Жаңалықтар

Сауапқа кенелді, спортпен айналысты

Еріктілер жылы

Ақтөбе қаласында Волонтерлер жылы аясында паралимпиадашы-спортшылар мен волонтер жастар арасында «отырып ойнау волейболы» бойынша қайырымдылық турнирі өтті.

Паралимпиадашы-спортшылардың бастамасымен өткізілген шараны «Д.А.Р.» еріктілер клубы ұйымдастырды. Белсенділер сол арқылы спортпен айналысып қана қоймай, сырқат балаға көмек көрсетуді жөн көрді.

— Біздің турниріміз денсаулығы сыр берген Ерсұлтан деген баламыздың Нұр-Сұлтан қаласында емделуіне қаражат жинау мақсатында ұйымдастырылды.

Әрине, бұл біздің тәжірибеміздегі алғашқы акция емес. Басшымыз Құралай Базарбайқызының арқасында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі көптеген қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. 20 жылдан бері қоғамдық бірлестік ерекше санаттағы спортшы-волейболшыларды да қолдап жүр. Яғни спорттық құралдармен қамтамасыз етіп, жарыстарға жолсапарларын ұйымдастырудан қолдан келгенше қол ұшын созамыз. Осының бәрі ескерілген болуы керек, былтыр Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев біздің ұйымды «Жомарт жүрек» сыйлығының «Үздік ұйым» номинациясы бойынша марапаттаған еді. Біздің осы оң бастамамыз әлі де өз жалғасын табатын болады, — дейді «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова.

Волонтерлер мен рухы мықты спортшылар 3 командаға бірікті. «Бүркіт», «Сұңқар», «Арлан» топтарының әрқайсысында 3 ойыншы паралимпиадашы-спортшы болса, қалғаны еріктілер болды.

Тартысты ойында «Бүркіт» командасы жеңімпаз атанды. Ал қайырымдылық акциядан түскен 171 мың теңге жоғарыда аталған балапанның анасына табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button