Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Облыс тұрғындары көтерген мәселелер

Облыс әкімінің баяндамасы аяқталғаннан кейін жиналғандар залға қойылған микрофондар арқылы өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. 

Есептің сұрақ-жауап бөлімінде Ақтөбе қаласы мен аудандардан саll-орталық және әлеуметтік желі арқылы қойылған сұрақтарға да кезек берілді.

 Раиса Байлиева, самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

  • Бүгінгі күні облыста спорт саласын қаржыландыру, спортшыларды қолдау, спорт ғимараттарын салу жағынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы үш жылда облыс орталығында 70 спорт алаңы салынған. Сондай-ақ баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерден облыс тұрғындарының дені спортпен, әсіресе, бұқаралық жүгірумен айналысатынын жиі оқимыз. Ал шындығында өңірде спорт саласы ақсап тұр. Олай дейтініміз, көптеген спорт мекемелерінде жаттықтырушылардың жоғары білімі жоқ, еңбек өтілі, жеткен жетістіктері аз. Атап айтсақ, қаладағы «Дельфин» бассейнінде медбике жүзуден жаттықтырушы болса, арнайы білімі бар мамандар еден жуып жүр. Ал «Олимп» хоккей клубында өрескел олқылықтар орын алуда. Ата-аналар жаттықтырушылар мен мекеме басшылығының үстінен шағымданып, заңсыз ақша жиналатынын айтып арызданып жатыр. Осы және өзге де мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

Оңдасын Оразалин:

  • Айтқан сын-ұсынысыңыз орынды. Бұл мәселелер мені де толғандырады. Осы мәселеге қатысты мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровқа ата-аналармен және тұрғындармен кездесіп, мәселелерді жан-жақты шешуді тапсырамын.

Гауһар Әбдірашева, Ақтөбе қаласы Қарғалы ауылының тұрғыны:

— Қарғалы қалалық ауруханасы аумағына бағдаршам қашан орнатылады? Ол жермен қарттар, балалар көп жүреді. Мәселен, мені осыған дейін көлік қағып, ауыр жарақат алдым. Осы мәселені қолға алсаңыздар.

Оңдасын Оразалин:

— Мавр Ерғалиұлы, қашан бағдаршам орнатасыздар? Жауап беріңіз!

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин орнынан тұрып жауап берді:

— Бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Аурухана аумағына бағдаршам биыл мамыр айында орнатылады.

Облыс басшысы бұл мәселені жеке өз бақылауына алатынын жеткізді.

Толғанай Әлішева, Ақтөбе қаласына қарасты «Рауан» елді мекенінің тұрғыны:

— Мен жер алу кезегінде 12 жыл тұрып, осыдан үш жыл бұрын «Рауан» елді мекенінен жер телімін алдым. Өкінішке қарай, біздің ауылымызға әлі күнге дейін инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілмеген. «Рауан-1», «Рауан-2» елді мекендерінде тұратын тұрғындар жыл сайын жер салығын төлеп отырмыз. Ендігі мәселе бізге ауызсу, көгілдір отын, жарық және жол керек.

Оңдасын Оразалин:

  • Бұған дейін облыста жер кезегінде тұрған азаматтарға инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілмеген жер телімдері берілген. Біз бұл мәселені біртіндеп шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Мавр Ерғалиұлы, газ тарту жұмыстары қашан басталады? Жауап беріңіз!

Қала әкімі Мавр Абдуллин микрофонға келіп жауап берді:

— «Рауан» елді мекеніне газ құбырын тартуға қаражат бөлініп, қазіргі таңда байқау жариялануда. Биылғы жылдың күзінде «Рауан» ауылына газ жүргізіледі. Ал басқа инженерлік-коммуникациялық желілер бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар тағы да пысықталатын болады.

Саll-орталығына (906-606) түскен сауал:

  • Қазіргі таңда мердігер мекемелер қаладағы қоқысты уақтылы алмайды. Көп қабатты және жеке үйлердің жанындағы тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстары нашар. Осы мәселе бойынша қандай шаралар қолданылуда?

 Оңдасын Оразалин:

— Бүгінгі күні қаламызда қоқыс жинау, қар тазарту жұмыстарына байланысты тұрғындар тарапынан түсіп жатқан сауалдар көп. Бұл жерде бір мәселе бар, ол — қоқыс және қар тазарту жұмыстарын ұйымдастыру дұрыс жолға қойылмаған. Біз бұл мәселеде бұрынғы мердігерлермен бірге жұмыс жасауды қолға алмақпыз. Жалпы қала бойынша бұл бағытта жұмыстар жасалмай жатыр дей алмаймыз. Барлық ауданда қоқыс жиналып, қар тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселеде кемшіліктер түзетіліп, қолданған шаралардан нәтиже шықпаса, қала әкімінен бастап жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарауға тура келеді.

Саll-орталығына (906-606) түскен сауал:

  • Биыл облыстағы республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» автожолын, сондай-ақ Ақтөбе қаласы көше жолдарын жөндеу бойынша қандай жұмыстар атқарылады?

 Оңдасын Оразалин:

  • Биыл «Ақтөбе-Атырау» автожолының Қандыағаштан Атырауға дейінгі жол учаскесі толық ашылады. Жуырда тендер нәтижесі шығып, мердігер анықталады. Одан соң екі мердігер ұйым төрт жолақты жол мен көпірлерді жөндеу бойынша жұмыстар жүргізеді. Наурыз айына дейін аталған жобаға байланысты біз өз ұсынысымызды дайындап жатырмыз. Ал қалаішілік көше жолдарына келсек, бүгінгі күні барлық жолдардың тозығы жеткен, сын көтермейді. Биыл қала әкімдігі бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөліп отыр. Атап айтсақ, бюджет есебінен 7 көшені, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 40 көшені жөндеу жоспарлануда.

Батыс-2 ауданының тұрғындары:

— Бүгінгі күні Батыс-2 ауданына №40, №46 автобустар қатынайды. Аталған қоғамдық көлік жүретін соңғы аялдамада тұрғындарға арнап аялдама салынбаған. Қыс айларында бізге өте қиын. Және №40 автобустың жағдайы сын көтермейді, автобус саны өте аз.

Оңдасын Оразалин:

— Қазіргі таңда қала әкімдігі қоғамдық көлік мәселесін жан-жақты қолға алып жатыр. Алдағы уақытта жолаушылар тасымалы үшін қосымша автобустар алынады. Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін аялдамаларды салу мәселесі толық шешіледі.

Р.S. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің есеп беру кездесуінің бірнеше сағаты тұрғындардың сауалына жауап беруге арналды. Дегенмен кездесуде облыс басшысына тұрғындардан көп сауал түсті. Олар Саll-орталығы және әлеуметтік желілер арқылы да жолданып жатты.

Өңір басшысы қорытынды сөзінде бүгінгі күні облыс, қала тіршілігіне қатысты сын-ұсыныстар әлеуметтік желі арқылы көп түсетінін, алайда мұндай пікірлердің көпшілігі он екі мүшесі сау азаматтар тарапынан жиі айтылатынын жеткізді. Оңдасын Оразалин арбаға таңылған жандардың жасап жатқан тіршілігін, олардың әлеуметтік мәселелерге атсалысып, қосқан үлестерін көпшілікке үлгі етті. Жиналған жұртшылықты еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, қай істе болсын, жауапкершілікке шақырған өңір басшысы облыстың абыройы барша ақтөбеліктерге ортақ екенін, сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдар жауапсыз қалмайтынын қадап айтты.

Есеп беру кездесуінен кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қабылдады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button