Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Көкейкесті мәселелер қозғалды

Кеше Батыс-2 ауданындағы Шығармашылық академиясында Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің «Ақтөбе қаласының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттер» туралы есеп беру кездесуі өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық басқармалар мен қалалық бөлім басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдары мен БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Биыл 3200 жұмыс орнын ашатын 76 ірі жоба жүзеге асырылмақ

Есеп беру кездесуін Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова жүргізіп отырды.

Жиында алдымен қала әкімі Мавр Абдуллиннің өткен жылғы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы есебі тыңдалды.

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласына қарасты Алматы, Астана аудандары әкімдерімен бірге 20 есеп беру кездесуін өткізіп, барлық елді мекендерді аралап шықтық. Аталған кездесулерге 2732 адам қатысып, 240 сұрақ қойылды.

Жалпы өткен жылғы есептік кездесулердің қорытындысы бойынша өзекті мәселелер іс-шаралар жоспарына 11 шара енгізіліп, оның бесеуі шешілді, алтауы бүгінде шешілу сатысында. Шешілу сатысындағы Ақшат тұрғын алабына су жүргізу, өзендер арналарын тереңдету және кеңейту, Жаңақоныс-2,3 тұрғын алаптарына инженерлік желілер тарту, қала аумағында ардагерлер аллеясын және «Космос» қонақүй кешенін салу жұмыстары биылғы жылы аяқталатын болады.

Өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігі 41,4 млрд теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалды. Бюджеттік шығыстар бойынша республикалық, облыстық және қалалық бюджеттердегі 79,6 миллиард теңге көлеміндегі аударымдар 99,5 пайыз игерілді.

2019 жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 572,3 миллиард теңгені құрап, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 200,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткішке қаланың 90 негізгі кәсіпорны мен ұйымының инвестициялық салымдары арқылы қол жеткізілді. Сондай-ақ былтыр жалпы құны 25,2 миллиард теңге құрайтын 38 жаңа жоба іске қосылып, 1700 жұмыс орны ашылды, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысы агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес, бүгінде 7 негізгі бағыт бойынша атқарылатын шаралар белгіленіп, жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл өнеркәсіп өнімінің көлемін кемінде 637,6 млрд теңгеге жеткізіп, өсу қарқынын 102,0 пайызға арттыру міндеті тұр. Ол үшін жалпы құны 102,0 млрд теңге болатын жаңа 3200 жұмыс орнын ашатын 76 ірі жобаны жүзеге асыру қажет. Оның ішінде жобалық құны 7,0 млрд теңге болатын «Көктас Ақтөбе» АҚ силикат кірпіш өндіру зауыты, құны 9,2 млрд теңге болатын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның керамикалық бұйымдар өндіру зауыты, құны 1,5 млрд теңге болатын «Kazakhstan Resourses Group» ЖШС-ның темірбетон бұйымдар өндіру зауыты, жобалық құны 2,0 млрд теңге болатын «Техноскаут» ЖШС ірітілмелі пакеттер өндіру зауытының құрылысын аяқтап, іске қосу қажет.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 30,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 6,1 пайызға өсті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 16,1 миллиард теңге  — 108,3, мал шаруашылығы 14,1 миллиард теңге — 103,8 пайызға жетті. Жыл ішінде 5,2 миллиард теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылды. Биылғы жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен жаңа 2876 гектар суармалы жер көлемін іске қосып, жалпы суармалы жер көлемін 47,8 пайызға арттыруымыз қажет. Сонымен қатар жалпы құны 6,5 миллиард теңге болатын 15 жобаны жүзеге асыру қажет, — деді М.Абдуллин.

Өз есебінде қала әкімі шағын және орта бизнес, тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, автомобиль жолдары, жолаушылар тасымалы, қаланы абаттандыру, «Смарт Сити Ақтөбе» жобасы, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қорғау, т.б. салалары бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жылға арналған міндеттерге тоқталып өтті.

Бүгінгі күні халық көп шағымданатын мәселелер — жол сапасы, қоғамдық көлік қатынасы, қаланың тазалығы мен көшелерді жарықтандыру мәселесі. Атап айтсақ, биыл қалада 11 нысан бойынша жолдардың құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын аяқтау, 10 нысан бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 8 нысан бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және 100 көп қабатты үй аулаларына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ кептелісті болдырмау үшін 6 көше айырығын салу жұмысы қолға алынбақ. Ал қала бойынша жолаушылар тасымалына келсек, қазіргі таңда 54 бағыт бойынша күн сайын 317 автобус халыққа қызмет көрсетеді. Алайда толық қызмет көрсету үшін әлі де 80 автобус қажет. Бүгінгі күні автобустардың бірқатары электрондық төлеу жүйесінің төлем терминалдарымен жабдықталуда. Алдағы наурыз айына дейін барлық автобустарға электрондық төлеу жүйесін енгізу жоспарлануда. Жалпы қала бойынша алдағы уақытта қызмет сапасын жақсарту үшін жаңа 100 автобус сатып алу қажет. Сондай-ақ биыл көшелерді жарықтандыру, қала тазалығы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылады, — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Тұрғындар сауалы: ауызсу, көгілдір отын, жол

Қала әкімінің есеп беру баяндамасынан кейін кездесуге келген тұрғындар залға қойылған микрофондар арқылы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін айтты.

Айта кету керек, бүгінде тұрғындардың денін қоғамдық көлік санының аздығы, қызмет көрсету сапасының төмендігі, қаланың тазалығы, көшелерді қардан тазартудағы қызмет сапасы, қоқыстардың уақтылы шығарылмауы, жол сапасы, көшелердің жарықтандырылмауы, балаларды тасымалдайтын автобустардың аздығы, ескілігі, т.б. мәселелер көп толғандырады.

Кездесуге келген тұрғындар қала әкіміне осы және өзге де сауалдарын қойып, көмек сұрады. Мәселен, Бауырластар-3 елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы әке Назарбек Жантөрин әлі күнге дейін ауылына көгілдір отын келмегенін, үйін көмір жағып жылытып отырғанын, сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді. Оның бұл сауалына қала әкімі:

— Қазіргі таңда Бауырластар-3 ауылына газ құбырын тарту мәселесі бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл ауылдарыңызға газ тартуды бастаймыз. Сондай-ақ су құбырын жүргізуге байланысты құжаттар дайындауды қолға алдық, — деді.

Бұдан кейін Сәңкібай батыр даңғылы тұрғындары атынан қала тұрғыны Лариса Муслина ортаға шығып, даңғылда кең жолақты жол салуға байланысты жеңіл және ауыр жүк көліктерінің көбейгенін, бұл тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне кедергі келтіретінін айтып, қала әкімінен алдағы уақытта осы мәселеге байланысты тұрғындармен кездесуін сұрады.

Қала әкімі Мавр Абдуллин аталған мәселеге байланысты жуық арада тұрғындармен кездесіп, олардың шағымдары мен жан-жақты танысатындығын жеткізді.

Кездесуге келген Пригородный ауылының тұрғыны елді мекендегі орталық көшенің жобалық-сметалық құжаты дайын болса да жөндеу жұмыстарына әлі күнге дейін қаржы бөлінбей отырғанын айтты.

Қала әкімі ауыл тұрғынына биыл жол жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінетінін, мүмкіндігінше проблемалық мәселелердің шешілетіндігіне тоқталды.

Сондай-ақ кездесуде Ақшат елді мекенінің тұрғыны Роман Амангелдіұлы елді мекенде ауызсу мәселесі шешілмей отырғанын, қиын екенін, қыс айларында, әсіресе, боранды күндерде ауыл тұрғындары су таси алмай, қиналатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Ақшаттағы орталық көшеге қашан тасжол төселетінін сұрады.

Қазіргі таңда Ақшат-1,2,3 ауылдарына ауызсу тарту күрделі мәселе болып отыр. Себебі ол жерлерде жерасты суының ащы болуына байланысты ұңғымалар қазылса да қиындықтар болып тұр. Алдағы уақытта ауылдың ар жағындағы жерасты суларын зерттеп, қосымша ұңғыма қазу жұмыстарын қолға алмақпыз. Әрине, бұл мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айта алмаймын. Дегенмен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ал орталық көшені жөндеу жұмысына қаражат бөлу жағын биыл қарастырамыз, — деді М.Абдуллин.

Бұдан кейін жиында ауған соғысының ардагері Сапарбек Көбегенов Мавр Абдуллиннен облыс орталығынан жастарды тәрбиелеу мақсатында патриоттық орталық ашуға қолдау көрсетуін, сондай-ақ ғимарат беруді сұраса, Қарғалы ауылының тұрғыны Бағила Ысқақова №53 орта мектептің балалар тасымалдайтын автобусы ескіргенін, Қызылжар, Ақжар ауылдарына оқушылар тасымалдайтын көліктің қыс айларында жиі сынып, жүрмей қалатынын айтты. Сондай-ақ ол мектепте үш ауысымда 1820 оқушы білім алуына байланысты қосымша ғимарат салынса деген тілегін жеткізді.

Қала әкімі тұрғындардың барлық сауалдарын тыңдап, аталған мәселелердің назарда болатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин соңғы кезде әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан тұрғын үй кезегі, жол қатынасы, қар тазарту жұмыстары, т.б. мәселелерге қатысты қойылған сауалдарға тоқталып, олардың шешілуін жеке  қадағалайтынын айтты.

— Биыл жыл басынан бері дәстүрлі түрде аудан әкімдерінің, сондай-ақ Ақтөбе қаласы әкімінің есеп беру кездесулері өтті. Аталған жиындарда облыс тұрғындарының сауалдарын тыңдап, бірқатар мәселелердің шешілуіне атсалыстық. Әкімдердің есеп беру кездесулерінде ешқандай шектеу, кедергі болған жоқ. Біздің бүгінгі қағидамыз, ұстанымымыз, бізге берген Мемлекет басшысының тапсырмасы — халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, сауалдарына жауап беру, қолдау көрсету, олармен кері байланыс орнату. Осы орайда қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар сын-ескертпе, кемшіліктер жариялануда. Біз осы олқылықтарды алдағы уақытта болдырмау үшін жүйелі жұмыстар атқаруымыз керек.

Қаламыздың дамуына келсек, салыстырмалы түрде бүгінде ілгерілеу, даму процесінің динамикасы бар. Ол туралы қала әкімі өз баяндамасында тоқталып өтті. Сондықтан алдағы уақытта қаланы одан әрі дамыту, көркейту жолында бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Алда жоспарланған, атқарылар міндеттер көп. Ал биылғы кездесуде тұрғындар көтерген мәселелерді өзім тұрақты бақылауға аламын, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында облыс басшысы мен қала әкімі тұрғындарды сұрақтары бойынша жеке қабылдады.

                                                                                             Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button