Басты бет » Мәдениет » Ұлыларды ұлықтаудың бір сәті

Ұлыларды ұлықтаудың бір сәті

Акция

«Ұлы дала ұлағаты».  Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында осындай атпен Әл-Фарабидің — 1150, Абай Құнанбайұлының — 175, Нұрпейіс Байғаниннің — 160, Ұлы Жеңістің — 75, Әлия Молдағұлованың — 95, Шәмші Қалдаяқовтың — 90 жылдығына орай мерекелік шаралардың бастау алу акциясы өтті.

Концерттік бағдарламада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның және Т.Ахтанов атындағы драма театрының артистері өнер көрсетті. Сондай-ақ, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, халықаралық конкурстардың лауреаты, тенор Айдос Иманжаппаровтар арнайы шақырылды.

Шараның мақсаты — Ұлы даланың ұлы тұлғаларын ұлықтау, құрмет көрсету.

— Шараның ерекшелігін, маңыздылығын әркім өзінің таным-түсінігінің деңгейіне байланысты қабылдайды деп ойлаймын. Дегенмен, біздің мақсат шоу жасау емес,көрермендерге ұлылардың шығармаларын көрсету, жеткізу, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев.

Концерт барысында белгілі актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Болат Әбділманов ұлы Абайдың қарасөздерін нақышына келтіре оқыды. Сондай-ақ, Айдос Иманжаппаров «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқады. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, термеші Әділет Күзенбаев Н.Байғаниннің сөзіне жазылған «Еңбек туралы жыр» әнін орындады. Сонымен қатар шарада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали,     Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрінің солисі Аймұрат Мәжікбаев, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актеры, Кеңес Кемалбаевтар өнер көрсетті.