Жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Биыл да тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуіміз керек

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы өтті. Облыс әкімі бастаған атқарушы билік өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ журналистер қатысқан отырыста бірнеше мәселе қаралды.

Мәслихат депутаты Амангелді Есіркеповтің төрағалығымен өткен жиында алдымен «Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №473 «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» мәселесі талқыланды. Баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева 2016-2019 жылдар аралығында 5291 пәтер салуға бағытталған 27,6 миллиард теңгеге мемлекеттік облигациялар шығарылғанын айтты. Облигациялар есебінен барлығы 70 үй және 194 коттедждің құрылысы қаржыландырылыпты. Оның ішінде бүгінгі күнге жалпы ауданы 275,1 мың шаршы метр 59 үй (47 аз қабатты тұрғын үй, 12 көп қабатты тұрғын үй) мен 194 коттедж пайдалануға берілген.

— Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің өзектілігін ескере отырып, осы жылы 15 тұрғын үй немесе 1597 пәтердің құрылысын аяқтау керек, бұл үшін 7 миллиард теңге сомаға облигациялық қарыздар шығару қажет. Оның есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер салынып жатыр.

Қазіргі таңда азаматтардың 6 санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде 30925 адам тұр. Соның ішінде 3263 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 2522 көпбалалы отбасы, 13348 халықтың тұрмысы төмен тобына жататын азамат, 11 мыңнан астам бюджет қызметкері, апатты деп танылған үйлердің тұрғындары бар. Бюджеттің осы жобасын қолдауыңызды сұраймыз, — деген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаевадан қатысушылар тұрғын үй бағасы, облигациялардың мерзімі, т.б. сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

«Ақтөбе облысының жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтерін бекіту туралы» қаулысының жобасы бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айбек Қайыр ақпарат берді. Оның сөзінше, облыс бойынша 80 тұрақты қозғалыс бағыты бар. Бірақ арасында жолаушылар тасымалы тоқтатылған бағыттар да кездеседі. Басты себеп — шығынның көптігі, кірістің аздығы. Осыған байланысты баяндамашы облысішілік автобус бағыттарын субсидиялауда қолдау көрсетуді сұрады.

Жоғарыда аталған екі жоба да облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, сессия барысында №8 Пацаев сайлау округінен депутат Дмитрий Довматенконың облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының атына сауалы жолданды, ол мүгедек балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуді күшейту төңірегінде өрбіді.

— Біріншіден, осы сессияда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымдарын көрсетіп отырған депутаттарға алғысымды айтқым келеді. Сосын баяндамашыларға келесіде жан-жақты дайындалып келуі керектігі жөнінде ескертемін. Бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек.

Халықтың арыз-шағымы көбінесе баспанаға қатысты. Бұны біз жақсы білеміз. Үкімет тарапынан қолдау бар. Біз де 6 санат бойынша азаматтарды мейлінше тұрғын үймен қамтуға мүдделіміз.

Былтыр облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның ішінде жалға берілетін, несие арқылы алынған үйлер де бар. Ендігі мақсат — биыл да тұрғын үй құрылысының қарқынын сол межеден төмендетпеуіміз керек. Ең бастысы, тұрғын үйдің бағасы ғана емес, оның сапасына келгенде де халықтың талап-тілектері ескерілуі керек. Соны мықтап ескеріңіздер, — деп жиынды түйіндеді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button