Жаңалықтар

 «Бостандығыңды бағала!»

Акция!

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, «Ақтөбе  — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, кезекті «Өз бостандығыңды бағала!» атты акциясын ұйымдастырды.

Мұндай шара өткен жылы еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбе облысынан бастау алған болатын. Мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты КА/168/2 мекемесінде болып, жазасын өтеушілердің өмірімен танысады.

Басты мақсатымыз — спорт, білім, медицина саласындағы мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлықты болдырмау және алдын алу. Түрмеге түскендердің жайын көрсете отырып, бас бостандығынан айырылудың қаншалықты қиын екендігін сезіндіру. Мұндай шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның алдында денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысқан болатын. Әр сала бойынша жыл бойы жалғасады, — дейді «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз хатшысы Зульфия Набиулина.

Жуырда облыстық, қалалық спорт мектептерінің 30-дан аса басшылары КА/168/2 орташа қауіпсіздік мекемесіне барды. Темір тордың ар жағындағы сотталушылардың тұрмысымен танысып, жатақхана, тәрбие беру кабинеттері, спорттық алаңдары, кітапхана, асхана тағы басқа орындарын аралады.

Ақтөбе облысы бойынша аталған мекемеде 400-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Одан басқа 2100 адам соттың шешімімен бас бостандығынан айыру емес жазаға кесіліп, пробация есебінде тұр.  Сотталғандардың 71 пайызы еңбекке жарамды, яғни жұмыспен қамтылған. Жалақыларының бір бөлігін отбасыларына жіберіп тұрады. Күнделікті керек-жарағын түрме ішіндегі дүкеннен ала алады. Түрме ішіндегі тәртіп қатаң бақылауда. Барлық бөлмелер бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

Біздің жұмысымыз сотталғандарды қамауда ұстап, жазалау емес. Оларды оқшауламай қоғамдық өмірге бейімдеуге тырысамыз. Бостандыққа тезірек шығу мүмкіндіктерін ұсынамыз. Пробация қызметкерлерімен бірлесіп, қайта қылмыс жасамау үшін әлеуметтік-құқықтық көмектер беріледі. Олардың мамандық алуына несие алып кәсібін ашуға құқығы бар. Сотталғандар мекеме аумағындағы  Ақтөбе көпсалалы колледжінде оқып, түрлі мамандықты игереді, — дейді КА/168/2 мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Ербол Жайшылықов. Оның айтуынша сотталғандар арасында спортқа бейім жастар көп. Түрмеішілік жарыстар, спартакиадалар өткізіліп тұрады. Кездесу барысында түрме басшылығы спорт алаңына газон төсеу, тренажер бөлмелерін жасақтау, теннис үстелін жандандыру үшін қаражаттың қолбайлау болып отырғанын айтты. Сотталғандардың спортпен шұғылдануы үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге көмек керектігін жеткізді. Түрмедегі жағдайды көздерімен көріп, барлық нысандарын аралаған спорт мектебінің басшылары спорт алаңын жасақтауға барынша демеушілік көрсетіп, көмектесуге уәде берді.

Сотталғандардың ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша 1 ғана адам бар. Ал, мемлекеттік қызметшілер мен спорт саласының қызметкерлерінен сотталып, түрмеде отырғандар жоқ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button