Экономика

Кәсіпкер нені білуі керек? 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Өнер орталығы ғимаратында кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының директоры Дмитрий Казанцевтің қатысуымен «Салық туралы қарапайым тілмен: 2020 жылғы салықтар» атты конференция өтті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі конференция әдеттегідей ақысыз негізде ұйымдастырылды.

Семинар барысында танымал сарапшы Дмитрий Казанцев салық салудың ең маңызды мәселелері, салық демалысы, бизнесті тексеруге мораторий, еңбек шарттары, тағы басқа мәселелер туралы айтып берді. Ақтөбелік кәсіпкерлерді «Микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий кімдер үшін тиімді?», «Үш жылға салық төлеуден кімдер босатылады?», т.б. сұрақтар ерекше қызықтырды.

— Үш жыл бойы салықтарды кімдер төлемейді? Бірінші санат — патент бойынша жеке кәсіпкерлер. Олар 1 пайыз салық төлеуден босатылады. Яғни болжанған табыстың 1 пайызын енді олар төлемейді, тек зейнетақы, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды төлейді. Екінші санатқа жататындардың саны көп — шамамен 700-800 мың кәсіпкер. Бұл жеңілдетілген режимде жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Аталған азаматтар тек табыс салығын төлеуден босатылып қана қоймай, барлық 3 пайыздық салықтан босатылады. Үшінші санат — тіркелген шегерім. Бұл режим бірнеше жыл бұрын пайда болды, ол жалпы режимге ұқсас, бірақ арнайы режимдерге жатады. Негізгі үш тармақты ғана шегеруге болады: жалақы, қызметтік іссапарлар мен тауарлар сатып алу шығындары. Осы үш шығыннан басқа, сіз тағы да 30 пайызды  құжаттарсыз шегеруге ала аласыз.  Қалған сомадан жеке кәсіпкер 10 пайыз, ал серіктестік 20 пайыз төлейді. Енді бұл төлемдерді төлеудің қажеті жоқ, тек әлеуметтік төлемдерді қамтыса болғаны.  Төртінші санат — ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін арнайы режимді пайдаланатын шаруа қожалықтары мен фермерлер. Бұл төрт санат салық төлемейді, — деді Дмитрий Казанцев.

Спикер бірыңғай жиынтық төлем, үш компонентті интеграцияланған жүйе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, салықтық тексеруге әсер ететін тәуекелдерді басқару жүйесі, салық әмияны, бақылаукассалық машина мен POS-терминалды қолдану жауапкершілігі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, Дмитрий Казанцев кассалық аппарат үшін өтемақы төлеуді қалай дұрыс жүргізу керек, 2020 жылдан бастап шегерімдерді қолдануға қызметкердің өтінішін қалай толтырған жөн, т.б. қатысты ақыл-кеңесімен бөлісті. Өз кезегінде фискалдық чекке қойылған жаңа талаптар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды, оларға кассалық аппараттағы чектің ең көп сомасы, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезіндегі фискалдық чек туралы түсіндірілді. Қытайдан әкелінетін тауарлар туралы өзара ақпарат алмасу, тапсырыстық сәлемдемелерді әкелу жүйесі, көлеңкелі экономикамен күрес жайы да кәсіпкерлерді бейжай қалдырмады.

«Бұл семинар ақтөбелік кәсіпкерлерге салық салу бойынша көп мәлімет береді. Өйткені биылдан бастап осы салада үлкен өзгерістердің енгізілгені белгілі. Салық төлемдері мен тексерулері бойынша жарияланған мораторий де қызық тақырыптардың бірі екеніне дау жоқ. Осының барлығына шара барысында қатысушылардың жауап тапқанына сенімім кәміл», — дейді Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Айта кетейік, басқосуға барлығы мыңнан астам кәсіпкер қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button