Басты бет » Жаңалықтар » 35 әйел тігін машинасын тегін алды

35 әйел тігін машинасын тегін алды

Ақтөбеде үш күннен бері өтіп жатқан «Көрпе Fest» фестивалі қорытындыланды. Шара аясында барлығы 300-ге жуық ақтөбелік қыз-келіншек ақысыз тігін өнерін үйренді.

Шараның мақсаты — өз ісін жүргізу үшін көпбалалы және аз қамтылған әйелдерді кәсіпке үйрету, ұлттық қолөнерді дәріптеу. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

— Қазақ ұлтының төл мәдениеті мен өнерін қайта жаңғыртқан бүгінгі іс-шараға өңірімізден 300-ге тарта үй шаруасындағы және көпбалалы аналар мен апа-қарындастар атсалысты. Бұл —  көңіл қуантарлық жетістік, — деген облыс әкімі жоба авторы  Ырза Тұрсынзаданы Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ облыс әкімі фестивальге қатысып, нәтижесінде өз шеберлігін көрсете білген 35 әйелге тігін машинасын сыйға берді. Ал 55 қыз-келіншек  «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің сертификатына ие болды.

Алға ауданынан келген Ләззат Тілеужанова тігін машинасын алып, қуанышын бөлісті.

Екі балам бар. Үйде жұмыссыз отырмын. Қолымнан келгенше көрпе-жастық тігемін. Үш күн бойы осы шараға қатысып, шеберлігімді көрсеттім. Міне, жаңа машинаға ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Енді әрі қарай осы кәсібімді кеңейтпек ойым бар, — деді.

Ал Қандыағаш қаласынан келген Әсемгүл Алғазина құрақ көрпе тігудің қыр-сырын меңгеріпті.

— Бала кезімнен тігін тіккенді ұнатамын. Қазір Қандыағашта үйден тапсырыс қабылдаймын. Көрпе-жастық тігемін. Ұлттық нақыштағы көрпе тігу оңай жұмыс емес. Осы жолы құрақты қалай құрау керектігін үйрендім. Мен үшін шараның пайдасы көп болды. Күш алдым. Ұйымдастырушыларға рақмет, — деді келіншек. Әсемгүлмен бірге келген Дәмеш Сарымсақова да көп нәрсені үйренгенін айтты.

Жалпы  «Көрпе Fest»-ке қатысушылар үш күн ішінде 20 көрпе,120 жастық, 200-ге жуық көлемі шағын көрпе тігіп, көпшілікке көрме ретінде ұсынды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.