Спорт

Жерлестеріміз биік тұғырдан көрінді

Таэквондодан (WT) Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық Fujairah Open турнирінде ақтөбелік спортшыларға жүлде бұйырды.

Облыстық таэквондо федерациясының президенті Жалғас Иманбаевтың жетекшілігімен жарысқа аттанған 4 спортшының 3-еуі бапкерлер сенімін ақтап, жеңімпаз бен жүлдегерлер тұғырына көтерілді. Санжар Мырзахмет 78 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей алтын медаль алды. Ол турнир барысында 3 кездесу өткізді. Алдымен иорданиялықтан, жартылай финалда қазақстандық Нұрбек Жамшаевтан басым түсті. Финалдық жекпе-жекте пәкістандық спортшыны 7 ұпай басымдығымен ұтып, турнир жеңімпазы атанды. 63 келідегі Диас Айымқұлов та Фуджейра жерінде финалға шықты, бірақ бұйырғаны — күміс медаль. Алтын жүлде сарапқа салынған финалдық кезеңде Диас 2017 жылғы әлем чемпионы египеттік спортшыға 8:17 есебімен есе жіберіп, мойнына күміс медаль ілді. Облыс намысын қорғайтын жасөспірім — 2019 жылғы Қазақстан біріншілігінің чемпионы. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жасурбек Клычев үздік үштікке енді. Ресей, Иордания, Қазақстан спортшыларын жеңген Жасурбек тек өзбекстандық спортшыдан ұпай санымен ұтылып, қола жүлде иеленді.

Шәкірттеріммен жарысқа бір жарым ай тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргіздік. Турнир кезінде олардың психологиясы сыр берген жоқ. Фуджейра қаласына салмақ өлшеу рәсімінен бір күн бұрын жеттік. Басқа мемлекеттің спортшылары біздің алдымызда бірнеше күн бұрын келіп жаттығуды бастап кеткен. Федерация басшылары ашық турнирден бір алтын алуды жоспарлады. Бірақ шәкірттерім қойған жоспарды артығымен орындап, 3 медальмен оралды, — дейді жаттықтырушы Марат Ешниязов.

Таэквондошыларымыз аз ғана демалыстан кейін сәуір айында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастамақ.

                                                                                                           Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button