Экономика

Үш жақты меморандумға қол қойылды

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен жиында кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындардың 2019 жылға арналған өндірістік бағдарламасы мен ұжымдық шарттарының орындалуы жөнінде сөз қозғалды.

Кеңеске өңірдегі «Ақтөбе мыс компаниясы» , «Коппер Технолоджи» «Восход-Oriel» және «Восход Хром» секілді ірі компаниялардың басшылары, басқарма басшылары және облыстағы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.

Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары кәсіпорын басшыларына өндіріс көлемін одан әрі арттырып, өндіріске жаңа инновацияларды енгізіп, жоғары білікті мамандарды даярлауды, сондай-ақ компания жұмысына негізінен қазақстандық азаматтардың алынуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар  әкім орынбасары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері бойынша да нақты тапсырмалар беріп, әр кәсіпорында жұмысшылардың жалақысын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуы керектігін алға тартты.

Кеңес барысында жұмысшылардың еңбек қатынасын реттеп, олар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі, кәсіподақ бірлестігі мен кәсіпорындар басшылығы арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған  ірі өндіріс орындарының бірі  «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты жылына 2,5 миллион тонна кенді құрайтын екі тау-кен байыту комбинатын қамтиды. Жұмысшылар саны — 1 147 адамды. Ал «Коппер Технолоджи» ЖШС 2006 жылдан бастап «Қазанның 50 жылдығы» және «Приорский» кен орындарында мыс-мырыш кендерін ашық тәсілмен өндіру және өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Кен орнының қоры 46 миллион тоннаға жетеді. Шахтаның өндірістік қуаты жылына 5 миллион тоннаға дейін кенді құрайды.

Аталған кәсіпорын 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

2019 жылы «Ақтөбе мыс компаниясындағы» инвестиция көлемі 3,5 млрд теңгені құраса, «Коппер Технолоджи»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі инвестиция көлемі 1,4 млрд теңгені құрады.

Ал Хромтау ауданында кен өнідіріп жатқан «Восход» кен орнының қоры 19 миллион тоннадан астам кенді құрайды және сапасы бойынша әлемдегі ең жоғары болып табылады. Ондағы хром құрамы — 48,5%.

Аталған кәсіпорында бүгінде 500-ден астам адам қызмет етіп жүр. Өнімді сату сыртқы Ресей, Ұлыбритания және Қытай нарықтарына бағытталған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button