Басты бет » Жаңалықтар » Жиырма бес жылдың жемісі

Жиырма бес жылдың жемісі

Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл

Биыл Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасырда мәслихаттар талай даму жолынан өтіп, аймақтардың тұрақты дамуы мен тұрғындардың жағдайын жақсартуда өңірдегі нақты мәселелерді шешетін алаңға айналды. 

Бүгінге дейін облыс мәслихатын өңіріміздің әлеуметтік-экономикасының дамуына, қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысатын депутаттар басқарды. Осы орайда облыстық мәслихат хатшыларын атап өткім келеді.

1994 жылдың 31 наурызында облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымының алғаш сессиясы өткізіліп, депутаттар Балихан Жоламановты хатшы етіп сайлады.

1999 жылдың 10 қазанында екінші шақырылымның сессиясында Бахытгүл Айымқұлова хатшы болса, 2003 жылдың қыркүйек айында облыстық мәслихаттың үшінші шақырылымының хатшылығына Қасымжан Байсадақов сайланды. Кейін оның басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнына 2004 жылғы қыркүйекте Амангелді Есіркепов келді.  Ал 2009 жылы 5 қарашада облыстық мәслихаттың төртінші шақырылымының хатшылығына Балғали Ордабаев сайланды.

Аталған хатшылардың әрқайсысының облыстың өркендеуіне қосқан үлесі мол. Олардың білімі мен тәжірибелері еліміздің қалыптасу жолындағы қиын кезеңдерде жүйелі жұмыстың ұйымдастырылуына жаңа бағыт-бағдар берді.

2012 жылдың қаңтар айынан бастап депутаттар облыстық мәслихатты басқаруды маған ұсынып, үлкен сенім артты.

Жалпы 25 жыл ішінде депутаттық мандатқа облыс, қала және аудан бойынша 1267 депутат ие болып, осы уақыт аралығында 2882 мәслихат сессиясы, 10 мыңнан астам тұрақты комиссия отырысы өткізілді.

Осы уақыт ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына бірқатар депутаттар үлкен үлес қосып, абыройлы еңбек етті. Атап айтсақ, олардың қатарында Қуандық Әлішев, Келдібай Еспағамбетов, Бағлан Баймағамбетов, Мария Тұяқова, Бөгежан Аманбаев, Аманғос Төлеуов, Қуаныш Елубаев, Есімхан Құрманғазин, Хабиби Сарқұлова, Төлеп Ілиясов, Лаура Жазықова, Ертай Қарабасов, Мирон Төкешов, Нұрмұхан Өтепов, Ақансері Ермағамбет, Сағынадин Салықбаев, Аманжол Өтегенов, т.б. мәслихат ардагерлері бар.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысының депутаттық корпусы 204 депутаттан тұрады, оның құрамында тәжірибесі мол зиялы тұлғалар мен белсенді, жігерлі жастар бар. Мәслихатта бес партияның өкілі бар, атап айтсақ, «Ақжол», «Ауыл», «Қазақстан коммунистік халық партиясы», «Бірлік» және негізгі саяси күш – «Нұр Отан» партиясы.

Көп ұлтты депутаттар қатарының 54,6%-ы бизнес және коммерциялық құрылымдардың өкілдері болса, 36%-ы — әлеуметтік саладан, 21%-ы әйелдерден құралған, олардың орташа жасы – 51.

Бүгінгі күні мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің тиімді динамикасын  қамтамасыз етуде. Сессиялар мен тұрақты комиссиялар отырысында көтерілетін мәселелерге жасалған талдау барлық деңгейдегі мәслихаттың ең басты мәселесі —аумақтық бағдарламалардың дамуын және бюджетті бекіту, шығыс қаражаттарын бақылау, басқарма басшыларының есебін тыңдау, т.б.

Соңғы он жыл ішінде біздің облысымыздың жергілікті бюджеті үш есеге өсті. Мәселен, 2009 жылы бюджет 103,7 млрд теңге болса, биылғы бюджет 308 млрд теңгеге жетті.

Қаражатты тиімді жоспарлау мен пайдалану және оны бақылау — бүгінгі күнгі ең негізгі мәселе. Осы орайда бюджетті бөлу мен бюджет процесінің ашықтығын арттыруға депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері белсенді қатысады. Бюджетті қарау барысында депутаттар әкімдерге кейбір бағдарлама әкімшісінің жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізеді.

Бүгінгі таңда негізгі реформалар өңірлерді дамытуға бағытталған. Ауылдарды қолдау,  жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі бағдарламалар қабылдануда. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс бойынша бүгінде 187 перспективалық ауылдық елді мекен айқындалды.

Қазіргі уақытта ауылдарды өмір сапасының өңірлік стандарттар жүйесіне кезең-кезеңмен жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жолдарды, инженерлік желілер, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің әлеуметтік нысандарын салуға және жөндеуге 5 жылға 200 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып, үш жылда сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Облыс тұрғындарының 95%-ы сумен, 90%-ы газбен қамтамасыз етілген.

Бүгінде мәслихаттардың нақты ықпал ету тетігі бар. Атап айтқанда, ауылдық деңгейдегі әкімдердің 90%-ын аудандық мәслихаттардың депутаттары сайлайды, жергілікті атқарушы органның жұмысын адал атқармаған жағдайда мәслихат депутаттары әкімдерден тиісті түсініктеме талап етуге құқылы. Сондай-ақ депутаттар сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін қарайды.

Бүгінде облыста «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 266 жоба іске асырылуда, 3000 адам бизнес негіздеріне оқытылды, оның ішінде 650 адам гранттар мен кредиттер алды. Экономиканың өсуі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыссыздықты 4,8 пайыз деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді, 19 мың жұмыс орны құрылды. «Бизнестің жол картасы», «ҚР индустриалды-инновациялық дамуы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары — бұл депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінің үнемі бақылауындағы бағдарламалар және олардың орындалуы үнемі бақылауда болады.

Ақтөбе облысы — республикадағы жетекші өңірлердің бірі. Соған қарамастан халықтың,  сайлаушылардың тарапынан шешілетін әр түрлі сұрақтар мен мәселелер бар.

Осы орайда біз «Ашық мәслихаттар» форматында халықпен кездесулер мен қабылдаулар өткізіп отырамыз. Мәселен, 2019 жылы депутаттар өз сайлаушыларымен 356 кездесу өткізіп, жеке қабылдаулар кезінде 2542 адам қабылдады.

Сайлаушылардың депутаттарға деген өтініштерін талдай келе, қазіргі таңда тұрғын үй, азық-түлік пен коммуналдық қызметтер бағасының өсуі, медицина саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, соның ішінде лайықты төлемі бар жұмыс орнына орналасуға ықпал ету мәселелері тұрғындар үшін ең өзекті мәселелер болып отыр. Сонымен қатар, біз, депутаттар өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындарға материалдық көмек көрсетуге қатысты барлық мәселелердің оң шешімін табуына да ықпал етеміз. Мысал келтіретін болсақ, тек облыстық мәслихаттың депутаттары қайырымдылық және демеушілік шараларға жеке қаражаттары есебінен  237 млн теңге қаржы бөлген.

Қорыта айтсақ, осы жиырма бес жыл ішінде барлық деңгейдегі және барлық шақырылымның депутаттары атап өтуге лайық. Тіпті, олардың өмірбаяндары мен депутаттық қызметтері бойынша нақты аумақтарды қадағалап, облыс тарихын жазуға болады. Сондай-ақ облыс депутаттары ширек ғасырда көптеген маңызды шешімдер қабылдап, соның арқасында өңіріміз өсіп-өркендеп, Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан облыстардың қатарына енді.

Алдағы уақытта осындай қуатты әлеуетке ие болып отырған облысымыз әрі қарай нық дамып, өнеркәсіпте, сандық экономикада, әлеуметтік өмірдің барлық салаларында жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз. Алда әлі де атқарылатын жұмыс көп.

Тұңғыш Президентіміз, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың:

«Біздің өзіміз, біздің ойлау мәнеріміз бен дүниетанымымыз өзгерді. Біз біреудің ерекше сыбырынсыз-ақ тек төл еңбегіміз ғана әл-ауқат көзіне айналатынын, ал мемлекет соған заңды жағдай жасауға тиіс екендігін түсіндік», — деген болатын.

Сондықтан алдағы уақытта мәслихат депутаттары өкілді және атқарушы органдармен күш-жігерін біріктіру арқылы облыстағы әр тұрғынның жағдайын және өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қызмет ететін болады. Біз электоралды циклдың алыс емес екенін түсінеміз. Саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдер бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарды қалыптастыру — партияны ғана емес, сондай-ақ партиялық алаңда бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді. Осы орайда біз алға қойған мақсат-міндеттерге жету жолында аянбай еңбек етуіміз керек.

Биылғы жыл — көптеген мерейтойлар мен қоғамдық-саяси шараларға толы жыл. Атап айтар болсақ, биылғы жылы елімізде Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы тойланады. Облысымызда осы мерейтойларға арналған шаралардың жоғары деңгейде өтуіне біз, мәслихат депутаттары, өз үлесімізді қосамыз.

Сөз соңында мен барлық әріптестерімді жиырма бес жылдық мерейтойымызбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің мәртебесі артып, облысымыз өркендеп, дами берсін!