Басты жаңалықтарМәдениет

Димаштың Еуропа елдеріне гастролі басталды

9 наурыз күні Ресей Федерациясының астанасы — Мәскеу қаласында жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты концерті өтеді. Бұл — әншінің Еуропа елдеріне жоспарлаған туры аясында ұйымдастырылып отырған кеш. Мұндай концерттік бағдарлама Латвия, Украина, Германия, Беларусь елдерінде жалғаспақ. 

Еуропаға турнесінің жай-жапсарын айту үшін Димаш мәскеулік журналистермен кездесті. Жиынға әншінің әкесі Қанат Айтбаев пен ресейлік танымал композитор Игорь Крутой да қатысты.

— Бағдарламаны «Арнау» деп атадық. Біз басқа елдерде, соның ішінде АҚШ-та бірнеше концерт қойдық, қазір Мәскеуде әсерлі кеш өткізуге дайындалып жатырмыз.

Мен әр концертімде көрермен алдында емтихан тапсырғандай боламын. Дәл қазіргі таңда концерт қойып, бейнетаспалар түсіруді қолға алып жүргенім сондықтан. Барлық турлардан кейін, әрине, достарыммен демалғым келеді (күлді). Бірақ жұмыс кестесі мен концерттер әзірге босаңсуды қажет етпейді. Бұған қиналмаймын да. Өйткені музыкасыз, қауырт жұмыссыз ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсінемін.

«Евровидение» туралы айтар болсам, бұл байқауға тек қонақ ретінде шақырса ғана қатысуым мүмкiн. Қатысушы ретінде байқауға қатыспаймын және оны керек деп санамаймын. Аса құрметпен жанкүйерлеріме айтарым, халықаралық аренада мен тек қана бір елдің атынан шығамын, ол менің Отаным — Қазақстан, — деді Димаш баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, жерлесіміз Игорь Крутойға ризашылығын жеткізіп, бала кезінен ресейлік композитормен жұмыс істеуді армандағанын әңгімеледі. Ал аты аталған өнер иесінің өзі:

— Димаштың ерекше дауысы, қайталанбас ырғағы бар. Оның музыканы «өзі арқылы өткізуі» өте маңызды. Өйткені ол керемет дарынға ие.

Мен оның сауатты жанкүйерімін. Себебі, қанша тырыссам да, оған ұқсай алмайтыныма анық көзім жетеді. Оның таланты биік, — деді И.Крутой.

Өз кезегінде Қанат Айтбаев Димаштың алдағы концертінде көрермен көптеген жаңалықтар мен өзгерістерге куә болатынына уәде берді.

Димаш өзінің арманы — қазақ тілінде жаһандық хит шығару жайында тілге тиек етті. Ол к-поп музыкасы арқылы бүкіл әлем корей тілінде ән шырқап жүргенін мысалға келтіре отырып, жаңа әндерінің бірі дәл осындай нәтиже көрсететініне үмітті екенін жеткізді. «Музыкада шекара мен ұлт жоқ» деген…

Dimashnews.com сайтының хабарлауынша, басқосу соңында Димаш эксклюзивті жоспарларымен бөлісті. Мәселен, ол рэпермен жаңа ән дайындап жатыр екен. Басқа да жаңа әндер жазылып жатқан көрінеді.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Еуропа елдеріне гастрольдік сапары Ресейдің Краснодар қаласынан басталған болатын. 16 ақпан күнгі концерт «Баскет-холл» залында өтіп, оған 7500 көрермен жиналды. Енді ол Қазан қаласындағы жанкүйерлерінің алдында есеп бермек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button