Жаңалықтар

Тасқопаға газ тартылды

Темір ауданының Тасқопа ауылына көгілдір отын жетті. Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов келді.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары тасқопалықтарды өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтап, игі тілегін жеткізді. Аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов те жүрекжарды лебізін білдіріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасыларына сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлері Сайын Қапанов, Бақтығали Көшбаев пен Ерлан Тайшынов әлеуметтік жағынан аз қамтылған жерлестерінің үйіне көгілдір отын кіргізу үшін сертификаттар табыстап, мәрттік танытқанын айта кету керек.

Өз кезегінде «Күміс алқа» иегері Ғалия Ақылбекова:

— Бүгін — тасқопалықтар үшін тарихи күн, айтулы мереке іспеттес. Үйімізге газ келіп, жып-жылы болды. Барша ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Облыс әкіміне, осы істің басы-қасында жүрген қызметкерлерге және барлық ел ағаларына алғысымыз шексіз, — деп аналық ақ тілегін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button