Мәдениет

 «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» көрермендерімен қауышты

Бейсенбі күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында көптен күткен жаңа спектакльдің премьерасы өтті. Қазақтың классикасына айналған Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасын Қырғыз Республикасынан келген режиссер Нұрлан Әбдіқадыров сахналады.  Көрермендердің қатарында облыс әкімі Оңдасын Оразалин де болды.

Қазақтың махаббат символы, төл әдебиетіміздегі лиро-эпостық жырдың інжу-маржаны «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Жастық пен махаббат, ерлік һәм өрлік, қысқасы, мәңгілік тақырыптарды арқау еткен туындыны ақтөбелік театр сүйер қауым талай тамашалады. Екі жастың ғашық ғаламатынан бұрын, талас-тартысқа, адам бойындағы ең нашар деген сезімдер — қызғаныш, сатқындыққа тап болуы суреттелген спектакль Ақтөбе театрында 1,5 сағатқа созылды.

Бұл жолғы шешім бөлек. Жырау жыр желісінен үзінді айтып, әрі қарайғы қимылды әртістер өздері жеткізеді. Яғни әр бөлім көрерменге кейіпкерлер  аузымен ұсынылады. Басында біртүрлі көрінгені рас. Диалогтар қысқа, негізінен ым-ишара арқылы көп жайтты түсіндіруге тырысқан спектакльде сахна шымылдығы түрілгенге дейін «Малым қайда?» деумен болатын Қарабайдың шектен тыс пайдакүнемдігі, Қозы мен Баян арасындағы риясыз сезім, Баянға ынтық жігіттердің даңғойлықтары, Қодардың әпербақандығы кейде еріксіз езу тартқызып, кейде мұңайтады. Бәріне жақсатты көрініп, Қарабай мен Қодардың арасына от салып жүретін Жантықтың рөлі де нанымды шықты. Қойылымның екі күн қатарынан аншлагпен өткені де көп жайтты аңғартса керек.

— Биыл қазақ труппасы 29, ал орыс труппасы 55-ші маусымын ашты. Бүгінде ұжымда барлығы 55 актер қызмет етеді. Былтыр екі тілде 7 қойылым көрермен назарына ұсынылса, осы жылға да қойған ой-жоспарымыз көп. Менің ойымша, әр театр жыл сайын әлемдік классика, қазақтың інжу-маржанына айналған туындыны және заманауи, яғни жас драматургтердің спектакльдерін қойып, осы үшеуін қатар алып жүру керек. Біздің репертуар соған сай жасалғалы отыр. Осы қызметке келгелі алдағы 5 жылға стратегиялық жоспарымды әзірлегенімді айта кетейін, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Ақтөбелік театралдар үшін жағымды жаңалық бұл ғана емес. Бірер аптада орыс труппасы Т.Жүженоғлының «Лавина» драмасын сахналағалы отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button