Басты жаңалықтарМәдениет

«Көрпе Fest» фестивалі өтті

Ақтөбеде  алғаш рет «Көрпе Fest» фестивалі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында ұйымдастырылған шараға қала мен аудандардан 300-ге жуық қыз-келіншек қатысты. Фестивальдің ашылу салтанатына қала әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Шараның мақсаты —  көпбалалы және аз қамтылған оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдердің кәсіп ашуына бағыт беру, олардың мүмкіндіктерін дамыту, кәсіпке үйрету және ұлттық қолөнерді дәріптеу.  

Үш күн бойы  оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар, тігін ісінің күрделі технологияларын оқыту, әлеуметтік желілерде бизнесті жүргізу бойынша көрмелер мен мастер-кластар өтті. «Аналар Аманаты» жобасы бойынша мотивациялық деректі фильмдер көрсетілді.

«Көрпе Fest» жобасы  2016 жылдан бастап «Алтын Орда» ЖШС және «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс  әкімдіктері қолдады. Көпбалалы аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдерге арналған мастер-кластар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды және өзге  қалаларда өткізілді.

Жобаның авторы және фестивальдің жүргізушісі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық-ағарту штабының басшысы, «Аманат» сыйлығының бас амбассадоры, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы және директоры Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, бұндай шара үйде отырған әйелдердің іс бастап, еңбек етуіне мүмкіндік береді.  Жоба этникалық туризм саласындағы Қазақстанның оң имиджін нығайтуға ықпал етеді.

Қыз-келіншектер фестиваль туралы әлеуметтік желі арқылы біліп, өз еріктерімен келіп жатыр. Жалпы бұған дейін Ақтөбеге келген сапарымда әйелдердің қолөнерге деген қызығушылығын байқағанмын. Сондықтан осындай кең көлемде шара өткізгім келді. Жобаны облыс әкімдігі қолдап, жүзеге асуына ықпал етті. Ұлттың келбетін, болмысын сақтайтын әйелдер десек, олардың қолөнерді меңгеріп, әрі қарай дамытуына жағдай жасауымыз керек. Қыз-келіншектер үш күн бойы алған білімін күнделікті өмірде қолдана алады. Олар түрлі той-томалақтарға бұйымдар тігеді, яғни алған білімі іске аспай қалмайды. Қатысушылардың  қызығушылықтары өте жоғары. Өзіммен бірге келген жеті қыз бар білгендерін үйретіп жатыр. Өзім де шеберлік сабақтарын өткізудемін, — деді Ырза Тұрсынзада.

Фестивальдің соңында қатысушылар өздері тіккен бұйымдарды көпшілікке ұсынды. Жеңімпаздар жоба авторының арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button