Басты жаңалықтарДенсаулық

Сақтандыру жарнасы: 10 сауал

Сақтандыру жарнасы ұсталғаннан бері тұрғындар арасында сұрақ көп. Осы ретте «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалы директоры Гүлмира Қожаниязовадан көптің көкейінде жүрген сауалдардың жауабын алдық.

—  Зейнеткер жұмыс жасайтын болса, жарна ұстала ма?

—  Зейнеткерлер  міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан босатылған азаматтардың қатарына, яғни 15 санатқа кіреді. Олар емді кепілді медициналық тегін көмек аясында алады. Жұмыс жасайтын болса да жарна ұсталмайды.

— Ауырып терапевт дәрігерге қаралдым. Ішкі-құрылысымды УДЗ аппаратына түсіру керектігін айтты. Бірақ емханадағы аппарат істен шыққан екен, ал оны күту үшін бір ай уақыт керек. Бұндай жағдайда не істеймін? Жалпы УЗД аппаратына түсу тегін бе?  

— Егер ол емханада УДЗ аппараты болмаса,  келісімшартқа отырған клиникасы болуы керек. Терапевт дәрігер сол клиникаға жолдама беруі тиіс.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеп отырған пациент сол жерде  УДЗ аппаратына тегін түседі.

— МӘМС жүйесіне енген азаматтарға не істеу керек?

— Ең алдымен, тұрғылықты жер бойынша ыңғайлы емханаға тіркелу керек. Сонда  қажетті медициналық көмек алып, учаскелік дәрігерді үйге шақыра алады.

Тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуден бас тартқан жағдайда, медициналық қызметті  алу үшін қала аумағындағы өзге медициналық мекемеге тіркелу керек. Алайда бұл жағдайда  шақыртуыңызға учаскелік дәрігердің келмейтініне келісім беру қажет болады.

Емханада немесе онлайн режимде egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы да тіркелуге болады. Емханаға тіркеуге жүгінген кезде өтініш жазасыз және жеке басты куәландыратын құжат болуы міндет.

Қай санатқа жататыныңызды анықтау қажет: жеңілдігі бар санат, жұмысшы, жеке кәсіпкер немесе белсенді емес халықтың өкілі. Сақтандыру төлемдерінің тәртібі мен мөлшері осыған байланысты беріледі.

—  Стоматологиялық қызметтер МӘМС пакетіне кіре ме?

— МӘМС жүйесінде тегін стоматологиялық қызметтер халықтың жекелеген санаттарына ғана көрсетіледі.  Жоспарлы стоматологиялық көмек — 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге. Шұғыл стоматологиялық көмек — 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге, ҰОС қатысушыларына, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, «Алтын алқасы», «Күміс алқасы» бар аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, әлеуметтік мәні бар аурулармен немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға.

— Екпелер сақтандыру бойынша көрсетілетін медициналық көмекке кіре ме?

— Профилактикалық екпелер елдің барлық азаматтарына арналған мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтердің базалық пакетіне кіреді.

  МӘМС аясында ЭКО қызметін алуға бола ма?

— Иә, бұл процедура МӘМС шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер пакетіне кіреді. Сондықтан процедураны бекітілген тәртіпте көрсетілімдер бойынша өтуге болады.

— Жеке зертхананың қызметіне жүгінген кезде қор жасалған анализдердің шығындарын төлей ме?

— Қор зертханалық қызметтерге тікелей төлем жасамайды. Бірақ егер сіз қормен келісімшарт жасасқан емхананың жолдауы бойынша зертханаға жүгінсеңіз, қызмет ақысыз болады. МӘМС жүйесінде дәрігердің жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық ем көрсетіледі.

— Тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген емханаға, оның ішінде жекеменшік медициналық мекемеден МӘМС аясында тегін көмек алуға бола ма?

— Шұғыл жағдайлар кезінде кез келген медициналық ұйымдарға тіркеусіз немесе жолдамасыз баруға болады. МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер Қазақстанның барлық аумағында, аумақтық тиістілігі мен меншік нысанына қарамастан ұсынылады.

Тіркелген емханаңызда сізге қажетті маман жоқ болса, онда өзіңіз қалаған жекеменшік клиникаға баруыңызға болады. Алайда терапевт дәрігеріңіздің жолдамасы болмаса, жекеменшік емханалар сізді МӘМС аясында қабылдаудан бас тартады. Бұл ретте негізгі шарт — медициналық ұйымның медициналық сақтандыру қорымен жасалған келісімшарты болуы тиіс.

— Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасамаған жекеменшік емхана дәрігері тағайындаған дәрі-дәрмектердің құнын қор өтей ала ма?

— Әлеуметтік сақтандыру қорының жекеменшік емхана дәрігері тағайындаған препараттардың құны, сол емхана мен қор арасында келісім жасалған жағдайда ғана өтеледі. Мемлекет қазіргі кезде халыққа ұсынылатын тегін дәрілік заттардың тізімін анықтады. МӘМС пакеті шеңберінде осы тізбе сақталып қана қоймайды, сондай-ақ оның түрлері кеңейтіледі.

— Сұрақтар, ұсыныстар мен шағымдарды қайда жолдауға болады?

— 1406 — медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығы.

1414 — бірыңғай байланыс орталығы.

fms.kz — халықтық бақылау бөлімі.

— Төлемдер мен жарналарды аудару үшін қажет реквизиттер қандай?

— KZ92009MEDS368609103;

БСН 160440007161

БСК GCVPKZ2A

Жұмыс беруші үшін төлем мақсатының коды (ТМК) —  121

Жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер үшін ТМК —  122.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button