Басты жаңалықтар

«Аналар аманаты» тұрақты көрме сату алаңы ашылды

Ақтөбеде үш күн бойы «КӨРПЕ FEST» фестивалі өтіп, 300-ге жуық қыз-келіншек жобаның авторы және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық-ағарту штабының басшысы, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзадақызынан тігін және қолөнер бойынша тегін сабақ алған болатын. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жобаға қолдау білдірді. Нәтижесінде «Анаға тағзым» рухани орталығының ішінен «Аналар аманаты» тұрақты көрме сату алаңы ашылды.

Шараның ашылуында облыс әкімі жиналғандарды құттықтады.

—  Қандай шара болса да ол бір сәт  науқанға айналып, тез ұмытылып кетпеуі тиіс. Ол жалғасып, шын мәнінде көпке пайдасы тиетіндей болуы керек. Ақтөбеде үш күн бойы ұйымдастырылған шара өз нәтижесін берді. Қыз-келіншектердің, аналардың тіккен бұйымдарын көрдім. Сіздердің еңбектеріңіз сұранысқа ие, оған қолдау керек. Сондықтан осы орталықтан арнайы орын бөлдік. Қаладан, ауданнан келген аналар осы жерде бас қосып, дидарласып, тәжірибе алмасып, тіккен бұйымдарын сата алады. Ұлттық қолөнерді насихаттаймын, еңбек етемін деген әйелдерге атқарушы билік қай уақытта да қолдау көрсетеді, — деді Оңдасын Оразалин.

Жоба авторы Ырза Тұрсынзада облыс басшысына алғысын білдірді.

— Осы жобаға қатысқан қыз-келіншектер сіздер жолы болғыш, бағы жанған жансыздар. Олай айтуымның себебі жоқ емес. Мен біраз облысты аралап, осындай шара өткізіп жүрмін. Бірақ айтқан уәдесін бірден орындаған әкім аз. Ал Оңдасын Сейілұлы осы шараны бірден қолдап, уәдені іс жүзінде жүзеге асырды. Егер жасаған, тіккен бұйымың көпшілікке жетіп, ол сұранысқа ие болса, шебер үшін одан артық қуаныш жоқ. Осы ретте халық пен шебердің арасында алтын көпір жалғауға ықпал еткен Оңдасын Сейілұлы сізге алғысым шексіз.

Сондай-ақ қыз-келіншектер осындай мүмкіндік жасаған әкімдеріңіздің үмітін ақтап, өз нәпақаларыңызды өздеріңіз тауып, елге үлгі болуға тырысыңыздар. Сіздердің қолдарыңыздан бәрі келетініне сенемін, — деді Ырза Тұрсынзада.

Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев жаңа бастамаға сәттілік тілеп, батасын берді.

Ұлттық бұйымдарды үйден тігетін  қыз-келіншектер, көпбалалы аналар осы жерге тіккен бұйымын әкеліп, көпке ұсына алады. Олар базар жағалап, сауда орындарын жалға алып жүрмейді, яғни бұл жерде тегін сата алады. Қыз жасауы, құдалық, тағы басқа қазақтың салт-дәстүріне қатысты бұйымдар, көрпе-көпшіктер қажет болса, тұрғындар осы жерден келіп іздеуі керек. Мақсат — ұлттық қолөнерді насихаттау, дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіру, — деді

Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова. Жалпы орталық ашылғаннан бері ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, қазақтың қыз-келіншектері қандай болуы керек, осы мақсатта түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Ал бұл жолғы сату алаңы осы игі істі әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік бермек. Облыс әкімі көрмені аралап, фестивальге қатысқан әйелдердің тіккен бұйымдарын көрді. Ақтөбелік келіншек Ақмаржан Жұмағалиеваның әдемілеп тігілген  құрақ көрпесін 45 мың теңгеге сатып алды. Үш күн бойы тіккен еңбегі бағаланып, өтіп кеткеніне Ақмаржан ерекше қуанды. Жалпы көрмеге келгендер өздері ұнатқан көрпе-көпшіктерді сатып алып жатты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button