Жаңалықтар

Журналист —  тіл жанашыры

Облысқа белгілі журналист, тіл жанашыры, облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің ардагері Жанғабыл Қабақбаев газет-журналға бала кезден құмартқанын айтады. Бесінші сыныпта оқып жүргенінде-ақ республикалық  «Қазақстан пионері», Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетіне мектеп хабарларын, ауыл жаңалықтарын жазып тұрғаны оның журналистика әлеміне жасаған алғашқы қадамы болса керек.

— Біздің ұжымшардың бухгалтері Лайық Жайылғанов деген кісі облыстық, республикалық газет-журналдарға көп жазылатын, оны өзі оқиды да, тәуір мақалалар шықса, соны маған оқуға міндеттейтін. Одан бөлек ауылдық кеңестің хатшысы Майқан Боқтыбаев ағай үнемі мені кеңседегі жұмыстарға жұмсайтын: ауылдық кеңестің депутаттарын сайлау бюллетеньдерін жазамыз, жинаймыз, реттейміз. Әйтеуір, қағаз-қаламның айналасында жүрдім. Ол кезде әкем ауылдық кеңестің төрағасы болды, хатшыға мені тапсырып қоятын шығар, әйтеуір кеңсе жұмыстарын істеп жүретін едім. Міне, қағаз бен қаламға, жазуға құмарлығымды оятқан ең алдымен осы екі кісі дер едім, — деп бастады әңгімесін Жанғабыл аға.

Ж.Қабақбаев бала кезде өзі оқыған ауылындағы мектеп директоры Қойшыбай Әбдіразақов, Қорғантұз орта мектебінің директоры Қапар Сүлейменов сынды ағайларының есімін ерекше айтты. Осы кісілердің тапсырмасымен мектепте қабырға газетін шығарып, жазуға төселе бастаған жылдарын сағынышпен еске алады:

— Мектеп бітірген кезде әкем маған: «Қызылорданың педагогикалық институтында Нұрәділ Дәріқұлов деген ініміз бар, сол інімізге сені апарып тапсырып, оқуға түсіремін, педагог боласың», — деді.  Мен қипақтап, журналист болғым келетінін айттым. Ол кезде С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  журналистика факультетіне екі жыл еңбек өтілімен ғана қабылдайтын еді. Содан әкем Шалқар аудандық газетінің редакторы Тауман Төрехановқа жолығып, мені жұмысқа орналастыру туралы тілегін айтты. Алайда, газетте штат болмағандықтан, Тауман Төреханов бізді Шалқардың баспаханасында газет шығарып жатқан сол кездегі Мұғаджар аудандық газетінің редакторы Үбайдолла Жауылбаевпен жолықтырды. Сол уақытта Мұғаджар аудандық газеті жаңадан шығып жатыр екен, мені корректор етіп жұмысқа алатын болды. 1966 жылы 8 шілдеде мектеп бітіру туралы аттестатымды алдым да, 14 шілде күні Ембіге келіп, жұмысқа кірістім. Ембіде алдымен Жәнәпия Тағанов, кейін Қашқынбай Байқатов деген кісілердің үйінде жатып, корректорлық жұмысымды бастадым. Міне, бұл менің журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолым еді, — дейді Ж.Қабақбаев.

Екі жылдай еңбек еткен Ж.Қабақбаев С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, Шалқарға көшеді. Әкесінің қалауымен келіншек алып, ата-ананы бағу үшін Ембідегі жұмысын тастап келеді. Ауылда жүріп «Аққолқа» мұнай барлау экспедициясының жүк түсіру базасында жүк түсіруші, аудандық байланыс торабы жанындағы «Союзпечать» агенттігінің филиалында нұсқаушы болып еңбек етті. 1969 жылы Шалқар аудандық газетінде әдеби қызметкер болып орналасып, осы жерде табан аудармай 12 жыл жұмыс істеп, журналистиканың отына күйіп, суына түсті, шеберлігін шыңдады.

1981 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы Нұрқайыр Телеуов Жанғабыл Қабақбаевты Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандарындағы меншікті тілшісі етіп жұмысқа қабылдайды. оның журналистикадағы алтын жылдары осы болса керек.

— Кеңсе Шалқар қаласында болды, маған арнайы кабинет берілді. «Журналисті аяғы асырайды» деген сөз бар, жер-жерді аралап, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, талай мәселелерді көтердік. Сол кездегі кеңестік идеология аясындағы тақырыптардан аса шыға алмасақ та, алыс ауылдардағы ағайынның дауысын жоғарыға жеткізуге тырыстық. Ол кездері әр үйде, әр ауылда газетті асыға күтетін. Басылымда сын мақала шықса, оған міндетті түрде жауап берілетін. Ол мәселе аудандық партия комитетінің бюросында, аудандық кеңес атқару комитетінің мәжілісінде талқыланып, арнайы шара қабылданатын еді. Сондықтан да, баспасөздің, жалпы журналистің беделі өте жоғары болды, — дейді ол.

1988 жылы облыстық партия комитетінің тапсырмасымен Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактор, 1993 жылы Шалқар ауданы әкімдігі аппаратында тіл жөніндегі бас маман болып еңбек етті. Бірақ біздің кейіпкеріміз бәрібір журналистикадан алыстап кете алмайды: 1996 жылдан бастап облыстық «Ақтөбе» газетінің Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандарындағы меншікті тілшісі, кейін осы газеттің жауапты хатшысы, облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы, облыстық телеарнада жарнама жөніндегі редактор қызметтерін атқарды. Тіл жанашыры ретінде баспаналы һәм көлікті болғанын да бүгінде журналист өз еңбегінің жемісі ретінде еске алады.

Шалқар ауданында тіл жөніндегі бас маман болып еңбек етіп жүрген жылдары сол кездегі Шалқар қаласының әкімі Қанатбай Елеусізовтың қолдауымен қалалық «Қала тынысы» газетін шығарғанын айтады.

— 1989 жылы мен Қарабұтақ аудандық газетінің редакторы болып жұмыс істеп жүрген кезде Комсомол ауданында қазақша газет шығару қажет болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Иманғали Есболатов мені, баспахана директоры Мейірхан Еспағамбетовті, облыстық газет редакторының орынбасары Қуаныш Тектіғұлды, Шалқар аудандық газетінің жауапты хатшысы Ғалымжан Төрехановты шақырып алып, Комсомолдан қазақ тілінде газет шығару керектігін айтты. Ол кезде ауданда тек «Целинная новь» деген орыс тіліндегі газет шығып тұрған-ды. Баспахана директоры бірден ат-тонын ала қашты, «газет басатын аппараттар ескірген, қолымыздан келмейді», —  деді. Мен бірден қазақша газетті шығаратынымызды айттым. Себебі сол кезде қазақ тіліндегі газетті шығару алдымен өзіміз үшін керек болатын, ол ұлттық мүдде үшін қажет еді. Баспаханада күндіз Қарабұтақтың, түнде Комсомолдың газеті басылды, —  деп еске алады ол.

Бүгінде Жанғабыл Қабақбаев «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Республикалық «Ана тілі» газетінің облыстағы өкілі. Әрі журналист, әрі тіл жанашыры ретінде атқарған еңбегі зор. Сол еңбегінің нәтижесі болар, бүгінде ол «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» атанды. Оған қоса «Астана қаласына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерекелік медальдарының, «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

Жалпы журналистика саласына қырық жылға жуық өмірін арнаған Жанғабыл Қабақбаев аудандық, облыстық газеттерде корректорлықтан бастап редакторлыққа дейінгі жолдың бәрін көрді.

— Журналистика менің дүниетанымымды байытты. Адамдарды тануға, жақсы достар, жақсы әріптестер табуға септігін тигізді. Бұл менің тағдыр жазған мамандығым. Әлі есімде, алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде әкем үйге республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Мұса Дінішевті, Шалқар аудандық газетінің бас редакторы Тауман Төрехановты ертіп келді. Солардың қолына су құйып тұрғанымда әкем менің журналист болғым келетінімді айтты: «Өркенің өссін, жаза бер, қолың шығып кетпеу үшін күнде жазуың керек», — деді маған олар. Мен әкемнің, осы журналист ағаларымның сөзін өсиет ретінде қабылдадым, — дейді ол.

Ж.Қабақбаев бүгінде «Жайықтың аруы», «Періштемсің», «Атырау түні», «Қарабұтақ жастарының әні» секілді оннан астам әннің сөзін жазған. Бүгінде «Жайықтың аруын» елімізге белгілі әнші Есет Сәдуақасов орындап жүр.

Оған қоса Ж.Қабақбаев «Қолтаңба» кітабының авторы. Бүгінде баспаханада «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» деген атаумен екінші кітабы дайындалып жатыр. Одан бөлек журналист белгілі азаматтардың өмірі жөніндегі отызға тарта кітаптың құрастырушысы әрі авторы.

Жанғабыл Қабақбаев жетпіс жасына осындай мағыналы естеліктермен жеткенін айтады. Бүгінде оның балалары өмірден өз орнын тапқан азаматтар. Қызы Ақбала облыстық білім басқармасының бас маманы, тағы бір қызы Аққалқа Хромтау аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы, Ақмаралы Ембі қаласында №7 мектептің мұғалімі, ал Ақерке жеке кәсіпкер, ұлы Ғалым «Ақбұлақ» акционерлік қоғамында еңбек етеді.

Жанғабыл Қабақбаевтың бір ерекшелігі — өзіне қолдау көрсеткен адамдардың аттарын ешқашан ұмытпайтындығы. Сұхбат барысында бірнеше адамның аты-жөні айтылды, кейіпкеріміз оның әрқайсысына ерекше құрметпен қарайтынын, әрқайсысына шексіз риза екендігін газет арқылы жеткізгісі келетінін айтты.  Тағы бір ерекшелігі — журналист өзі қадірлейтін адамдардың туған күндерін де есте сақтайды екен. Облыстық, аудандық газеттерде, телеарнада ұдайы «Жанғабыл Қабақбаев құттықтайды» немесе «көңіл айтады» деген секілді хабарламалар жиі шығады. «Өмірде ең бастысы — адамдармен қарым-қатынасың, сондықтан, адамдардың қуаныш, қайғысында қолдау көрсету аса маңызды», —  дейді ол…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button