Экономика

«Бизнес-кеңесші» жалғасын тапты

Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-кеңесші» курсының биылғы алғашқы тобы оқуын тәмамдады. Осы жылы мамандардың кәсіпкерлік негіздерін жаңа бағытта үйреткенін, оқу мерзімі мен қатысушыларды іріктеуде де жаңашылдықтардың барын айтпай кетуге болмайды.

2020 жылдың бірінші тобына облыстың 47 тұрғыны қабылданған. Олар — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жалданбалы жұмысшылар, келісімшартпен жұмыс істейтіндер мен жұмыс өтілі 3 жылдан аспайтын кәсіпкерлер.

— Осы жылы бірқатар өзгерістер енгізілді. Қысқа мерзімді курстарға зейнеткерлер, жұмыссыздар мен студенттер қатыса алады. Сонымен қатар оқу күндерінің саны да өзгерді. Егер осыған дейін оқу екі күн болса, қазір 10 күнге ұзартылды. Курс бұрынғыдай ақысыз. Осы аралықта қатысушылар бизнес-жоспар құрып, ақпараттық ресурстарды қолдануды үйренеді, салық режимдерінің түйткілдері туралы біледі, бизнесті мемлекеттік қолдаудың құралдарымен танысады, маркетинг пен персоналды басқарудың негіздерін кеңірек меңгереді, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының маманы Нұргүл Аханова.

«Бизнес-кеңесші» курсы «Бизнестің жол картасы — 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шаралары» төртінші бағыты шеңберінде жүзеге асырылады. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар беріледі. Былтыр аталған жобаға облыс бойынша 1069 адам қатысқан.

«Бизнес-кеңесші» курсына қатысқыңыз келсе, өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласыңыз: 8(7132)744-615.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button