Басты жаңалықтарӘлеумет

«Gold». Қылмыстық іс қозғалды. Ақша қайда?

10 ақпанда Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі «Gold»  ЖШС-ның Ақтөбедегі екі өкілі, Ресей Федерациясының азаматтарына қатысты ҚР ҚК 217-бабымен, «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы  құру және басқару» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір «Gold» ЖШС-ның Ақтөбедегі екі менеджері, Ресей азаматтары екі айға абақтыға қамалып, тергеу басталды. 8 ақпанда компанияның 12-шағын аудандағы кеңсесіне тінту жүргізіліп, компьютерлік техника, ноутбук, салымшылармен келісімшарт қағаздары, сейфтегі қаржы  тәркіленді.

Дәл осы күні компания кеңсесіне бірқатар салымшылар жиналып, полиция тұтқындаған менеджер Павел Николаевич дегенді босатуды талап етті. Олар өздерінің 29 қаңтарда «Gold»-тың 12-шағын аудандағы «Халва» сауда орталығындағы кеңсесіне салымға ақша тапсырғандарын, осы шарт бойынша төлемдерді 13 ақпанда алатындықтарын айтты. Осы жерде жиналғандардың айтуынша, кейбірі желтоқсанның басында салған төлемдерінің пайызын 13 қаңтарда алып үлгеріпті.

— Жұрттың  төлем алып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Желтоқсанда  ақша салғандар қаңтардың басында алды. Енді қаңтарда салғандар ақпанда алуы керек еді. Кеңседе  Айгүл, Динара есімді кассирлер  бізбен шарт жасасып, ақшамызды қолма-қол қабылдап алды, — дейді «Gold»-тың кеңсесінің алдына жиналғандардың ішіндегі Нұрсәуле есімді қыз. Бұл жердегілер 555 адамның қолы қойылған өтінішпен менеджер Павел Николаевичтің қамаудан босатылуын талап етті. Олар бір ай бұрын 300 мың теңгеден бастап, 500 мың теңге, тіпті 4 миллион теңгеге дейін салғандарын айтады.

10 ақпанда ішкі істер департаменті бастығының  орынбасары, полиция полковнигі Самат Аисов брифинг өткізді. Дәл осы уақытта  облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының кіреберісінде  бірсыпыра жұрт «Gold» менеджерлерінің үстінен арыз беріп жатса, 20-дан астам адам «Gold»-қа салынған қаржыларының қайтарылу  кепілдігі үшін тағы да Павел Николаевич деген қамаудағы азаматтың босатылуын талап етті.

Брифингте  мәлім болғаны, «Gold» ЖШС бас кеңсесі Алматы қаласында  тіркелген. Шартта ЖШС құрылтайшысы Черняев деген Ресей Федерациясының азаматы екені көрсетілген. Осы серіктестіктің  екі менеджері  биылғы желтоқсанның бас кезінде Ақтөбеде  жұмысын бастаған. Аз уақыт ішінде еліміздің алты облысының  орталығында  өкілдіктерін ашыпты. Самат Аисовтың айтуынша, кеңсеге қолма-қол ақша әкеліп берген тұрғындар шарт жасасқанда келісімшартқа  мүлде  назар аудармаған. Өйткені салымшыларға жұрттың қаржысы Канададағы  алтын өндіретін компанияға инвестиция түрінде құйылып, алтын саудасынан түскен пайда салымшыларға беріледі деп сендірген. Ал жергілікті полиция «Gold» кеңсесінен тәркілеген келісімшарттарда «қымбат зергерлік бұйымдарды сату бойынша  кеңес береді, зергерлік бұйымдарға сервистік қызмет көрсетеді  және оларды бағалайды» деп қана жазылған. Канададағы алтын инвестициясы туралы ештеңе жазылмаған.

— «Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шартында көрсетілген құрылтайшысы Черняев деген азамат Қазақстанда жоқ. Қазір біз Ресей Федерациясына ресми түрде осындай азамат бар ма деген сұрау жібердік. Шартта жұрттан ақша қабылдаған түбіртектердегі Черняевтің қолы қойылған жерде факстің көшірмесі бар да, Ақтөбеде өкілдіктің басқарушылары болған екі азаматтың қолы жоқ. Біздің адамдар шартты зерттемеген, кімнің қолы қойылғанына назар аудармаған. Тіпті кеңсені тінту кезінде де, тұрғындар полиция тінту жүргізіп жатқанын көріп тұрса да, үлкен соманы  өз қолдарымен кеңсеге әкеліп жатты, — дейді С.Аисов.

Аз уақыт ішінде жоғары пайыздық төлем ғана қызықтырған салымшылар кеңсеге қолма-қол ақшаларын әкеліп, кассир қыздар дайын шартпен қабылдап алған. «Gold» шарты бойынша ең төменгі  салым мөлшері – 300 мың теңге. Мерзімі 3-4 ай.

Жарнамалық буклетінде ай сайын салым сомасының 50-60 пайызын алып отырған салымшының 4 айдан кейін барлық қаржысын екі есе қайтарып алатыны жазылған. Бір сөзбен айтқанда, 300 мың теңгені «Gold»-қа берсеңіз, 3 айдан кейін оны 600 мың теңге етіп қайтарып аласыз. Тағы бір шарты — өзің ғана тіркеліп қоймай, артыңнан 3 салымшыны ертіп келуің керек. Кәдімгі пирамиданың жобасы осы жерде анық байқалады. Кассирлер ресми түрде жұмысқа қабылданбаған. Күндіз жиналған ақша  сейфке салынып, кешкілік  «Gold»-тың екі ресейлік менеджері  өз кілттерімен сейфтерді ашып, қаржыны алып кетіп отырған. Бұл екеуі Ақтөбеде қонақүйде тұрған және бір пәтерді жалға алған. Тұтқындалған екі азамат тұрып жатқан пәтер мен қонақүйдің бөлмесіне полиция тінту жүргізгенде, ешбір айғақ, ешбір қаржы табылмады.

Осылайша күшті жарнама мен  салымның жоғары пайыздық мөлшері көпшілікті  пирамида құрығына бірден түсірген. Қазір Бас Прокуратура бақылауына алған осы іс бойынша  алты облыстың ішкі істер департаменті қаржылық пирамида құру бойынша бір мезгілде алты қылмыстық іс қозғады.
— Оперативті шаралар жүргізбес бұрын біз БАҚ арқылы азаматтарға күмәнді қаржы ұйымдарына қаржы салудан абай болуға ескерттік.  Мұнымен бірге азаматтарды әлеуметік желілер мен  Whatsapp желісі арқылы келіп жатқан хабарламалардан сақ болуға шақырдық, — дейді полиция департаменті  бастығының орынбасары  Самат Аисов. — Қазір көп адамдар ұйымның қызметін бас кезінде неге тоқтатпадыңыздар деп сұрайды. Оның қызметін тоқтату үшін біз тексеру шараларын жүргізуіміз керек. Ұлттық Банкке, салық органдарына қаржылық қызметпен айналысуына құқы бар екендігіне сұрау салып, еліміздің ешбір банктерінде  Ресей азаматтарының жеке есепшоттары мен компанияның есепшоты болмағанын анықтадық. Бухгалтерлік есеп жүргізілмеген, компанияның басшылары кешкілік  сейфте жиналған қолма-қол ақшаларды алып кетіп отырған».

Егер 10 мыңнан астам салымшының әрқайсысы ең төменгі 300 мың теңгеден салып отырғанның өзінде, ақтөбеліктер алаяқтар қолына бірнеше миллиард теңге сомасындағы қаржыны өз қолдарымен әкеліп тастаған. Ендігі мәселе —салымдардың қайтарылу кепілдігі. Тінту кезінде компания кеңсесіндегі сейфтерден тәркіленген ақша тергеу ісіне тіркелген. Қанша қаржы сейфтен алынғанын полиция тергеу ісінің құпиялылығына сүйеніп айтқан жоқ. Сейфтегі  қаржы соңғы салған салымшылардың қаржысы болуы мүмкін.

— Біз тінту кезінде алынған ақшалар айғақ зат ретінде танылып, қылмыстық іске тіркелді. Олар қолма-қол ақшамен жұмыс істеген, ешқандай есепшотқа қаржы аударылмаған. Компания кеңсесіне тінту жүргізгенде, компьютерлерін алдық,  сейфтерінен алынған ақша да  заттай айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді.  Ноутбуктарында салымшылардың аты-жөндері, кімнің қанша қаржы салғаны — бәрі жазулы тұр.  Қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтарды осы мәлімет бойынша  жеке-жеке шақыртып, жауап аламыз, — дейді облыстық ішкі істер департаментінің орынбасары Самат Аисов.

Қымбат зергерлік бұйымдарды бағалайтын компания ретінде Алматыда тіркелген «Gold» ресми түрде ломбард қызметімен де байланысты. Осы компанияның бірден құрықтауға шағын және орта бизнесті тексеруге 3 жылға дейін мораторий жариялануы да  кедергі болғанға ұқсайды. Әрі жұртшылықтан арыз түспесе, тексеруші органдар бақылай алмайды. Оның үстіне, серіктестік еліміздің бір қаласында тіркелсе, басқа қалаларда кедергісіз жұмыс істей береді. Міне, заңдағы олқылықтарды пайдаланған алаяқтар адамдар санасына әсер ету арқылы тиімді пайдаланған. «Gold»-тың қалада тамырлас бөлімшелері бар ма деген үлкен сұрақ та туып тұр. Өйткені алданған адамдар «Gold» кассирлері ақшаны әр жерде қабылдады деп айтып отыр.

Соңғы мәлімет бойынша пирамидадан зардап шеккен ақтөбеліктердің саны 10-15 мыңның шамасында. Алаяқтарға алданған жұрттың жоғалтқан қаржысы да әртүрлі. 300 мың теңгені банктерден несие түрінде алып, «Gold»-қа салғандар да, тіпті көлік, пәтерлерін де пайыз алу үшін кепілдікке салып жібергендер бар. Байқауымызша, қаржы пирамидасының шаруасы аз уақытта бітпейтін түрі бар. Өйткені алданған адамдардың  қатары көбейіп барады.

                                                                             Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button