Пікір

Бірлік болмаса, ештеңе де болмайды

Хасан САГАЕВ,

«Вайнах» шешен ұлттық-мәдени орталығының төрағасы.

«Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Біздің отбасымыз сонау кезеңдерде Қазақстанға тағдырдың жазуымен көшіп келген болатын. Сол аштық уақытта қазақ халқы бізге соңғы нанын бөліп беріп, бауырына басқан еді. Қайырымы шексіз қазақ халқының арқасында біз сол қиын-қыстау кезден аман өттік, өзіміздің, ұрпағымыздың екінші отанына қазығымызды тігіп, шаңырағымызды көтердік. Сонау саяси репрессия жылдарында тағдырдың айдауымен осы ұлы далаға келіп, Қазақстанды отаным деп қабылдаған қанша халық бар. Сол депортацияланған миллиондаған адам қазақтың көмегі мен қайырымының арқасында ертеңгі күнге деген үмітін өшірмей, үзілгелі тұрған тағдыр жібін жалғады, сонымен бірге жекелеген этнос ретінде сый-құрметке ие болып, көпұлтты Қазақстан қоғамында өзіне лайықты орнын алды. Бұл ақиқат және осы ақиқатты ешкім ұмытпауы тиіс!

Қазақстан — бейбітшілікті, бірлікті сүйетін ел, оның бұл қасиеті ежелден бар. Қазақстан — біздің ортақ Отанымыз. Осы жерде біздің балаларымыз өмірге келді, немерелеріміз де осы жерде туып, өсіп, білім алып, Отан үшін еңбек етіп жатыр. Бүгінде біздің мемлекетіміз қарқынды даму үстінде,  сондықтан, оның одан әрі гүлденуі үшін осы жерде өмір сүріп жатқан этностар арасында бірлік, береке болуы керек.

Жамбыл облысында болған  оқиға ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Қордай ауданында болған жанжалды мен өте ауыр қабылдадым. Қанша адам өлді, қаншасы жарақат алды. Бір жерде, бір ауылда бейбіт өмір сүріп жатқан қанша адам бұзақылықтың құрбаны болды, адамдардың ешнәрсенің байыбына бармай, ұлт бірлігіне сызат түсіргені дұрыс болмады.

Біз бәріміз бір халықпыз, арамызда ала да бар, құла да бар. Ұрыс-керіс болмай тұрмайды, дегенмен, оның соңын жаппай тәртіпсіздікке ұластырып, кінәсіз адамдарға жапа шектіруге болмайды. Ата-бабамыз бізді осындай болсын деп тәрбиелеген жоқ.

Құрметті отандастар, біз өз ұрпағымыздың қамсыз болашағы үшін оларға достық пен береке, бірлікті үлгі етуіміз керек. Бірлік болмаса, ештеңе де болмайды. Біздің Отанымыз — Қазақстан ертеңгі күні ұрпағымызбен мақтансын десек, осыны естен шығармауымыз қажет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button