Жаңалықтар

Тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды

Қоғамдық қабылдау

Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың талап-тілектерін тыңдады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша өткен қоғамдық қабылдауға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова,  облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясының мүшесі Бердібек Шәкірбекұлы, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтова қатысты.

Ай сайын өткізіліп тұратын қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты — облыс тұрғындарын толғандырғандырған сұрақтарға жауап беріп, халықтың арыз-шағымдарын тыңдау, оның шешілуіне ықпал жасау.

Nur Otan партиясының ғимаратында өткен қабылдауға бұл күні оннан астам облыс тұрғыны келді. Дені — баспана мәселесі бойынша келгендер. Араларында материалдық көмек сұрап келгендер де бар.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі  Салтанат Ихсанова  — Ойыл ауданының тұрғыны.  Қоғамдық қабылдау болатынын естіп, облыс орталығына арнайы келген Салтанат баспана мәселесін шешіп беруін сұрады.

— Өзім аудандық статистика басқармасында қызмет етемін. Алатын азын-аулақ жалақымның жартысы пәтерақыға кетеді. Жолдасым бүгінгі күнге дейін жұмыссыздар қатарында болды. Қазір маусымдық жұмыс жасап жүр. Үй сатып алатын мүмкіндігіміз жоқтың қасы. Маған берілетін несиеге баспана келмейді, ал жолдасыма несие берілмейді. Үй кезегінде отыз бесінші болып тұрмын. Бірақ тізім жылжымайды. Екі бала өсіріп отырмыз. Бұған дейін мәселемізді айтып аудан басшылығына да бардық. Еш өзгеріс, қолдау болмаған соң бүгін Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловтың қабылдауына арнайы келдік, — дейді Салтанат.

Оның өтініш-тілегін тыңдаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бірде-бір адамға кезектен тыс пәтер берілмейтіндігін, бірақ бұл мәселені назарда ұстап, алдағы уақытта шешімін табуға тырысатындығын айтты.

— Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмыз. Бірақ қазір кезектен тыс пәтер берілмейді. Дегенмен бұл мәселені облыстық статистика департаменті мен аудан әкімдігіне хабарласып шешуге тырысамыз. Жағдайыңзды айтып, кезегіңіз келгенше, қызметтік пәтер беру жөнінде сөйлесеміз, — деді Ербол Данағұлов.  

Ал қоғамдық қабылдауға келген қоғам жанашырларының бірі, қала тұрғыны Айберген Айтбаев «Нұрдәулет» сауда үйінің маңында тұрған Абай Құнанбаевтың ескерткішін басқа жерге орнатуын сұрап келіпті.

— Мен үй де, жер де сұрап келгенім жоқ. Тек осы күнге дейін көкейімде жүрген бір өтініш-тілегім бар. «Нұрдәулет» сауда үйінің жанында Абайдың ескерткіші қойылған. Бірақ тұрған жері тіпті қолайсыз. Бұл жалғыз менің емес, мен секілді көптеген ақсақалдардың тілегі, — деді Айберген Айтбаев.

Тұрғынның өтінішіне  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтова жауап берді. Ол аталған ескерткіштің  мемлекеттік тізімге алынбағанын және оның жеке азаматтың қаржысына орнатылғанын айта келе, оны алып тастаудың еш қиындығы жоқтығын айтты.

Сондай-ақ  кездесу барысында Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбенің төрінде ұлы ақынға үлкен ескерткіш орнату жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы айтылды. Оған бюджеттен қаражат, ал қала әкімдігі тарапынан жер бөлініп қойылған. Қазір үздік эскизге конкурс жарияланыпты. Үздік жұмысты комиссия бекіткеннен кейін, тамыз-қыркүйек айларында  Абай даңғылы бойынан ескерткіш бой көтермек.

Ал қоғамдық қабылдауға келген Анаргүл Мұхитованың мәселесі бірден өз шешімін тапты. Үлкен ұлы аяғын ауыртып алып, дәрі-дәрмекке ақшасы жетпей қиналғанын айтқан  көпбалалы анаға сол бойы материалдық көмек көрсетілді.

Осыдан бірнеше ай бұрын Nur Otan партиясының облыстық филиалының көмегіне жүгініп, ауызсу мәселесін шешкен едім. Сондай-ақ нұротандық депутаттар балаларыма мектепке қажетті киім-кешектерін алып берді. Енді, міне, бүгін тағы өтінішімді жерге қалдырмады, — деді өз ризашылығын білдірген көпбалалы ана.

Ербол Данағұлов қабылдауға жазылған әрбір ақтөбеліктің сауалдарын мұқият тыңдап, толыққанды жауап берді. Жалғызбасты, көпбалалы аналарға бірден көмек көрсетілді.

Айта кетейік, өткен жылы партияның Ақтөбедегі филиалдарына 3067 адам түрлі мәселелері бойынша көмек сұрап келген. Оның 1068-і оң шешімін тапқан.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button