Басты жаңалықтар

15 мыңға жуық ақтөбелік қаржы пирамидасынан зардап шекті

Бұл туралы кеше Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов брифингте  баяндады.

Қазір Gold  компаниясының ақтөбелік өкілдігінің басшылары, Ресей Федерациясының екі азаматының үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы  құру және басқару» бойынша, 217-бабымен қылмыстық іс қозғалып, екі ай мерзімге  абақтыға қамалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Самат Аисовтың хабарлауынша, осы компанияның бас өкілдігі Алматы қаласында орналасқан. Оны құрушы — Черняев деген Ресей Федерациясының азаматы. «Бірақ Черняев бұл өмірде бар адам ба, әлде лақап атпен құрылған құрылым ба, ол жағы әзірше белгісіз». Аз уақыт ішінде  осы компания еліміздің 6 қаласында кеңсесін ашып, жұрттан біраз қаржыны жинап алғанға ұқсайды. Қазір еліміздің 6 облысында ішкі істер департаменттері  бірдей тергеуді бастады. Бұл істі ҚР Бас Прокуратурасы бақылауға алды.

Gold  компаниясының  Ақтөбедегі өкілдігі биылғы желтоқсанның басында ашылып, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізу және жұртқа бастапқы салған қаржыға  бір айдың ішінде 50-60 пайыздық үстемеақы беруге уәде еткен. Ең төменгі бастапқы салым мөлшері — 300 мың теңге.

— 18 қаңтарда жұртшылықты қаладағы кейбір қаржы құрылымдарына  ақша салуға абай болуды ескерттік. Күні кеше ғана ұсталған Gold компаниясының  екі басшысын  бостандыққа жіберсе,  жұрттың салған салымдарын қайтарып беруге уәде еткен  әлеуметтік желілер, ватсап мессенджері арқылы келіп жатқан хабарламаларға сенбеуге шақырдық, — дейді Самат Аисов.

Соңғы мәлімет бойынша, пирамидадан зардап шеккен ақтөбеліктердің саны 10-15 мыңның шамасында. Алаяқтарға алданған жұрттың жоғалтқан  қаржысы да әртүрлі. Адамдар Gold компаниясының  кеңсесіне ақшаны қолма-қол түрінде әкелген. Пирамиданы ұйымдастырушылар  жұртшылықты Канададағы бір алтын өндіретін компанияға инвестиция жасадық, алтын бағасымен ақшаны көбейтеміз деп уәде еткен. Алайда бұл құрылымның ешбір банкте  есепшоттары болмаған, әлі ұсталған екі ресейлік азаматтың да  жеке есепшоттары жоқ. Бұлар Ақтөбеде қонақүйде тұрған және бір пәтерді жалға алған.

— Біз тінту кезінде алынған ақшалар айғақ зат ретінде танылып, қылмыстық іске тіркелді. Олар қолма-қол ақшамен жұмыс істеген, ешқандай есепшоттарға  қаржы аударылмаған. Компания кеңсесіне тінту жүргізгенде,  компьютерлерін алдық,  сейфтерінен алынған ақша да  заттай айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді.  Ноутбуктарында салымшылардың аты-жөндері,  кімнің қанша қаржы салғаны бәрі жазулы тұр. Қаржы пирамидасынан  зардап шеккен азаматтарды осы мәлімет бойынша  жеке-жеке шақыртып, жауап аламыз, — дейді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

                                                                             Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button