Білім

«Білім мен тәрбие саласында ұсақ-түйек мәселе болмауы тиіс»

Кеше Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясының ғимаратында облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Шарада аталған басқарманың өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, биыл жоспарланған міндеттері сарапқа салынды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты. Сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары, ардагер ұстаздар, білім беру мекемелерінің басшылары жиналды.

Балабақшаларды кім басқарып отыр?

Алқа отырысында төрт мәселе бойынша баяндама тыңдалды. Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева баяндама жасады. Басқарма басшысы биыл білім саласында екі маңызды құжат: «Педагог мәртебесі туралы» Заң мен білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын айтты.

Жиында облыстың бас педагогі білім саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Солардың бірі — әлеуметтік кепілдендірілген көмекті көрсетудегі кейбір  аудан, мектеп басшыларының салғырттығы.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет: мектеп формасы, кеңсе тауарларының жиынтығы, бір мезгіл тегін ыстық тамақ және Ақтөбе қаласында тұратын балаларға қоғамдық көлікте жол жүру жалақысы 50 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылған. Қалалық және аудандық білім бөлімдеріне осы мақсаттағы жұмыстарды жүзеге асыру тапсырылған болатын. Дегенмен әлі күнге дейін аталған мекемелер тарапынан нақты ұсыныс түскен жоқ. Қаражат бөлінді. Қазір Әйтеке би ауданында — бес, Байғанин, Мұғалжар, Шалқар аудандарында — төрт-төрттен, Ойыл ауданында — үш мектеп бейімделген ғимаратта орналастырылғандықтан әрі бөлме жетіспегендіктен ыстық тамақ ұйымдастыруға жағдай жасалмай отыр. Аудандық білім бөлімдері ыстық тамақтың ұйымдастырылмау себебін ауданда аз қамтылған отбасы жоқтығымен түсіндіреді. Әйткенмен, аталған аудандарда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мүлде болмауы мүмкін емес. Аталған мәселені қаржылай шешу заңнамада қарастырылмағандықтан, ыстық тамақты ұйымдастыру мәселесін шешу керек. Өйткені тиісті көмекті ала алмаса, халықтың наразылығы туындайды, — деп Л.Оразбаева құзырлы мекемелердің басшыларына мәселені тез арада шешуді міндеттеді.

Өз сөзінде басқарма басшысы балабақша меңгерушілерін тағайындауда сапалы кадр іріктеу жолға қойылуы тиістігін қадап айтты. Оның айтуынша, біліктілігі, профильдік білімі сәйкес келмейтін мамандар жоқ емес. Мысалы, Байғанин ауданында 15 балабақша бар. Сол 15 балабақшадағы меңгерушілердің бірде- біреуінің мектепке дейінгі білімі жоқ.

Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Темір, Мәртөк, Ойыл аудандарында жаңартылған білім мазмұны мен эксперименттік алаңдар бойынша мүлде жұмыс жүргізілмепті.       Байғанин ауданында жетім балалардың тұрғын үй кезегіне тіркелмеуі, ата-анасының қайтыс болуына байланысты тиісті жәрдемақының тағайындалмауы, тағы да басқа мәселеге қатысты деректер анықталған.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған оқушылардың басым бөлігі Ақтөбе қаласы және Мұғалжар мен Шалқар аудандарында тіркелген.

Қосымша білім беру мекемелерінің, аула клубтарының санын арттыру — білім саласындағы басым міндеттердің бірі. Дегенмен, аудандарда оңтайландыру аясында бюджет қаржысын үнемдеуді желеу етіп, аула клубтарының саны қысқартылып жатыр екен. Мысалы, Алға ауданында үш қосымша білім беру мекемесі оңтайландырылып, біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Қарғалы ауданында бір аула клубы қысқартылып, орнына туризм орталығы ашылған.

Жиында облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева сөз сөйледі. Департамент қызметкерлері өткен жылы 55 білім беру мекемесінде профилактикалық бақылау, 29 білім беру мекемелерінде жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы  бойынша 55 білім беру мекемесінің барлығында да кемшілік, құқықбұзушылықтарға жол берілген. 29 мекемеге әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салыныпты. Биыл алғашқы жартыжылдықта облыстағы 35 білім беру ұйымдарына профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру  жүргізу жоспарланып отыр.

4 мектептің лицензиясы жоқ

Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, біздің облыстағы 4 мектепте (!) әлі күнге дейін лицензия жоқ.

Қазір лицензиясыз жұмыс жасап жатқан төрт мектеп бар. Олар: Ақтөбе қаласындағы №62, №75 мектептер, Байғанин ауданы №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясы және №7 Хромтау мектеп-гимназиясы. Бұл мәселе Үкімет деңгейіне дейін жетіп, көтерілді. Алдағы уақытта жаңа білім беру мекемелерін дайындап алып, ашу қажет, — деді департамент басшысы.

Орта білімді сырттай бағалау — білім сапасының көрсеткіші. Былтыр облыстың 46 мектебінде (6482 оқушы) орта білімді сырттай бағалау бойынша сынақ жүргізілген. Қорытындысында, 2018 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,6 балға төмендеп кеткен. Әсіресе, Алға, Байғанин, Қарғалы, Мұғалжар, Темір, Хромтау, Шалқар аудандарының көрсеткіші төмен болыпты.

Жиында жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағамбетов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық туралы жан-жақты баяндама жасады.

Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың 80 пайыздан астамы — мектеп оқушылары екен. Жасөспірімдер арасында аса ауыр емес, орта және аса ауыр қылмыс саны азайғанымен, ауыр қылмыстардың өсуі көп.

Биыл жасөспірімдер 40 ұрлық, 37 тонау, 7 алаяқтық және 1 бопсалау жасаған.

Күні кеше ғана №35 мектептің оқушысының ұялы телефонын колледж студенті тартып алған. Міне, жаңа ғана маған хабарлама келіп түсті: Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студентін пышақтап кетіпті, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы.

Қылмыс жасағандардың 65 пайызы (80 бала) — толық және қолайлы отбасыларда тәрбиеленетіндер.

—  Алаңдататын тағы бір жағдай, жасөспірімдердің үйлерінен өз еркімен кетіп қалуы. Былтыр облыс аумағында кәмелетке толмағандардың үйлерінен  рұқсатсыз өз еркімен кетіп қалған  63 дерегі тіркелді. Ал биыл, қаңтар айында 5 бала үйлерінен кетіп қалған. Бір ғана баладан басқасы үйлеріне қайтарылды. Тек Темір ауданындағы («ақыл-есі кем» диагнозымен есепте тұрған) бір баланы үйіне қайтару мүмкін болмады. Ол үйінен шығып кетіп сайға құлап, шыға алмай, үсіп қайтыс болды.  Қаңтардың 1-і күні Алға ауданы Қарақұдық ауылының тұрғыны 17 жастағы бала сыныптасының үйінде Жаңа жыл мейрамын тойлап болған соң, таңға жақын мас күйінде үйінен шығып кеткен. Іздестіру шараларының қорытындысында оның денесі екі күннен кейін табылды (ауылдың шетінен), — деді Ардана  Саймағамбетов.

Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков те сөз сөйледі.

32 оқушы өзіне қол жұмсамақ болған

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов түйіндеді.

— Жақында ғана Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысы өтті. Онда Үкімет тарапынан бірқатар тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Бүгін облыс педагогтерінің басын қосып, білім саласындағы мәселелерді талдап жатырмыз.

Біз көбіне өзіміздің құқықтарымызды жақсы білеміз де, жауапкершілік пен міндеттімізді ескере бермейміз. Жиында тәрбие мәселесі көп көтерілді. Бүгінде бала тәрбие мәселесі өзекті де өткір болып отыр. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл бар. Көпшілігіміз өз лауазымымызға сай, өз деңгейімізге сәйкес тәртіп мәселесін реттеумен айналыспай отырмыз. Мәселенің мәнісі осында.

Мектеп директорлары балалар жасаған құқықбұзушылықтарды, қателіктерді кешіре салады. «Ұсақ-түйек мәселе ғой» деп. Бәрі сол ұсақ-түйектен басталатыны анық. Сол ұсақ-түйектің салдары неге душар етіп жатқаны белгілі. Білім  беру мен бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы тиіс. Педагогтердің айтқан «шүкіршілігін»  естіп таңғалумен жүрмін. Педагогтеріміз: «Ой, ең бастысы, бала өлген жоқ қой. Басқасының бір амалы болар» деген мазмұндағы әңгіме айтатын болды. Мұны қалай түсінуге болады? — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ол кейбір аудандарда қосымша білім беру мекемелерінің жабылып қалуын  ақылға сыймайтын әрекет екендігін айтып, мәселені шешуді нықтап тапсырды. Сондай-ақ, ол мектептерге тәжірибеден өтуге барған студенттер өз жоспарларына сай жұмыс жасауы тиістігін, оларды  әр мекемеге бірнәрсені алып келу мен апаруға жұмсауды тоқтату қажеттігін міндеттеді.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде жасөспірімдер құқықбұзушылығы тек полиция қызметкерлерінің ғана атқаруы тиіс шаруа емес екенін қадап айтты. Мектептерде ата-анамен тығыз байланыс жоқ. Бұл ретте  облыстық «Білім-инновация» мектеп-лицейінің тәжірибесінен барлық мектептерді үлгі алуға шақырды.

— Біздің білім беру ұйымдарындағы оқушылардың пышақтасуы мен жол-көлік оқиғалары туралы деректер майданнан келген ақпарлар секілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, әлеуметтік желілерде болсын, Ақтөбедегі келеңсіздіктер «жарқ» ете түседі.

Мектептерде ата-аналардың тізімі ғана бар. Әлеуметтік карта жоқ. Әлеуметтік картаның жүйеленбеуінің кесірінен көп мәселе туындап отыр. Мысалы, суицид, ерте жүктілік мәселелері. Бүгінде өзіне-өзі қол жұмсамақ болған 32 дерек тіркелді. 8 жасөспірім өз өзіне қол салды. 13-16 жастағы қыз балалардың 110-ы жүкті болып қалды. Оның 8-і жүктілікті тоқтатты.  Мұның бәрі мектеп басшыларының өз лауазымдарына сай жұмыс істей алмауынан туындап отыр. Тәрбие мәселесі — тікелей біздің міндетіміз.

Білім саласындағы кейбір көрсеткіштер жөнінен республика бойынша алдыңғы қатардамыз деп айтқанмен, тоқмейілсейтіндей жағдай жоқ, — деп Марат Тоқжанов қала, аудан әкімдерінің орынбасарларына, білім беру мекемелерінің басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button