Пікір

Тәртіп бар жерде — әділдік, әділдік бар жерде жеңіс бар

Келдібай ЕСМАҒАНБЕТОВ,

«Бейбітшілік пен келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:

 — Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты жасаған Мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім — біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сон­дықтан біз кейбір азамат­тарға, соның ішінде арандату­шы­ларға еліміздің басты құнды­лығын — ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз», — деді. Біздің де басты тілегіміз осы — еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы.

Бұл оқиға төңірегінде алыпқашпа сөз көп. Оның қайсысы шындық, қайсысы жымысқы пиғылмен айтылған сөз екеніне алыста отырып көз жеткізу қиын. Қазіргі күні Қордай ауда­нындағы оқиғалардың салдарын жою бойынша Үкіметтік комиссия, ведомствоаралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болады, оған дейін қауесет сөздерге ермеген дұрыс. Бұл қайғылы оқиғаға кінәлі адамдар нақты анықталып, әділ жазасын алады деп үміттенемін. Ең бастысы, бәрі заң аясында шешілсе дейміз. Заң, тәртіп мәселесін ешқашан босаңсытпау керек, өйткені  тәртіп бар жерде — әділдік, әділдік бар жерде жеңіс болады.

Қазіргі күні Қордайда жағдай тұрақтанды. Қазақ халқы — бәрін парасатпен шешетін, сабырлы, кеңпейіл халық. Сол ниетіне қарай, алдағы уақытта болашағы жарқын болатына сенемін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button