Жаңалықтар

Облыстық сот жылды қорытындылады

Өткен жылы облыстық соттарда  сыбайлас жемқорлыққа қатысты 31 қылмыстық іс қаралып, қылмысқа жол берген 12 адам бас бостандығынан айырылған.  Сыбайлас жемқорлыққа барғандардың көпшілігі — мемлекеттік жауапты қызметтегі азаматтар. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Сәкен Абдолланың 2019 жылғы сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

Журналистермен өткен кездесу барысында облыстық соттың төрағасы

облыстық соттардың сот төрелігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысының нәтижелері туралы және 2019 жылдың 12 айында қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша статистикалық мәліметтерді атап өтті.

Есепті кезеңде облыс соттарымен 2188 адамға қатысты 1945 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 1305 адамға қатысты 1169 іске үкім шығарылып, 24 адам ақталды. Оның 14-і жеке айыптау істері бойынша, ал бас бостандығынан айыруға сотталғандар 23,5%-ды құрады. Өткен жылы 717 тұлғаға қатысты 632 іс өндірістен қысқартылыпты.  Облыс соттарымен келісімдік іс жүргізу өндірісінде 91 адамға қатысты 77 іс қаралып, 67 іс үкім шығарылып, 5 іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Ал қысқартылған тәртіпте 740 іс қаралды, оның ішінде 316 іс үкім шығару арқылы, 391 іс тоқтатылды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыстың тергеу судьялары 2490 өтінішхатты қараған.

Есептік кезеңде облыс соттары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен 24 062 іс аяқталған. Ал  апелляциялық тәртіппен 2 736 іс өз мәресіне жетіпті. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 4 531 іске аз.  Облыстық соттың төрағасы істердің азаюы 2019 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты болып жатқандығын айтты.

2019 жылдың 12 айында облыс соттары 23 017 әкімшілік іс қараған, оның ішінде тараптардың татуласуына байланысты 367 іс аяқталды. Ал Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы өткен жылы 423 әкімшілік іс қараған.

Облыста 95 медиация кеңесі және 46 билер кеңесі жұмыс істейді. Облыстық сот әкімдікпен бірлесіп Nur Otan ғимаратында, Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында, халықтық кеңсе ғимаратында, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында, кәсіподақ ғимаратында медиаторлар кеңселерін ашты.

Баспасөз мәслихатында облыс соттарында іске асырылып жатқан бірқатар пилоттық жобалар жөнінде де мәлімет айтылды. Мәселен, «Смарт сот» жобасы аясында 49 680 іс қаралса, «түнгі соттар» 1242 әкімшілік іс қараған.

Бүгінде Ақтөбе облыстық соттарында  «Отбасылық сот» және «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобалары қолға алынған. Бітімгершілік рәсімдерді қолдану бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2019 жылы 3285 іс татуласуға байланысты тоқтатылды, ал  2018 жылы 2928 іс тоқтатылған болатын.

Сонымен қатар облыстың аудандық соттарында «Соттан тыс татуласу рәсімдері» жобасы сәтті жүзеге асырылуда, олардың көмегімен дауды сотқа дейін реттеу туралы 227 келісім жасалды. Жоба Шалқар мен Мұғалжар ауданында, Мұғалжар ауданының №2 аудандық сотында және Қобда мен  Хромтау аудандарында белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Р.S. А йта кетейік, облыстық соттың төрағасы азаматтардың сот жүйесіне қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аптасына екі рет  сейсенбі және бейсенбі күндері азаматтарды жеке қабылдайды. Есептік кезеңде төраға 323 азаматты қабылдаған.  

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button