Экономика

Мемлекеттік сатып алу: ауытқу неден?

«Қарапайым заттар экономикасы» саласын дамыту және мемлекеттік сатып алу ауқымында жергілікті өнімдер үлесін ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте осы жайлар кеңінен талқыланды.

Жиында мемлекеттік сатып алу саласында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамтуда басымдыққа ұмтылу маңызды екендігі атап көрсетілді. Бұл ретте жергілікті қамтуды мониторингілеу жұмыс тобы белгілі ауқымда шараларды жүзеге асыруда.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағанбетов аталған мәселемен қатар, бюджеттік әкімшілік бағдарламалар үшін КРІ мақсатты индикаторларын тағайындау туралы, сонымен бірге құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті материалдарды сатып алуда жергілікті өнімдерді пайдаланудың кейбір тетіктеріне тоқталды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов әлеуетті жобаларды жүзеге асыру мәртебесі жөнінде хабардар етті.

Талқылау барысында маңызды проблемалардың бірі мемлекеттік сатып алу веб-порталында актіні толтыру кезінде өнім берушілер жергілікті қамту үлесін көрсетпейтіні анықталды, бұл тиісінше өңірдің көрсеткіштері мен рейтингтерінде көрініс табады. Осыған байланысты облыстық тиісті басқармалар мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы өзара бірлесіп, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту мәселелері бойынша жобалық кеңсенің жұмысын іске асыру аумағында мемлекеттік органдардың есептілігіне апта сайын мониторинг жүргізеді.

Пікір алысу барысында жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпкерлердің еңбек, материалдық және уақытша ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында және сатып алу кезінде жеңілдіктерге ие болу үшін кәсіпорындардың индустриялық сертификат алу қажеттігі туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ, бүгінгі күні жеңіл және жиһаз өнеркәсібі тауарларын сатып алуды талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар арасында 10,1 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінен ауытқу деректері анықталды. Бұл жайлар облыстық есту және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат колледжі, облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат ұжымдарына тән болып отыр.

Кеңес қорытындысында барлық бюджеттік әкімшілерге алдағы мемлекеттік сатып алу конкурстарында жіберілген қателіктерге жол бермеу қажеттігі ескертілді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button