Ауыл

Үй бар. Жұмыс бар. Тек көшіп келіңіз!

Амангелдіде мектеп жабылмас үшін тұрғындар көпбалалы отбасыларды ауылға шақырады

Редакциямызға Алға ауданы Амангелді ауылының тұрғындары атынан хат келді. Хат мәтіні мынадай:

«Облысымыздың Алға ауданына қарасты Амангелді ауылында қазір 236 тұрғын бар. Ауыл — егін, бау-бақша, мал шаруашылығына қолайлы. 1974 жылы ауылымызда бастауыш білім беретін мектеп ашылды. 1996 жылдан бастап аталған мектепте 9- сыныпқа дейін оқу бөлімі ашылып, содан негізгі білім беру мекемесіне айналды, алғашқы түлектері үлкен өмірге аяқ басты. Бүгінде Амангелді негізгі мектебіндегі оқушы саны — 32. Тоғызыншы сынып бітіретін түлектер саны — 6. Бұл дегеніңіз — келер оқу жылында оқушы санының азаюына байланысты мектептің жабылу қаупі бар деген сөз. Ауыл мектебінен балаларымызды ғалым етіп шығармасақ та, бүгінде бұл білім ордасын бітірген түлектердің алды белгілі бір ғылымның басы-қасында жүргені бізді қуантады. Біз, ауыл тұрғындары, Амангелді негізгі мектебінің жабылғанын қаламаймыз!

2017 жылы ауылда Алға ауданының құрметті азаматы Самат Қалдығұловтың қаражатымен Мәдениет үйі бой көтерді.  120 орындық  тойхана, сахналық зал, жеке кабинеттермен қатар асханасы да заманауи жабдықталған. Сонымен қатар ауылда заман талабына сай бой көтерген медициналық пункт жұмыс жасайды. Ендігі мақсатымыз — ауылдықтар болып мектептің жабылмауына күш салу. Сондықтан көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды ауылымызға шақырамыз! Олардың ел қатарлы өмір сүруі үшін қолымыздан келген көмегімізді аянып қалмаймыз. Ең бастысы,  мұндай отбасыларды тұрғын үймен қамтуға  кәсіпкер Самат Қалдығұловтың өзі қолдау көрсетпек, тіпті баспананы тегін беруге дайын. Егер баспанаға мұқтаж отбасылар облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы осы хабардан құлағдар болып, ауылымызға көшіп келуге шешім қабылдаса, онда редакция ұжымы бүтін бір ауылдың қайта жанданып, бой көтеруіне үлкен үлес тигізді деп білеміз.

Осы жазған хатымыз сіздерді бейжай қалдырмайды деген үміттеміз. Бұл хат — бір адамның жеке басының жағдайы емес, бүтін ауылдың тағдыры».

                                Амангелді ауылының тұрғындары.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button