Жаңалықтар

Биыл тарифтер қымбаттамайды

Брифинг

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста табиғи монополия және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің барлық коммуналдық қызметтері үшін тарифтер төмендетілген болатын. Биыл сол тарифтер бағасы сақталады.

Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғындар үшін коммуналдық қызметтерге тарифтердің өзгеруіне байланысты түсініктемелік жұмыстар жүргізу» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Болатбаев баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша тарифтердің деңгейі біршама төмендеген. Атап айтсақ, жылумен жабдықтау саласында орташа тариф оған дейінгі қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 8,5 %-ға (жеке тұлғалар — 10,7 %-ға, жылыту үшін (1 м2) — 11,7 %-ға, заңды тұлғалар — 4,9 %-ға), сумен жабдықтау саласында орташа тариф 0,97 %-ға (жеке тұлғалар — 6,0%, заңды тұлғалар — 1,9%), су бұру саласында орташа тариф 3,1 %-ға (жеке тұлғалар — 6,4 %, заңды тұлғалар — 0,4%), газбен жабдықтау саласында тариф бағасы жеке тұлғалар үшін 10,2 %-ға, заңды тұлғалар үшін 7 %-ға төмендеген. Сонымен қатар электрмен жабдықтау саласында орташа тариф бағасы 8,3 пайызға арзандаған.

Тарифтердің төмендетілгеніне байланысты коммуналдық қызметтердің тұтынушылары жалпы алғанда 4,1 миллиард теңге үнемдеді. Оның ішінде сумен жабдықтау мен су бұру қызметінде — 113,7 миллион теңге, жылумен жабдықтау саласында — 676 миллион теңге, газбен жабдықтау бойынша — 1,7 миллиард теңге, электр қуатымен жабдықтау қызметінде — 1,6 миллиард теңге.

Жалпы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтер тарифтерінің жоспарлы өсуі күтілген болатын. Алайда департамент Ақтөбе қаласының Алматы ауданы прокуратурасымен, жергілікті атқарушы органдармен, табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп жеке тұлғалар үшін тарифтерді ұстап тұру мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде жоспарлы өсулерден тарифтерді өз бетімен төмендету туралы шешімге қол жеткізіліп, тариф бағасы 2019 жылғы деңгейде қалдырылды, — деді департамент басшысы.

Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, облыста газбен қамтамасыз ету саласында тек тауарлық газды тасымалдау қызметі ғана реттеледі және реттелетін қызметтердің тарифтері өткен жылдың деңгейінде қалады. Бұл тұрғыда департамент 1 жыл қолданылу мерзімімен уақытша өтемдік тарифін енгізген. Сол себепті былтырғы баға сақталады. Ал электрмен жабдықтау тарифтері бойынша биыл ҚР Энергетика министрлігі электр станциялары үшін жаңа тарифтердің бекітілуіне байланысты облыстың соңғы тұтынушылары үшін электр энергиясына тарифтердің өсуі күтіледі. Яғни, жеке тұлғалар үшін тарифтердің күтілетін өсуі орта есеппен 9,80 теңгеге (кВтс) немесе қосылған құн салығын есептегенде 0,47 теңгеге өседі, ал өзге тұтынушылар үшін тариф 20,13 теңгеге (кВтс) көтерілмек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button