Жаңалықтар

 «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

«Анаға тағзым» ғимаратында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.

Жиынға қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өз сөзінде қай кезде де отбасының ұйытқысы — жоқтан бар жасайтын әйелдер екенін баса айтты. Ал Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов «Бақытты отбасы»  партиялық жобасының 7 жылдан бері жүзеге асып келе жатқанын тілге тиек етті.

Аталған ғимаратта былтыр Отбасы күнінен бастап отбасын сақтау кабинеті жұмыс істеп келді. Осы жерде жас ұрпаққа отбасы құндылығын насихаттап жүрген тәжірибелі, кәсіби медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызымен сөйлескен едік.

  • Былтыр 15 мамырдан бастап желтоқсанға дейін күні-түні осы жерде жұмыс істедік. Айталық, 320 отбасымен сөйлесіп, олар татуласты. Олардың 220-сы бізге №2 және №3 қалалық соттан, 100-і инстаграм арқылы келді. Шамамен әр отбасында үш бала бар деп есептесек, 700-ден астам бала ата-анасының қасында бақытты өмір сүріп жатыр. Жұмысымыз жалғасуда. Ең әуелі салт-дәстүрден айта отырып түсіндіреміз. Отбасылардың 60 пайызы — ата-енемен бірге тұрғысы келмейтіндер. Бізге келгендердің 20 пайызы — тұрмысы тәуір бола тұра ер-азаматпен теңбіз деп есептейтіндер, яғни күйеуіне қызмет етуден бас тартатындар, мысалы, ерте тұрып шай қойып бергісі келмейді. Біздің халық қай кезде де ер- азаматты әйелден бір саты жоғары қояды емес пе?! Біз қазіргі жас отбасыларға ер-азаматтарымыздың ар-намысын таптатпай, беделін жоғары қоюды түсіндіреміз. Ата-енені сыйлау, үлкенді құрметтеуді барынша насихаттаймыз. Қазір қоғамда қатыгездік, жантүршігерлік жағдайлардың көбейіп кету салдарынан адамдар мейірімге, жылылыққа, жылы сөзге мұқтаж. Әсіресе, балалар. Сондықтан да балаңызды, анаңызды, жарыңызды құшақтап қойған артықтық етпейді, керісінше, жаныңызды жадыратады, — дейді ол.

Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бастаған мемлекеттік орган басшылары, депутаттар тұрғындарды қабылдады. Олар енді әр сенбі сайын  аталған орталықта азаматтарды қабылдайтын болады. Сондай-ақ, дүйсенбіден жұмаға дейін кәсіби медиаторлар, заңгерлер, психологтардың көмегіне жүгіне аласыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button