триосы (жетекшісі Б.Жұмалин), «Әдеп» халықтық тобы (жетекшісі Қ.Серікбаева) халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларын паш етті. Домбыра, сазсырнай, баян, қобыз, шаңқобыз, жетіген аспаптарының үндескен үнімен қазақтың халық әндері «Бір келіншек», «Керім-ау, айдай», Т.Жахиннің «Бабалар мекені», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Б.Жұмалиннің «Туған елге», т.б. әндер орындалды. Сондай-ақ «Өркен» үлгілі балалар вокалдық тобының (жетекшісі Н.Рамазанова) және жас әншілер Ақторғын Ноғаева, Аслан Мұханбетжан шырқаған Ғ.Секеевтің «Айтатын саған сырым бұл», І.Жақановтың «Жайлаукөл кештері» тамаша әсерге бөлеп, тыңдарман көңілін бір серпілтті. Ал «Назерке» халықтық және «Фрески» үлгілі би ұжымдары ұлттық және заманауи өнер туындыларын және түрлі бағыттағы әндерге де қойылған композицияларын сахналады.

Сонымен қатар, мәдени шарада «Мәдени-тынығу жұмысы: теория және тәжірибе мәселелері» тақырыбы бойынша клуб қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсын тәмамдаған 37 тыңдаушыға салтанатты түрде сертификаттар табысталды.

Ақтөбелік суретшілердің көрмесі — орынборда

Ресей Федерациясы Орынбор облысындағы қалалық көрме залында ақтөбелік суретшілердің көрмесінің ашылуы болды. Мәдени шараға 10 жерлесіміздің жұмыстары қойылған.

— Бүгінгі таңда облысымызда 50-ге жуық суретші, мүсінші және сәндік-қолданбалы өнердің шебері бар. Олардың көпшілігі — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Арасында халықаралық, республикалық, облыстық байқау мен симпозиумдардың қатысушылары да кездеседі. Солардың арасынан осы көрмеге 10 шебердің 50-ден аса еңбегі қойылды. Жұмыстар кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнерді қамтиды, — дейді облыстық өнер музейінің қызметкері Іңкәр Әлібекова.

Оның сөзінше, көрмеге туындылары қойылғандардың қатарында Дулат Құрманалин, Айдар Еспаев, Марат Ғабдрахманов, Валентин Русановский, Татьяна Дундич, Евгения Сухотина, т.б. бар. Мұндағы негізгі мақсат — сондағы көрермендерге ақтөбелік суретшілердің туындыларын таныстыру, сондай-ақ екі мемлекеттің шығармашылық өкілдерінің байланысын нығайту және тәжірибе алмасу.

Көшпелі көрме Орынбор облысында 15 наурызға дейін жалғасады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button