Жаңалықтар

Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин 20-дан астам ақтөбелік азаматты қабылдап,  мәселелерін тыңдады. Азаматтардың дені — баспана мәселесімен келгендер.

Ақтөбе қаласының тұрғыны мүгедек бала асырап отырған Алтынгүл  Молжігіт облыс әкімінен баспана мәселесін шешіп беруді сұрады. Тұрғын үй кезегінде 10503-ші болып тұрған Алтынгүлге баспана тек  кезек  бойынша берілетіндігі түсіндірілді. Сондай-ақ, қабылдауға келген көпбалалы аналар Анаргүл Мұхитова, Гүлзия Дабысова   құрылысы аяқталмай тұрған үйіне қажетті материалдармен көмектесуді, жөндеу жұмыстарын  жүргізіп беруді сұрады. Айта кетейік, жоғарыдағы әйелдерге бұған дейін де демеушілердің көмегімен азық-түлік, киім-кешек, қаржылай жәрдем берілген.

Әкім қабылдауына келген «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  Ақтөбе облысы бойынша төрайымы  Зинаида Телеушева  қала ішінде саңырау азаматтардың қауіпсіздігі үшін  ыңғайлы жаяу жүргіншілер тротуарын салу және қоғамдық көліктердің бағыттарын кеңейту жөніндегі ұсынысын білдірді.

Бұған облыс әкімі:

Биыл  қаланың бірнеше аймағына  тротуар салу, жолдарды жөндеу бойынша қала басшылығына  бірқатар тапсырмалар берілген. Қала  территориясының ұлғаюына байланысты қоғамдық көліктердің бағыттарын көбейту бойынша қажетті  шаралар жүргізіліп жатыр, — деп жауап берді.

Онкологиялық сырқатпен ауыратын  балалары бар аналар  науқас бүлдіршіндерін ем алу үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына қайта-қайта баратындығын айтып,  жол ақыларын төлеп беруді, химиялық дәрілермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді талап етті. Аналардың айтуынша,  Ақтөбеде  дәл осындай жағдайды 80-ге жуық ата- ана бастан кешіп отырған көрінеді. Мәселені мұқият тыңдаған аймақ басшысы бұл жағдайды жүйелі түрде шешу қажеттігін айтты.  Ол үшін Nur Otan партиясының Ақтөбе облысы бойынша төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне  арнайы жиын өткізуді, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар қабылдауға келген жалғызбасты ана Ақбота Үмбетова,  мүгедек жолдасының күтімімен отырған Рысбеке Молдабергенова, обыр ауруымен ауыратын Әсел Қаратаева баспаналы болуға қол ұшын созуды сұрады.

Тұрғын үй мәселесімен келген тағы бір қала тұрғыны Николай Смоляков мүгедек баласы барын айтып,  қазір жалдап тұрған пәтеріне төлейтін қаражаты болмай отырғанын жеткізді. Осы ретте қала әкімі Мавр Абдуллин Николай Смоляковтың   ұсынылған жұмыстардан бас тартып отырғанын алға тартты. Облыс басшысы  Оңдасын Оразалин жұмыссыз азаматқа талпынып еңбек ету қажеттігін айтып, қала әкіміне тұрақты жұмыспен қамтуды тапсырды.

Қоғамдық қабылдауға бұдан өзге ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, заң саласында шиеленіскен мәселелерімен  келген тұрғындар басқарма басшыларынан, арнайы мамандардан нақты әрі тұшымды жауаптар алды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button