Құқық

Түнгі рейд: түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Қоғамдық тәртіп

Өткен аптада облыстық ішкі істер департаменті еріктілермен бірге қала көшелеріне рейдке шықты. Құқықбұзушылық фактілерін азайтуға бағытталған алдын алу шараларына қатысты облыс әкімшілігі, облыстық полиция департаменті  мен мемлекеттік және жекелеген ұйымдар үш жақты меморандумға қол қойған болатын. Полиция, прокуратура қызметкерлерімен бірге  мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатарынан ведомоствоаралық топ құрылды. Жұмада басталып жексенбіге дейін жалғасқан рейдке ауысымды құраммен 16 адам жұмылдырылды.  Олар 4 топқа бөлініп, әр топты учаскелік полицейлер  басқарды. Еріктілер де қосылды. Олардың арасында 70 жастағы ақсақал да, 18 жастағы студент те болды. Агроном мамандығы бойынша білім  алып жатқан Аружан  колледждегі оқуынан бөлек қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді. 2018 жылы құрылған «Жас сақшы» еріктілер тобының мүшесі.

Құқық қорғау саласының мамандары келіп рейдтік жұмыстарға қатысты түсіндіргенде, мен  де  қоғамдық шараға атсалысқым келді. Рейд кезінде ерекше көзге түскендерге Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы беріледі. Қоғамның тыныштығына әр азамат пен азаматша үлес қосуы керек. Мен де құқық қорғау саласында қызмет еткім келеді, — дейді Аружан Омарова.

Анықтама: 2019 жылы желтоқсандағы 20 күндік рейдтік шараларда «Жас сақшы» еріктілер тобының көмегімен 400-ге жуық кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім учаскелік полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Олардың 37-сі әкімшілік құқық бұзса, 461-і әдепсіздік үшін жауапқа тартылған.

Бүгінгі күні рейдтік шаралардың өтуіне әртүрлі ұйымдардан шамамен 150 адам бекітілсе, жоғары оқу орындары мен колледждерден де сонша ерікті қатысуға өтінім білдірген. Адам көп шоғырланған орындар мен көшелердегі қауіпсіздік шараларын күшейту қоғамдық көмекшілердің міндетіне кіреді. Құқықбұзушылық фактілері орын алған жағдайда қоғамдық көмекшілер бұл жөнінде полицияға хабарлап, азаматтармен ақпарат алмасу және алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Қызмет барысында қырағылығымен көзге түскен қоғамдық көмекшілерге ақшалай сыйақы мен Алғыс хаттар табысталады. Мәселен, ««Қазхром» ТҰК» АҚ, «Трансэнерго» АҚ және басқа да ұйымдардың еріктілері облыстық полиция департаменті тарапынан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбегі үшін марапатталған. Өткен жылы бұл бағытта бюджеттен 2,1 миллион теңге қарастырылып, бөлінген қаражат толығымен игерілген. Жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 640 қоғамдық ұйымда 3259 қызметкер бар. 2019 жылы қоғамдық еріктілердің көмегімен 15 қылмыс ашылып, 612 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биылғы жылы да еріктілердің еңбегі елеусіз қалмайды. Бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген. Түнгі рейдтен кейін еріктілерді тасымалдайтын транспорт мәселесі де шешілген.

9 учаскелік инспекторға 1 көлік

Қаланың қылмыстық картасына сәйкес рейдтік шараларды жүргізуге Тургенев көшесі бойындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан бастап Абай даңғылына дейін, әрі қарай Есет батыр көшесіне жалғасып, Молдағұлова даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аймақ таңдалған болатын. Кешкі сағат 19.00 мен 23.00 аралығын қамтыған тексеріс жұмыстарына осы аймақтағы жақын орналасқан мекемелердің қызметкерлері тартылды.  2019 жылы аталған аймақта 70-ке тарта қылмыс анықталған, оның ішінде 7 топтық төбелес, 55 ұрлық, зорлау және көлік ұрлау фактілері кездесіпті.

Бұл аумақтағы тұрғындар саны 20 мыңнан асады. Халық санының көптігіне және әкімшілік аумақтың үлкендігіне байланысты Тургенев көшесіндегі №14 бақылау бекетінде 9 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Негізінде әрбір инспекторға 3 мың тұрғын бөлінуі тиіс, бірақ іске келгенде олардың саны 10 мыңнан асады. Соңғы нормативтер 15 жыл бұрын қабылданған болатын. Қазіргі уақытта Ақтөбеде 500 мың адам тұрады, инспекторлар жетіспеушілігі аңғарылады. Тұрғындар өз учаскелік полицейлерін білмейді.

Бізде әрбір отбасындағы тұрмыстық жағдайдағы мәселелерге аса мән беріледі. Бұрын істі болғандар, шартты түрде босатылғандар, алкогольді ішімдік ішетін және психикалық есепте тұратын тұрғындармен профилактикалық және түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұрын-соңды сотталғандарды ай сайын бақылап отырамыз. Қазіргі уақытта қауіпті жағдайлар жоқ. Әрбір инспектор өзіне бөлінген әкімшілік аумақта тиісті шаралар жүргізеді, — дейді жергілікті полиция инспекторы Амангелді Жұбанышов.

20 мыңнан аса тұрғын орналасқан аумақтағы құқық қорғау саласының қызметкерлеріне көлік жеткілікті деп айту қиын. 9 полиция инспекторына жалғыз «Нива» автокөлігі берілген. Бір ғана көлікпен 9 қызметкер 102-ге қоңырау шалған мекенжайларға баруға, істі болғандарды сотқа жеткізуге мәжбүр.

Үш күндік рейд барысында 87 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Еріктілердің қатысуымен сынақ түрінде өткен шараларда ешқандай азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Алдағы уақытта тек қала ғана емес, аудандық жерлерді де рейдтік жұмыстармен қамту жоспарланып отыр.

                                                                                                                 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button