Мәдениет

Ақтөбеде айтыс-концерт өтті

Тарихы терең киелі өлке, құт дарып, Қыдыр қонған арайлы Ақтөбеде ерекше айтыс-концерт өтті.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында және ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында ұйымдастырылған мәдени шараға Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының «Достық сазы» (көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов), «Арайлы Ақтөбе»  (көркемдік жетекшісі Серік Закария)

фольклорлық ансамбльдері, оның аясындағы «Ұлы дала жүйрігі» атты айтысқа атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен Ақтөбенің ақыны Марат Ахметов қатысты.

Бұл — дәстүрлі түрде өтетін жоба. Алғаш ұйымдастырылған кеште ақтөбелік ақындар Талғат Тілеулесов пен Орал-Қосай Байсеңгір айтысқан еді. Айтыс-концерт ерекше жобасы жөніндегі идеяның авторы — «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнелов.

Концерт ұлы Абайдың «Торы жорға» күйімен басталды.

Бұл жолы күй тартысқа Алматылық Таңат Сәденов пен республикалық «Мен қазақпын» мега жобасының Гран-при иегері, атыраулық Жәнібек Жәмиев шақырылды. Жас өнерпаздардың домбыра ойнау шеберлігі көрерменді баурап алды. Ал енді сырнай тартысқа шыққан ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғарифолла Жақсыбеков пен халықаралық байқаулардың лауреаты Сергей Митрохиннің тартысы аса қызықты өтті. Өйткені сырнаймен Құрманғазы бабамыздың «Адай», «Балбырауын», «Байжұма» күйлері орындалғанда, жиналған жұрт қиқу салып отырды. Дауылпазшылар Нұрсұлтан Жетпісбаев пен Мейірбек Мәденов те «араша бермей айқасты» десек, артық айтқандық болмас.

Дәстүрлі әншілер Гүлназира Сағынғанова, Әділет Күзембаев, Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаевалардың  «қыз-жігіттердің әзіл әндер айтысы» да көрерменді риза етті.

Айтыста Марат Ахметов:

«Шын сөзден ақын қалай жасқанады,

Айтылар елдің талай дастан әні,

Бес анықтың біріншісі — ана тіл деп

Абыздар айтып кеткен асқаралы», — деп бастап, заман жайлы толғанса, қарсыласы Шалқарбай ақын Ақтөбенің тарихы, осы топырақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы жыр төкті.

Ол сөзінде:

«Ақтөбем, өркендеші,  өсе берші

Сен биіктен көрінсең  шаттанамын.

Миллионға жақындап қалыпсыңдар

Дәл осы қарқыныңнан тоқтамағын», — деп, жақсы тілектерін де жеткізді, әдемі әзілге де кезек берді.

Кеш соңында филармония басшысы Елубай Кенжалиев  арнайы келген өнерпаздарға алғыс айтып, филармонияның 75 жылдығына орай жарыққа шыққан «Қазыналы қара шаңырақ» атты энциоклопедияны сыйға тартты.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button