Жаңалықтар

Биыл облыста 100 мемлекеттік қызметші қысқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес биылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту басталады. Президент тапсырмасына орай, Ақтөбе облысы биыл 100 мемлекеттік қызметшіні қысқартуды  жоспарлап отыр.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді. Айтуынша, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту алдымен бос тұрған орындар арқылы жүзеге асырылады.

— Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 4278 мемлекеттік қызметші бар. Ал бос тұрған ваканттық орындар саны — 272. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылға дейін  мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқаруы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміз бойынша биылдан басталады. Біз 2020 жылы Ақтөбе облысы бойынша 100 мемлекеттік қызметшіні қырқартуды жоспарлап отырмыз, — деді Әділбек Мұқашев.

Баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысы 2019 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар туралы да айтып өтті. Әділбек Мұқашевтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде департаментке 40 өтініш келіп түскен. Басым бөлігі — жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты шағымдар.

— Өткен жылы департамент өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету сапасындағы олқылықтарды анықтау үшін 45 тексеру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде аталған салада 178 заңбұзушылық анықталды. Тексеріс кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері мен бизнес рәсімдерін бұзу секілді заңбұзушылықтар жиі кездесті. «Қазақстан Республикасының  Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 465-бабына сәйкес 24 әкімшілік іс қозғалып, 782 750 теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Ә.Мұқашев. 

Ал тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында департамент қызметкерлері өткен жылы 532 іс-шара ұйымдастырып, сексен мыңнан астам облыс тұрғыны цифрлық сауаттылығын арттырған.

Журналистермен кездесу барысында Әділбек Мұқашев Ақтөбеде әдеп нормаларын бұзатын мемлекеттік қызметшілер саны азайғанын да айтып өтті.

— 2019 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 11 отырысы өтіп, онда мемлекеттік қызметшілерге қатысты 26 тәртіптік іс қаралды. Нәтижесінде  21 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, байқап отырғанымыздай, өткен  жылы облыстағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалған әдеп нормаларын бұзушылықтардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 28%-ға, ал  мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың саны 35%-ға азайған. Аталған өзгерістер қоғамның белсенді азаматтық ұстанымына да байланысты. Сондай-ақ осы ретте бұқаралық ақпарат құралдарының  да маңызды рөл атқаратынын айтуымыз керек, —  деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button