Мәдениет

Асыл мұра

Әл-Фараби — 1150

Ғұлама әл-Фарабидің қазақ топырағының перзенті екенін дәлелдеген адам — белгілі ғалым, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Ақжан Машанов еді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен Ақтөбеде өткен «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты музыкалық-танымдық кеш Ақжан Машановтың «әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұламаны зерттеу жолында жүрген шағында көрген түсі сахналанған «Әл-Фараби рухымен тілдесу» атты көріністен басталды.

Кешке, негізінен, Ақтөбедегі оқу орындарында оқып жүрген жастар, 6655-әскери бөлімнің жауынгерлері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері, Орынбордан келген қазақ диаспорасының өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева өзінің сөзінде залдағы жастарға:

— Сіздердің араларыңыздан ғұлама әл-Фараби бабамыздың жолын жалғастыруға ұмтылатын, мақсаты биік, ізденімпаз ғалымдар шығады деп үміттенеміз, — деген тілегін жеткізді.

Ол облыстық ҚХА хатшылығының әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отырғанына тоқталды.

Бұдан соң жиналған көпшілік «Ұлы әл-Фараби» атты деректі фильмді тамашалады. Кеште Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің «Мұрагер» фольклорлық ансамблі, этномәдени бірлестіктер өнерпаздары өнер көрсетті. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов әл-Фарабидің музыкалық аспаптар туралы еңбектері төңірегінде әсерлі әңгімеледі.

Сондай-ақ, көпшілік назарына Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкерлері әзірлеген «Әл-Фараби және оның мұрасы» атты кітап көрмесі ұсынылды.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button