Пікір

Ұлттың жаманы болмайды

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

Ақтөбе облысы ҮЕҰ Қауымдастығы президенті.

Ақпан айының басында болған Қордай оқиғасы ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Бұл оқиғаға қатысты қоғамда түрлі пікірлер қалыптасты. Бірі мұны ұлтараздық келіспеушіліктер десе, екіншісі тұрмыстық сипаттағы оқиға деп бағалады. Шын мәнінде, Қордайдағы оқиғаның астарынан ешқандай да ұлтараздықты іздеуге болмайды. Ұлттың жаманы болмайды, ал адамдар арасы қашанда ала-құла. Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы ақылға қонымсыз хат-хабарлар тарату дұрыс емес.

Десек те, бүгінде еліміздегі жүздеген этностық топтардың бір-біріне, жергілікті ұлтқа құрметпен қарауы, толерантты болуы аса маңызды. Айналадағы елдерде болып жатқан түрлі қақтығыстарды көріп жүрміз, қазіргі уақыт сондай — үп етсе, тұтанайын деп тұрған жағдайды сезіп, көріп отырмыз. Сондықтан, біздің елімізде татулық болғаны бәрімізге де керек.  Біз бәріміз де Қазақстанның азаматымыз. Қазақстан біздің ортақ еліміз. Қазақстандағы тыныштықтың, береке-бірліктің сақталуы бәріміз үшін маңызды.

Жалпы, Қордай оқиғасы біздің жастар тәрбиесіне баса көңіл бөлуіміз қажеттігін көрсетті. Осы бағытта өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз жастарға тек тәрбие, білім беріп қана қоймай, айналадағы адамдарға, елдің заңына, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға үйретуіміз керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button