Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Сананы өзгертпейінше ешқандай экономикалық қайта құру мүмкін емес

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин есепті кездесуінен кейін  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.

Журналистер сауалына жауап бермес бұрын аймақ басшысы мынаған тоқталды:

Жыл басында барлық деңгейдегі әкімдер, атқарушы органдардың басшылары халық алдында есеп береді. Бұл науқан  міндетті түрде ашық әрі жария өтуі керек.  Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, есеп беру жиналыстарында ешкімге ешуақытта шектеу қойылған жоқ. Мұндай жиындарға кім-кімнің де қатысуына жағдай жасалды, есік ашық болды. Олар қандай мәселе болмасын, қандай сауал қоямын десе де шектеу болған жоқ.  Аудан орталықтарында өткен есепті кездесулерге өзім қатысқанда да бір де бір сұрақ жауапсыз қалмады. Ал енді соның бәрін жария ету, халыққа жеткізу, дұрыс түсіндіру, олардың ой-пікірімен бөлісу  — ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Мұндай жиындарға тұрғындардың басым көпшілігі жердің шалғайлығына, ауа райының қолайсыздығына, болмаса жағдайға байланысты келе алмайды, — деді.

Бұл орайда облыс әкімі есепті кездесуінде тұрғындардан түскен сауалдардың өзектілігіне тоқталды. «Біз халыққа қызмет етуге міндеттіміз. Кездесуде  тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың бәрі — өте өзекті. Осындай өзекті мәселелер айтылған жиындар шаршатпайды, қайта бізге дем береді. Себебі біз үшін  алдағы уақытта осындай айтылған проблемаларды басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізудің нәтижесі мол. Тұрғындардан көптеген сауалдар түсті, оның ішінде әлеуметтік желі, cаll-орталық арқылы, жазбаша негізде қойылған сұрақтар да бар. Халықтан түскен сауалдарға сараптама жасалады. Көтерілген мәселелерді оңтайлы шешу жолдары қарастырылады, барлық сауалға жауап беріледі, ақпараттандырылады. Бұл — халықтың талабы», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінің биылғы ерекшеліктері:

Біріншіден, баяндама тек мемлекеттік тілде жасалды. Инфографикамен «әдіптелген» орысша нұсқасы экран арқылы көрсетіліп тұрды.

Екіншіден, әдетте жиналған жұртшылықтың біразы сауалдарын қойғасын, жүргізуші қалған сұрақтардың жауабы жазбаша берілетінін айтып, тоқтататын. Бұл жолы облыс әкімі жиын тіпті 5 сағатқа созылса  да, тік тұрып тыңдауға әзір екендігін айтты. Сондықтан да сағат 11-де басталған жиын 15.20-ға дейін созылды.

Үшіншіден, Оңдасын Сейілұлы есептен соң бірден журналистермен жүздесті. Бұл да — жаңа формат.

Төртіншіден, облыс әкімі журналистермен кездесуден кейін тағы 8 адамды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Бәрін есептегенде, есеп 5,5 сағатқа созылды. 

Бұған дейін «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватына лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің «заңсыз кіргені» турасында ақпараттың тарағаны белгілі. Осы жағдайға қатысты журналист сауалына облыс әкімі былайша жауап берді:

— Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысты. Өкінішке қарай, ол аумаққа заңсыз кіру, оның үстіне мемлекеттік қорғауға алынған жануарларға зиян келтіру ісі бізді алаңдатып отыр. Жалпы резерваттың жағдайы бақылауға алынуға тиісті. Бұл құрылым тікелей министрлікке қарайтын болғандықтан, біз осы іске жауапты комитеттегілермен келіссөз жүргізіп, бір жағынан материалдық базаны нығайту, екіншіден сол жерде кадр мәселесін шешуді қолға алуға қатысты талап қойып отырмыз. Комитет тарапынан қолдау бар. «Ырғыз-Торғай» табиғи резерваты — бұл бізге берілген табиғи байлық әрі болашаққа мұра ретінде қалатын дүние. Сондықтан мұндай құндылықтарымызды сақтап қалу — біздің басты міндетіміз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Биыл республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып трансформация жобасы қолға алынды. Аталған жобаны «CSI» стратегиялық бастамалар орталығының қолдауымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүргізіп жатыр. Бұған дейін «CSI» командасы Ақтөбеде мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкерлер, дәрігерлер, ұстаздар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен стратегиялық сессия да өткізген болатын. Кездесуде журналистер облыс әкімінен аталған жобаның маңыздылығы турасында сұрады.

Бұл, әсіресе, халықтың әл-ауқатын, инфрақұрылымды жақсартудың экономикалық перспективаларын шешуге қатысты жоба. Біз әлі бастапқы сатыдамыз, яғни трансформация жобасын дайындадық, талдау жасадық және әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Осыған сүйене отырып, олар проблемаларды анықтап, мәселеге көзқарасты өзгертуге көмектесетін, содан кейін қоғамдық

пікірдің көшбасшысына айналатын мамандарды шақырды. Бүгінгі таңда сананы өзгертпейінше ешқандай экономикалық қайта құру мүмкін емес. Өкінішке қарай, бізде мұндай стероеотиптер жиі кездеседі, — деді О.Оразалин.

Сонымен қатар облыс әкімі Ақтөбе хоккейінің қазіргі жағдайына байланысты түсінік берді. Оның айтуынша, спорттың бұл түріне ақтөбелік тұрғындардың қызығушылығын тудыру үшін материалдық-техникалық базасы нығайтылыпты.

Біздің футбол жанкүйерлерінің хоккейді де соншалықты қолдағаны қуантады. Сондықтан мұндай дәстүр спорттың барлық түрінде осылай қолдау тапса дейміз. Өкінішке қарай, біз үлкен сенім артқан адамдардың әділетсіз қарым-қатынасының нәтижесінде туындаған проблемалар да бар. Бұл — олардың бізге қалдырған қарыздарына байланысты проблема. Сондықтан біз хоккейді басқарудың барлық процестері ашық болу керек деген ұстанымдамыз. Себебі біз бұл бағытқа бюджеттен қомақты қаржы бөліп отырмыз. Өйткені клубты да, спорттың бұл түрін насихаттауға айрықша көңіл бөлеміз, — деді Оңдасын Оразалин.

Брифингтен кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button