Жаңалықтар

Нəтижелі жұмыспен қамту: 5 оқушы тегін кәсіби даярлықтан өтеді

Ақтөбе қаласындағы стоматологиялық компания есту қабілеті нашар жастарды жұмысқа орналастыруға көмек көрсететін болды.

Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Ақтөбе жоғары медициналық колледжі және «Dental-centrе» ЖШС стоматологиялық клиникасының арасында əлеуметтік әріптестік туралы үшжақты шартқа қол қойылды.

Келісімшарт «Ортопедиялық стоматология» мамандығы бойынша білім алып жатқан колледж оқушыларын дуалды оқытуды ұйымдастыру мақсатында тараптардың өзара ынтымақтастығын және нашар еститін түлектерді компанияға жұмысқа орналастыруға ықпал етуді көздейді.

Мұндай бастаманы жас кәсіпкер Арман Сәкішев ұсынған. Жоба аясында «Dental» цифрлық стоматология зертханасының базасында колледждің 5 оқушысы тегін кәсіби даярлықтан өтеді. Кейіннен үздіктер Ақтөбе мен Атырау қалаларында табысты жұмыс істеп жатқан емханаларға жұмысқа орналастырылмақ.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары оқу орны мен бизнес-құрылым өкілдерінің арасындағы осындай әлеуметтік серіктестік алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

— Бүгінде облыста 13 басым бағыт, 40 мамандық және 49 біліктілік бойынша дуалды оқытуды енгізудің жол картасы жүзеге асырылуда. 267 кәсіпорын дуалды оқытудың «Жол картасына» қатысып, кадрларды бірлесіп даярлау бойынша 1665 студентке әлгіндей жағдай жасалды. Бизнес-субъектілерінің арасында бұған қызығушылық артып келеді. Өйткені оларға да бұл тиімді, жастайынан маманды өздері даярлайды, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айнұр Баймұратова.

Сонымен қатар, «Атамекен» палатасы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нəтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Осы бағдарлама аясында кәсіпорындар жанынан 23 оқу орталығы ашылып, өткен жылы 1342 жұмыссыз адам оқыды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button