Жаңалықтар

«Халық заңгері» тегін кеңес берді

Акция

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік ғимаратында «Халық заңгері» атты кең ауқымды акциясын өткізді.

Акция барысында кәсіби заңгерлер мен адвокаттар жеке-жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарға тегін кеңестер берді. Сонымен қатар әр саланың басшылары мен өкілдері, прокуратура, әділет, полиция департаментінің қызметкерлері, сот орындаушылары мен медиаторлар халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді.

Қала тұрғындары әсіресе тұрғын үй, жер қатынастары, т.б әлеуметтік мәселелерге байланысты сұрақтарымен жүгінді.

— Бүгінгі шара еліміздің барлық өңірлерінде, сондай-ақ облыс аудандарында да бір мезгілде ұйымдастырылып жатыр. Мақсат — халыққа көмек беріп, қандай да бір мәселесі болса, шешу жолын қарастыру. Олардың мәселелерін тез арада шешіп беру үшін облыстағы тәжірибелі мамандарды шақырдық. Акция әр ай сайын өткізіледі, — дейді аталған департамент жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және парасаттылық басқармасының басшысы Дархан Мусюров.

Қала тұрғыны Жанар Нұрахметова жер құжаттарын рәсімдеу жұмыстары және үй құрылысына қажетті құрал-жабдықтарды алу бойынша заңгер кеңесін сұрай келген.

— Өз сауалымды тиісті мамандарға қойдым. Маған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жер қатынастары комитетіне жолығып, құжаттар әзірлеу керек екендігін айтты. Сондай-ақ салық мәселелері бойынша сұрақтарыма  жауап алдым, — дейді ол.

Бүгінде түрлі қаржы пирамидалары көбейе бастағаны белгілі. Заң бойынша мұндай ұйымдардың арнайы келісімшарты болуы керек. Бұл тұрғыда заңгерлік кеңес алуға келген тұрғындар да болды.

— Қазір «Ақтөбе ломбард», «Гарант 24 ломбард», «Голд» секілді көптеген қаржылық ұйымдардың жарнамаларын көп естиміз. Ақша өткізіп, жаңа салымшылар әкелсең, тиесілі сомаға ие болатыныңа сендіреді. Осы ұйымдардың жұмысы жөнінде заң тұрғысынан кеңес алғым келді. Заңгерлердің айтуынша, кез келген қаржылық компанияның келісімшарты, сондай-ақ сақтандыру қызметі болуы керек. Сонымен қатар қайда тіркелгендігін білу маңызды. Егер компания туралы толық мәліметтер күмәнді болса, алданып қалудан сақтанған жөн, — дейді қала тұрғыны.

Бұл күні «Халық заңгері» акциясы арқылы облыс бойынша 100-ден аса азамат тегін заңгерлік-құқықтық көмек алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button