Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Бұл — бірлескен жұмыстың нәтижесі

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің халықпен есептік кездесуі өтіп, онда өңірдің 2019 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды, ағымдағы жылдың міндеттері айтылды. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов қатысты.

Сондай-ақ кездесуге мемлекеттік және құқық қорғау органдардың басшылары, мәслихаттардың депутаттары, еңбек ардагерлері, жұртшылықтың, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды.

Бір ерекшелігі —  облыс әкімінің өз баяндамасын  бастан-аяқ мемлекеттік тілде жасады.

Облыс әкімінің есеп беру кездесуі жергілікті «Aqtóbe» телеарнасы мен әлеуметтік желілерде тікелей эфирден көрсетілді. Сондай-ақ облыс әкімі есебіне барлық аудан тұрғындары селекторлық режимде қатысты.

Өнеркәсіп — экономика өзегі

«Президент Жолдауында белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша өткен жылы атқарушы органдар қабылдаған барлық шаралар экономиканы одан әрі қарай өсіруге, әл-ауқатты көтеріп, облыс тұрғындарымен үнемі байланыста болуға бағытталған болатын. Облыс елдің дамуына сүбелі үлес қосты, бұған макроэкономикалық көрсеткіштер дәлел. Барлық салада оң динамика байқалады. Бұл жетістік облыс халқының бірлескен әрі ықтиятты жұмысының нәтижесі», — деді облыс әкімі.

Жыл ішінде тау-кен өндіру саласында пайдалы қазбаларды өндірудің өскені байқалады, өнеркәсіп өсімі 5,9% қамтамасыз етілді. Егер оны қаржылай есептесек, 1,9 трлн теңгеге бағаланады. Мыс-мырыш руда өндірісі — 43,5%, алтынды руда — 21,5%, мырыш концентраты — 16,3%, хром рудасы — 4,9%, хром концентраты 2,5%-ға артты.

Еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қолданыстағы өндірістер жаңғыртылу үстінде. Жалпы, соңғы үш жылда облыстағы 85 кәсіпорын 155 млрд теңгеге жаңғыртылды.

Жергілікті атқарушы органдар жұмысының ең басты бағыты инвестиция тарту болып қала береді. Былтыр өңір экономикасына 600 млрд теңге инвестиция тартылып, оның мөлшері бұрынғыдан 7,5% өсті. Тартылған инвестицияның 73%-ы — жеке сектордағы субъектілердің өз қаржысы, 36%-ы — шетелдіктер үлесінде.

Негізгі капитал инвестициясының өсімі 160 млрд теңгеге 25 ірі жобаны жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында Мұғалжар ауданындағы «ҚазГеоРуд» ЖШС тарапынан «Құндызды» мыс-мырыш кенін игеру, «Фатон» ЖШС өндірген ұяшықты автокланды газ бетоны, «АКМЭЗ» ЖШС-ның өсімдік майы мен оның қалдықтарынынан жем өндірісі бар. Осы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде өңірде қосымша 1700 жұмыс орны ашылды.

Биыл облыстың негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемін 740 млрд теңгеге дейін арттыру қажет деп меже белгіленді.

194 млрд теңгеге 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 21 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылып, оның 58% -ы тұрақты, 43 адам Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары аясында қолдау тапты.

Қарғалы ауданында қуаты 48 МВт жел электр станциясының пайдалануға берілуі де өңір экономикасының дамуына елеулі септігін тигізбекші.

Кәсіпкерлікке — қолдау

Соңғы уақыттары жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,6%-ға артып, 59,1 мың бірлікті құрады. Егер олардың атқарған шаруалары ауқымын деректер арқылы сөйлетсек, кәсіпкерлердің жыл ауқымындағы өндірген өнімі көлемі 680 млрд теңге құрайды.

Облыс басшысының айтуынша, бизнесті алдағы уақытта одан әрі дамытудың тиімді шаралары қабылдануда. Кәсіпкерлердің белсенділіктерінің артуы нәтижесінде шағын және орта бизнес саласымен айналысушылар саны 147,1 мың адамға дейін артты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бизнесті қолдаудың әлеуметтік аспектілеріне назар аудара отырып, жаңа нысандарды белсенді түрде енгізуді тапсырды. Бизнестің қарқынды дамуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаудың ықпалы зор. Осы ретте, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2,4 млрд теңге бөлінді. 430 шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдауға ие болып, он жыл ішінде алғаш рет рекордтық көрсеткіштерге қол жетті. Негізінен қолдау өңдеу өнеркәсібіне, көтерме және бөлшек сауда, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау, туризм және білім беру саласында іске асырылатын жобаларға көрсетілді. Жалпы, субсидияланған жобалар саны мен кредиттерге кепілдік беру бойынша өңір алдыңғы қатарда келеді», — деді облыс басшысы.

Былтыр «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру үшін 6,2 млрд теңге бөлінді, құны 6,1 млрд теңге болатын 1133 жоба қолдау тапса, оның ішінде құны 5 млрд теңге көлемінде болатын 90%-дан астам жоба ауылдарда жүзеге асырылды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мақұлданған жобалар саны жағынан облыс республика бойынша көшбасшылардың бестігіне кіреді. Жалпы 8,8 млрд теңгеге 85 жоба мақұлданды.

Облыста бизнес негіздерін оқытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы 6 мыңнан астам адам оқытумен қамтылып, оның ішінде 769-ы несие алды, 457-сі жаңа бизнес идеялары үшін грантқа ие болды.

Әкімшілік кедергілерді жою және іскерлік ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Облыс «Doing Business» рейтингі аясында Дүниежүзілік банктің сарапшылары жүргізген «Қазақстанда бизнесті жүргізу — 2019» рейтингі аясында республика бойынша 3 орынға ие болды.

Биылғы меже — жұмыс жасайтын шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 60 мың бірлікке дейін жеткізу.

 

Басты ресурстардың бірі

— Ауыл шаруашылығы өңірдің табысты дамуының басты ресурстарының бірі болып қала береді, — деп атап көрсетті облыс басшысы. — Мемлекет басшысы тек ішкі нарықта ғана емес, шетелде де талап етілетін органикалық және экологиялық таза өнім шығару міндетін алға қойды. Осы мақсатта былтыр 2020-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Есепті жылы ауыл шаруашылығының өсімі 103,7%-ға жетті. Суармалы жерлер көлемі 21,9-дан 30,2 мың гектарға дейін, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 11,5%-ға, яғни 656 мың гектардан 731,4 мың га-ға дейін өсті.

Цифрландыру элементтерін енгізу арқылы (алаңдарды электронды түрде есепке алу, аэроғарыштық мониторинг жүргізу) мемлекетке көлемі 595,3 мың гектар болатын 291 учаске қайтарылса, оның 26,4 мың гектары — егістік аумағы. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін аумағы 771,5 мың гектар 427 жер телімі берілді, оның 36 мың гектары егістікке арналған.

Жыл ішіндегі жетістіктердің бірі — сиыр еті экспортының көлемі 2 есеге артып, 4,4 мың тоннаны құрауы. Сондай-ақ, төрт түлік мал саны түгелімен көбейе түсті.

Облыс басшысы алдағы жылдар ауқымындағы міндеттер туралы да айтты. Мәселен, 2025 жылға қарай ірі қара мен қой-ешкі қазіргіден үш есеге арттырылмақшы. Яғни, ірі қара қазіргі 464 мыңнан 1,4 миллионға, ал қой-ешкі 1,1 миллионнан 3,4 миллионға жеткізіледі деп жоспарлануда. Облысқа 440 мыңнан астам асылтұқымды ірі қара әкелу, сондай-ақ үш жыл ішінде жаңа кәсіпорындар құру арқылы құс еті бойынша тапшылықты жабу мәселелері шешімін табады делінді.

Егер бүгінде ет Ресейге, Өзбекстан және Иранға экспортталса, болашақта экспорт көлемі мен аймағы айтарлықтай артып, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай және басқа да елдерге жіберілетін болады.

Басқа елдерді айтпағанда, көршілес Ресейдің өзінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға ынталылық бар екенін айтқан облыс басшысы кәсіпкерлердің осы бағытта жұмыс істеуіне болатынын алға тартты.

Осы міндеттерді шешу үшін жем-шөп базасын, суармалы жерлердің көлемін 100 мың гектарға дейін жеделдетіп ұлғайту қажет. Облыс аумағында 32 су қоймасының құрылысы есебінен көптеген түйіндер шешімін таппақшы.

Жиында  ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидиялауға 15,7 млрд теңге бөлінгені айтылды.

Ақтөбеде жалақы неге төмен?

Азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, табыстарын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

«Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй беру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, кредиттік жүктемені төмендету, т.б. мәселелерде басымдық ретінде және мақсатты қолдау көрсетілді. Облыс тұрғындарының айлығы 13,9%-ға өсіп, 156 615 теңгеге жетті. Сонымен қатар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін көтерілді. Ең төменгі жалақы алатын 70 мыңнан астам ақтөбеліктің жалақысы өсті. Облыстағы 1400-ден астам кәсіпорын 32 мың ақтөбеліктің жалақысын орташа есеппен 15%-ға арттырды», — деп атап өтті облыс әкімі.

Осыған қарамастан, өңірдегі жалақы деңгейі республика бойынша жалақының орташа көрсеткішінен 16%-ға төмен және салыстырмалы түрде еліміздің батыс өңіріндегі аймақтар арасында  ең төмені болып отыр.

«Біз 2025 жылға дейін республика бойынша орташа еңбекақы деңгейіне қол жеткізу үшін халық табысының жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледік. Биыл халықтың табысын арттыру жұмыстары жалғасын табатын болады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 30%-ға өсетін болады», — деп атап көрсетілді есепті баяндамада.

Халықты жұмыспен қамту өңірді дамытудың негізгі басым бағыттарының бірі. Былтыр 21 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жеңілдетудің бір көзі — газ желісіне қосу. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 11 газбен жабдықтау жобасы іске асырылуда.

Есеепті мерзімде 2 мың орындық 21 балабақша пайдалануға берілуі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға мүмкіндік берді. Балабақшаға тіркеу және жолдама беру электрондық форматқа ауыстырылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларының тамақтануына 70% жеңілдік төлеу мәселесі шешілді.

Облыста жаңа медициналық мекемелер салынып, жұмыс жасап тұрған емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жоғарылауда.

«Алайда,- деп атап көрсетті облыс басшысы. — Медициналық қызмет көрсету сапасына арыз-шағымдар болып тұрады. Дәрігер кадрларының жетіспеушілігі байқалады, мұның бәрін түзетуіміз керек».

* * *

Облыс әкімінің есебінде басқа да көптеген мәселелер қозғалды. Мәселен, әкімдіктер қызметінің қолжетімділігі мен ашықтығын дамыту ауқымында «OPEN SPACE» кеңістігі қағидатын енгізу бойынша Ақтөбе қаласының Алматы ауданы, сондай-ақ Алға, Шалқар, Мәртөк, Темір аудандары әкімдіктерінде ашық кабинеттер құрылғаны, барлық аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын ашып, азаматтардың сауалдарына жедел жауап беретіні жұртшылық назарына жеткізілді.

Биылғы жылы аталып өтетін мерейтойлық және қоғамдық-саяси іс-шаралардың тәлімдік-тағылымдық жағына ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылды.

«Облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту — атқарушы органдар мен тұрғындар арасында түсіністікпен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ кемшілігіміз де, жауапкершілігіміз де ортақ, осыны ұмытпайық», — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button