Жаңалықтар

Арнаулы штаб Қобда ауданына барды

Сәрсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада мен жоғарыда аталған агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин қобдалықтармен кездесті. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, негізінен жас мамандар қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген делегация алдымен Қобда ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне ашылған «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының жұмысымен танысты, сондағы жәдігерлерді, батыр қыз пайдаланған бұйымдарды көрді. Артынша музейге өзінің ақ тілегі жазылған қолтаңбасын қалдырды.

Кейіннен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың өкілдері қобдалық мемлекеттік қызметшілермен жүздесті. Мақсат — әртүрлі салада жұмыс істейтін мамандар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, пара беру һәм алу жақсылыққа апармайтынын түсіндіру.

Ырза Тұрсынзада жиналғандарға алдымен штабтың құрылу мақсаты жөнінде ақпарат беріп, өскелең ұрпақты парасатты, адал һәм әділ болуға, қоғам арасында ежелден қалыптасқан құндылықтарды сақтауға шақырды.

— Агенттік игі бастама көтеріп, белсенді қоғам өкілдерінен құралған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб құрды. Бүгін, міне, жұмыс сапарымыз аясында сіздермен кездесіп отырмыз. Шынымды айтсам, ақтөбелік жастарға әрқашан риза боламын. Өте белсенді, алғыр, қағілезсіздер.

«Біреудің ала жібін аттама» деген халқымыз өзгенің жайлауын рұқсатсыз баспай, парасат пен ұятты барлығынан биік қойған. Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Сондықтан бүгін біз айтқан сөзді көкейге түйіп, мәңгілікке есте сақтайды деп үміттенеміз, — деді республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі.

Ал агенттіктің ресми өкілі Арман Бердалин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы алдын алу шараларының маңызына тоқталып, жастарға уақытты дұрыс жоспарлау керектігін айтты. Оның сөзінше, бәсекеге қабілетті маман атану да басты мақсат болуы қажет.

Кездесу соңында қатысушылар мазмұнды әңгімесі үшін агенттік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, сәт сапар тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button