Пікір

Газ беріліп, жол салынады

Нұрлан ӨСКІНОВ,
еңбек ардагері, қоғамдық кеңес мүшесі.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің есебін онлайн режимде тыңдадым. Былтыр ел игілігі үшін көптеген жұмыстар істелгенін білеміз. Биыл да біраз шаруа атқару жоспарланыпты. Сол игі бастамалардың бірқатары Байғанин ауданында да жүзеге асырылатынын естіп, мәз болып қалдық. Әсіресе, «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жобалар іске асатыны қуантты. Мысалы, аудан орталығы — Қарауылкелдіде Барақ батыр көшесінен Ақтөбе-Атырау трассасына дейінгі автомобиль жолының құрылысы салынады. Сондай-ақ, Қарауылкелдідегі М.Мәметова көшесі де жаңарып, асфальт төселетін болды. Аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі.

Былтыр Бұлақтыкөл және Жаңатаң ауылдарына газ құбыры тартылған-ды. Бұл игі іс биыл да жалғасады екен. Облыс бойынша 2020 жылы 6 елді мекен газдандырылатын болса, соның екеуі біздің ауданның үлесіне тиесілі. Жарлы, Кемерши ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болды.

Халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын түзейтін игі істер жалғаса берсін.

Байғанин ауданы.

ШАЛҚАР КӨЛІ ТАЗАРТЫЛАДЫ

Күні кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің халыққа есеп беру кездесуіне арнайы барып қатыстық. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылған істер кеңінен сараланып, алдағы бағыттар айқындалды. Соның ішінде Шалқар ауданында биылғы жылға жоспарланған бірқатар тың бастамалар айтылды.

Мәселен, биыл әлеуметтік маңызы бар «Ақтөбе-Шалқар» теміржол бағытын субсидиялауға тиісті қаражат бөлінді. Осылайша, Шалқар ауданы тұрғындарының вагондар санын көбейту туралы өтініші қанағаттандырылды.

Бүгінде өзекті мәселелердің бірі — Шалқар көлінің түбін лайдан тазарту. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Үкіметтің қаулы жобасы әзірленіп жатқандығын хабарлады.

Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру өз жалғасын табуда. Аталған жоба бойынша Бозой ауылындағы электр желілерін жаңарту және осы ауылдағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Мұның барлығы — халықтың көңілін көншітетін игілікті істер.

Облыс әкімінің берген есебін, атқарған жұмыстарын қолдаймыз. Алдағы уақытта да жақсы істер жалғасын таба берсін.

Қуанышбай КНЯЗБАЕВ, 

Шалқар аудандық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

ОРТАЛЫҚ СТАДИОН ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есебінде Мәртөк ауданының орталығындағы стадион биыл пайдалануға берілетіні айтылды. Бұл спорт саласының ардагері ретінде маған ерекше әсер етті. Өйткені біздің жастық шағымыз осы стадионда өтті. Бұл жерде бұрын спорттық сайыстар көп өткізілетін. 1960-1970 жылдары салынып, талай спортшының табанының ізі қалған осы стадион соңғы жылдары тозыңқырап тұрды. Былтыр жөндеу жұмыстары басталып,  стадионның қабырғалары тұтас ауыстырылды, жүгіру жолдары, футбол алаңы жаңартылды, теннис корды салынды. Биыл қалған жұмыстары аяқталып, жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Өз басым  Мәртөк ауданында «Спартак» спорт клубын құрып, жас спортшыларды тәрбиелеуге біраз тер төктім. Әлі күнге дейін спорт жанкүйерімін. Үш балам да Мәртөк ауданының атын шығарған спортшылар. Мәртөк ауданы тұрғындарының көптеген спорт түрлерімен айналысуына жаңартылған стадионда ерекше мүмкіндік туады  деп ойлаймын.

                                                                           Сергей ПОЛЕГОНЬКО,

                                                 спорт саласының ардагері, зейнеткер.

                                                    Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button