Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Жетістігіміз — біріккен жұмыстың нәтижесі

Облыс әкімдігінде қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма және департамент басшыларының, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдерінің қатысуымен облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттер туралы  баяндады.

«Жиынға алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымыз қатысып отыр. Өйткені өмірлік тәжірибесі, көргені мен түйгені мол ардагерлеріміз құрметті демалыста болса да, қоғамдағы болып жатқан жайттарға бейжай қарамайды. Сондықтан осындай отырысқа олардың қатысуы тектен-тек емес. Біздерге олардың айтар ақылдары мен келелі кеңестері керек», — деп атап өтті облыс басшысы.

Баяндамада халықпен кері байланысты өрістетудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. «Есепті мерзімде аудандарға алпыстан астам жұмыс сапарына шығып, он үш мыңнан астам тұрғынмен кездестім. 245 адам жеке қабылдауымда болды. Бірде-бір ұсыныс-пікір, өтініш ескерусіз қалмайды, барлығына нақты жауап беріледі. Кездесулерде ашықтық принципін ұстанамын, болатын нәрсені болады деп айтамын, болмайтын нәрсені болмайды деймін, сонда халықтың көңілінде алаң қалмайды», — деді Оңдасын Сейілұлы.

Облыста барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде ілгерілеулер бар екені атап көрсетілді. Егер нақты тоқталатын болсақ, өсім деңгейі өнеркәсіпте — 5,9%, ауыл шаруашылығында — 3,7% болып отыр. Инвестиция тарту — 7,5%-ға ұлғайды, құрылыс өсімі — 5,8%.

Сонымен қатар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін өсті. Ең төменгі жалақы алатын 70 мыңнан астам ақтөбеліктің жалақысы көтерілген. Облыс тұрғындарының орташа айлық жалақысы 13,9%-ға өсіп, 156 615 теңгені құрады. «Ақиқатын айтуымыз керек, республика бойынша, оның ішінде батыс облыстар бойынша біздегі орташа жалақы мөлшері әлі де төменгі орында. Жүргізілген нақты жұмыстар нәтижесінде, биылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысшыларының жалақысы 25 пайызға жоғарылады. Енді осындай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз», — деді облыс басшысы.

2019 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 600 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал биылғы жылы негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 740 миллиард теңгеге дейін арттыру мақсаты тұр.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын белсенді енгізуді тапсырды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,6%-ға артты және 59,1 мың бірлікті құрады. Шағын және орта бизнес саласында халықты жұмыспен қамту 9,9%-ға немесе 147,1 мың адамға дейін артты», — деді Оңдасын Оразалин.

Өткен жылы облыстың 350 км-ге жуық жолы жөнделіп, биыл 56 млрд теңгедей сомаға облыстың 636 километр автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 11 газбен жабдықтау жобасы іске асырылуда. Жобаны аяқтау 2020 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде 6 елді мекен газдандырылады. Облыста «Бұқара-Орал» газ құбырына шамадан тыс жүктеме болуына, сондай-ақ Жаңажол газ өндіру зауытынан «Жаңажол-Ақтөбе» магистралды газ желісі тозуына, газға сұраныстың болжамды өсуіне байланысты газ тапшылығы бар. Осыған байланысты қазіргі уақытта әкімдік Үкіметпен бірлесіп «Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласында магистральды газ құбыры-бұру 3 желісінің құрылысы» жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова сайланбалы органның жұмысы туралы баяндап берді.

«Біздің депутаттар корпусында төрт партияның өкілдері бар. Сессия мәжілістерінде, комиссия отырыстарында бюджетті бекіту мәселелері жан-жақты қаралады, күн тәртібіне қойылған тақырыптар талқылаудан өтеді. Депутаттарымыз сондай-ақ өндіріс орындарында, ұжымдарда болып, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдайды, ұсыныс-пікірлерін назарға алып отырады. Мұның барлығы біздің жұмысымыздың нәтижелелігін арттыруға көмектеседі», — деді ол.

Қоғамдық кеңес төрағасы Бағлан Баймағамбетов өзі басқаратын ұйымның атқарып отырған жұмыстарына шараларына тоқталды. Әсіресе, құқықбұзушылықты болдырмау, денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі, коммуналдық проблемалар, бағаның негізсіз көтерілмеуі, міне, осындай жайлар кеңес мүшелерінің тұрақты назарында. Кеңес мүшелері есепті кезең ішінде облысымыздың Шалқар, Алға, Ойыл, Хромтау, Байғанин аудандарында болып, халықпен кездесулер ұйымдастырған.

Жиында кеңес мүшелері облыс әкімінің атқарған жұмыстарын оң бағалап, бірқатар ұсыныс пікірлерін жеткізді. Мәселен, мектеп оқушыларының білім алуында электронды жүйені кеңінен пайдалану, орталық стадионға Қобыланды батыр есімін беруді қайта жаңғырту, ақтөбеліктердің қаржылық сауаттылығын арттыру керектігі айтылды.    Соңғы кездері қаржылық сауатсыздық салдарынан несиелік қарыздарын өтей алмай, көмек сұраушылар саны артқан. Сонымен қатар құрылысы тоқтап тұрған «Астана» саябағының жұмысын жандандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін орындарды ашу қажеттігі айтылды.

Жиында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мал басын көбейту жайы да кеңінен сөз болды. Бұл саланың келешегін кеңейту басты ресурстарды ұлғайтуға жол ашатыны айтылды. Сондықтан да жем-шөп базасын күшейту, суармалы алқаптарды молайту жұмыстары алдағы уақытта жүйелі түрде шешімін табатын болады.

Ақтөбе қаласының ауызсу проблемасын түпкілікті шешу, тазалық, экология мәселелерін тиянақтау, кәріз жүйелерін жөнге келтіру, жол құрылысы мен жөндеу, тағы да басқа түйінді жайларды қалыпқа келтіру туралы кеңінен сөз болды.

Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, облыстық мәслихаттың депутаты Кенжеғали Кенжебаев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Еспағамбетов, «Желдорфармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Құдайберген Бекенов, қоғамдық бірлестік төрағасы Көшкінбай Ахметов және басқалары өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, алда атқарылатын жұмыстар жөнінде ойларын бөлісті.

Облыс басшысы көтерілген мәселелерге толыққанды жауап берді. Оңдасын Сейілұлына атқарылып отырған әрбір жұмысқа қолдау білдіріп отырғандары үшін мәслихат депутаттары мен кеңес мүшелеріне алғыс білдірді. Алдағы уақытта да кез келген мәселені бірлесіп шешеміз деген сенімін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button