Басты бет » Экономика » «Пештен енді алынған ыстық нанға ештеңе жетпейді…»

«Пештен енді алынған ыстық нанға ештеңе жетпейді…»

«Тиімді шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берік негізі.

Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа арнаған Жолдауынан.

Мұғалжарлық Мерей Қалышева «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашты. «Жас кәсіпкер» жобасының түлегі — 25 жастағы келіншек бизнесін тамақ өнеркәсібімен байланыстыруды жөн көрген.

Қаракөл ауылының тұрғыны әу бастан наубайхана ашуды мақсат еткен. Бұл арманының ақиқатқа айналуына «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша ұйымдастырылған дәрістер, сала мамандарының шеберлік сабақтары оң әсерін тигізіпті.

— Ауылдағы наубайхана 10-15 жыл бұрын ашылған. Ал сырттан тасымалданатын нан тез таусылады… Бәрінен бұрын, пештен енді алынған ыстық нанға не жетсін?!

Өзім қамыр илегенді жақсы көремін. Кезінде аспаздық курстарды да оқып алғанмын. Соның арқасында тапсырыспен үйден балкүлше, бәліш жасайтын едім. Бірақ нақтылы іске кірісуді қолай көріп, былтыр күзде «Жас кәсіпкер» жобасына қатыстым. Мұнда мен қажетті білім алдым. Кейіннен жобамды қорғап, кәсіп ашуға грантқа ие болдым, — деп кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдары жөнінде сыр шертті Мерей Қалышева.

Грант қаражатына — 505 мың теңгеге кейіпкеріміз пеш, қамыр илеуіш пен бөлке нанға арналған қалыптарды сатып алды. Ал наубайхана ғимаратына жазғы үйді жабдықтаған.

Шағын кәсіпкерлік нысанында наннан бөлек, тәтті тоқаштар, бәліш, т.б. пісіріледі. Бір бөлке нанның бағасы — 100 теңге. Жас кәсіпкер әр жұма күні «ас атасының» құнын 10 теңгеге арзандатынын, сол арқылы ауылдастарына аз да болса жеңілдік жасайтынын атап өтті. Соның арқасында болар, 3 айдың ішінде наубайханаға тұрақты түрде келушілер легі қалыптасқан…

Мұғалжардағы кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, ауданда 3 511 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның ішінде қазіргі таңда 3202-і белсенді жұмыс істеп тұр. Палата филиалының директоры Бернияз Длимов:

—  Өткен жылы «Бастау» жобасына 470 аудан тұрғыны қатысты. Оның 195-і бизнес-жобаларын қорғап шығып, 28 жоба қаржыландырылды, ал 90 жоба мемлекеттік грант алды. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 118 адам оқып, 54-і грант ұтып алды, — деді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.