Жаңалықтар

Жаһандық цифрландырудағы жаңа медиа

Нұр-Сұлтан қаласында журналистерге арналған «QAZFORUM — 2020» форумы өтті. Осымен 4-рет ұйымдастырылған республикалық деңгейдегі шараға медиа сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, жалпы 200-ден астам маман жиналды.

Қазақ тілінде онлайн контент жасаушыларға басымдық берілген форумда биыл «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» тақырыбы кеңінен талқыланды. Соның ішінде «Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?», «Digital дәуіріндегі біздің медиа», «Youtube платформасындағы әлемдік және жергілікті трендтер», «Youtube платформасында жұмыс жүргізу: өз контентін ілгерілету үшін журналист нені білуі қажет?», т.б. сұрақтар көтерілді. Шараның құрылтайшысы ҚР АҚШ елшілігі болса, ал ұйымдастырушысы — Қазақстан Баспасөз клубы.

Осы орайда форумға серіктес болған «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры туралы айта кеткен абзал. Аталған қор қазақ журналистикасының дамуына ғана емес, жалпы мемлекеттік тілге әр жобасында ерекше маңыз беріп келеді. Соның бірі — мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың үлесін арттыруға һәм танымал етуге арналған www.soyle.kz. тегін ақпараттық порталы. Бұл — қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді зерделеуге бағытталған жоба. «Soyle.kz» зерттеу сөздерді, грамматиканы, оқу және тыңдауды, әртүрлі материалдарды топтастырған сөйлеуді дамыту платформасы. Тәулік бойы қолжетімді, кез келген ыңғайлы уақытта үйрену үшін жасалған аталған мүмкіндік интерактивті тестілер, ситуациялық диалогтар, аудио және видеоматериалдар, әртиптiлiк интерактивті жаттығулардан тұрады. Әр деңгей – 10 дәрістен. Ал әр сабақ 6 бөлімге (лексика, грамматика, аудио, бейне, оқу, жазу және тексеру жұмыс) бөлінген. Бір ғана дерек: былтыр аталған сайтта 117 190 пайдаланушы тіркелген екен. Форумның серіктесі — «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көптеген игілікті жобаларының бірінің қысқаша жай-жапсары, міне, осы.

Мұндағы басты мақсат — қазақтілді онлайн медианы дамыту, сапалы контентті арттыру және интернет желісінің қазақтілді сегментіндегі өзекті мәселелердің шешімін табу.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі форумның ашылуында АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер:

— Қазақта «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген мақал бар. Форум осы көрініске сай: маңызды тенденцияларды ескеруді, жаңа кәсіптік білімнің көкжиектерін зерттеуді, алдағы сынақтар мен мүмкіндіктерге дайын болуды басшылыққа алатынына сенімдімін, — деді.

Ал Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев өз сөзінде жылдан-жылға «QAZFORUM» қатысушыларының саны артып, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белсенділігі ерекше екенін атап өтті. «Серіктестердің қолдауының арқасында біз аймақтық БАҚ-тың мүмкіндігінше көп болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбына қызығушылық, қазақ тіліндегі онлайн-контенттің дамуы және БАҚ өкілдерінің кәсіби өсуіне деген қызығушылық іс-шараның өзектілігі мен аудитория арасында сұранысқа ие екендігін білдіреді», — деп пікір білдірді ол.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, Қазақстанда БАҚ ретінде 540 онлайн-ресурс тіркелген. Осы онлайн-ресурстардың 468-і мемлекеттік тілде ақпарат таратады екен.

Белгілі қазақстандық саясаттанушылар Айдос Сарым, Самат Нұртаза, Tarlan.kz сайтының бас редакторы Нұрғали Нұртай, Nege.kz сайтының бас редакторы Ерік Рахым, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев еліміздегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар «Интернет пен жаһандық цифрландыру ғасырындағы жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-ты алмастыра ма?» деген басты сұраққа да қабілет-қарымынша жауап беруге тырысты.

Форумның екінші сессиясында «Internews Kazakhstan» аймақтық медиа-кеңесшісі Асхат Еркімбай, «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова, «Атамекен бизнес» медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахария, «ULYS» сандық журналының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы бизнес-жоспар құру және медиа-контентті монетизациялау тәжірибелері туралы айтып берді. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарының жетістіктеріне әсер ететін факторларға қатысты өз зерттеулерінің нәтижелерін қоса ұсынды.

— Орталық Азияда теледидар халық үшін негізгі ақпарат көзіне айналып отыр. Қазақстанда әр екінші адам ақпаратты интернеттен алады, яғни 52,8 пайызы қажет ақпаратын интернеттен табады. Ал Тәжікстан мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш сәйкесінше 34,9 пайыз және 25,5 пайыз болып отыр. Бұдан бөлек, қазақстандықтар ақпаратты айналасындағы адамдардан, туған-туысынан және әлеуметтік желілерден біледі. Әсіресе, Қазақстан тұрғындарының 45,5 пайызы әлеуметтік желілерден ақпарат алады. Тәжікстан мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш 15 пайыз шамасында екен. Демек, Қазақстан тұрғындарының ақпараттың кеңістігіне негізінен осы төрт дүние тікелей әсер етеді.

Қазақстан интернет қолданушылары интернетте сауда жасау жүйесіне көшкен. Біздегі аудитория электронды дүниені сатып алуға және сатуға дайын. Соған машықтанған,— деді Асхат Еркімбай.

Ал Youtube платформасындағы әлемдік және жергілікті трендтер туралы «Salem Social Media» бас директоры Александр Аксютиц, «Atameken TV Online» бас редакторы Жанасыл Болатбек, YouTube блогтар академиясының негізін қалаушы Сұңқар Өтеболатов, «Anima Book» арнасының авторы Игорь Краус, «ZTB media» бас директоры Әлішер Базарханов көрген-білгенімен бөлісті. Осы сала бойынша кейіннен қызығушылық білдіргендерге шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Шара аясында форум қатысушыларына «National Geographic Qazaqstan» көшпелі көрмесі таныстырылды. Мұндағы басты ерекшелік — фотокөрмеде Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының ұқсастықтары һәм ерекшеліктері қатар қамтылған екен.

Айта кетейік, бас қаладағы журналистер форумына облыстық «Ақтөбе» газетінен бөлек, жергілікті телеарнада, аудандық басылымда еңбек ететін әріптестеріміз, баспасөз хатшылары қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе—Нұр-Сұлтан—Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button