Басты жаңалықтарДенсаулық

Медициналық сақтандыру: сұрақ- жауап

1 қаңтардан бастап жұмыс жасайтын азаматтардың айлық жалақысынан бір пайыз сақтандыру қорына жарна ұсталды. Тұрғындардың басым бөлігі  сақтандыру қоры туралы енді ойлана бастады. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязованың айтуынша, келісімшартқа қол қойған медициналық мекемелер жаңа жүйе аясында халыққа тегін қызмет көрсетіп жатыр. Қазір МӘМС бойынша халықты мазалайтын сауалдар көп болғандықтан, ең маңызды дегендерін топтап, жауабын ұсынып отырмыз.

— Егер емханаға барып, дәрігерге қаралмасам да,  ай сайын сақтандыру жарнасын төлеуім керек пе?

— Иә. Өйткені  еліміздің «Міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру» Заңымен  жеңілдік берілген санаттағылардан басқалардың барлығына  сақтандыру жарнасын аударып тұру  — міндет.

Жеңілдік берілген 15 санатқа енгендер:  зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, олардың күтушілері, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған келіншектер, декреттік демалысқа шыққан келіншектер, жұмыссыз оралмандар, жұмыссыздықта тіркеуде тұрғандар, түрмеде жазасын өтеушілер мен тергеу изоляторында отырғандар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер. Бұлардың барлығы   мемлекет есебінен тегін емделеді. Мемлекет олар үшін қорға жарна аударады.

— Жүйе аясында сақтандырылғанымды қалай білемін? Өзімнің  мәртебемді қалай анықтауыма болады?

— Заңға сәйкес жұмыскер үшін жұмыс беруші әр айдың 15-інен кешіктірмей, қорға бөлінген жарна мен аударымдар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

Азаматтар барлық ақпаратты egov.kz порталы, қор немесе оның филиалдары, тіркелген емханасындағы ақпараттық жүйе арқылы тексере алады. Ал жұмыс берушінің жұмыскері  үшін жарна төлеп жүргені туралы ақпаратты арнайы онлайн сервистер, медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығы, @saqtandyrybot жеделхат-бот арқылы, сондай-ақ тіркелген емхана арқылы біле аласыз

Егер жұмыссыз болсаңыз және мәртебеңіз расталмаған болса, халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелуіңіз қажет.

Экономиканың бейресми секторында жұмыс істейтіндерге жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу шарт.

— Міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорына жарнаны қалай аударамыз және қанша? Оны қайдан білуге болады?

—  Жұмыс істейтін адамдар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық сақтандыру жарнасын аударды. Екі жыл бойы әрқайсысымыздың жалақымыздан   1%, ал 2022 жылдан бастап  2% есептелген кірістен аударылады. Егер адам бірнеше жерде жұмыс істесе, медициналық сақтандыру жарнасы барлық жерден ұсталады. Жалақысы 10 минималды айлықтан асып кеткенде ғана  тек біреуінен ұсталады.

Жеке кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелгендер, шаруа, қожалық иелері,  нотариус, адвокат, сот орындаушылар, медиатор сияқты  жеке істері барлар өздері үшін ай сайын мәлімдеген табыстың ( табыс болмаған жағдайда) 1,4,  яғни ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде, яғни  қазір 2 975 теңге (ал жұмысшысына  2%) МӘМС жарналарын аудара алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың  2018 жылдан бері   бірыңғай жиынтық төлем  (БЖТ) төлейтіні белгілі. Одан  40% медициналық сақтандыруға ұсталады. Қалалықтар үшін  бірыңғай жиынтық төлемнің  көлемі   бір айлық есептік көрсеткішке тең, ауылдықтарға — 0,5% АЕК. Бұл жерде БЖТ  төлеушілер жеке кәсіпкер ретінде есепте болмауы керек.  Бірыңғай жиынтық төлемді кез келген банк,  «Қазпошта» бөлімшесі арқылы төлеуге болады.  Бұны салық органдарында тіркелмей  үйінде бір іспен айналысып отырғандар, базарда бірдеңе сатып немесе көлігімен жолаушы  тасып, табыс табатындар төлейді.

— Ай сайын дәрігерге көрінбесек, бір айға салған ақшамыз күйіп кете ме әлде есепшотымызда тұра ма? Егер соңғы 3 жыл ішінде медициналық көмекке жүгінбесе, онда салымдар сомасы жинала ма және оларды басқа мақсатқа алуға бола ма?

— Бұл —  міндетті сақтандыру қоры.  Дәрігерге барып көрінбесе де, жарнаны аудару  міндеттелген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болып табылмайды.

— Аяғы ауыр жүкті келіншектер  анализдерін тапсырғанда ақы төлей ме?

— Жүкті келіншектер міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан босатылған азаматтардың   15 санатына кіреді. Олар емді кепілді медициналық тегін көмек аясында алады.

— Өзің тіркелген емханадан шығып, ақылы емханаға барып, қаралған кезіңде ғана ақысын төлеп жүре беруге  бола ма?

— Өзіңіз тіркелген емханадан шығып, міндетті медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған кез келген жеке клиникаларға қаралуыңызға болады.  Бірақ медициналық сақтандыру жарнасын ай сайын аударып отыру керек. Ол «Медициналық сақтандыру туралы» Заңмен міндеттелген.

— Үйде отырған үй шаруасындағы әйелге не істеу керек? Кәрі әрі науқас әжеме қараймын. Артық ақшам жоқ.

-— Сөзіңізге қарағанда, сіздің тұрақты табысыңыз жоқ және мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа да жатпайсыз. Олай болса, медициналық сақтандыру жарнасын өзіңіз үшін сізге есептік төмен жалақының 5% мөлшерінде ай сайын аудару керек.

Белгілі бір себептермен жұмыссыз ретінде тіркелуді және мемлекет тарапынан сақтандырылуды жоспарламаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін МӘМС жарнасы міндеттеме деп емес, сақтандыру пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтерді болмашы ақы төлеп алуға берілген мүмкіндік деуге болады.

Қалай болғанда да пациенттің таңдау құқығы шектелмейді. Ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) пакетімен шектелсе де, қалтасынан қаржы шығарып жекеменшік клиникада емделем десе де, тиісті жарнаны төлеп, өткен 12 айдың қарызын өтеу арқылы МӘМС жүйесіне кірем десе де, өзі шешеді.   Ондай адам емхана мен салалық мамандарды өз еркімен таңдап, міндетті сақтандыру пакетін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады.

— Жұмыссыздарға, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандарға және елдің басқа да экономикалық белсенді емес санаттарына медициналық көмек қалай көрсетіледі?

— 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жоспарлы стационарлық көмекті қоспағанда, медициналық көмектің барлық пакетін алды. Қазіргі таңда олардың біліктілігі мен жұмыс тәжірибесіне сәйкес тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуге мүмкіндігі бар. Онда азаматқа жұмыс ұсынылады. Егер азамат ұсынылған нұсқаларға сәйкес келмесе, оған жұмыссыз  деген мәртебе беріледі. Бұл жағдайда ол үшін мемлекет белгіленген уақытқа дейін қорға жарна аударуды өз мойнына алады.

Жеке кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркеле алады және өздері үшін ай сайын мәлімдеген табыстың немесе табыс болмаған жағдайда  ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде МӘМС жарналарын аудара алады.

—  МӘМС жүйесіне енген азаматтарға не істеу керек?

— Ең алдымен, тұрғылықты жер бойынша ыңғайлы емханаға тіркелу керек. Сонда  қажетті медициналық көмек алып, учаскелік дәрігерді үйге шақыра алады.

Тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуден бас тартқан жағдайда,  медициналық қызметті  алу үшін қала аумағындағы өзге медициналық мекемеге тіркелу керек. Алайда, бұл жағдайда  шақыртуыңызға учаскелік дәрігердің келмейтініне келісім беру қажет болады.

Емханада немесе онлайн режимде egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы да тіркелуге болады. Емханаға тіркеуге жүгінген кезде өтініш жазасыз және жеке басты куәландыратын құжат болуы міндет.

Қай санатқа жататыныңызды анықтау қажет: жеңілдігі бар санат, жұмысшы, жеке кәсіпкер немесе белсенді емес халықтың өкілі. Сақтандыру төлемдерінің тәртібі мен мөлшері осыған байланысты беріледі.

—  Іссапарға немесе еңбек демалысына шыққанда МӘМС арқылы сақтандырылған азаматқа Қазақстанның барлық аумағында медициналық қызмет көрсетіле ме?

— Тұрғылықты жері бойынша белгілі бір емханаға тіркелген адамға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне кіретін медициналық қызметтер Қазақстан Республикасының барлық аумағында көрсетіледі.

Егер Қазақстан аумағында іссапарда немесе еңбек демалысында болса, онда қажет болған жағдайда ол  кез келген мемлекеттік емханада немесе ауруханада тегін шұғыл медициналық көмек алуына болады. Одан кейін тіркелген емханасы бойынша жоспарлы емін жалғастырады.

Тек шетелде демалыста немесе іссапарда жүрген адам  сол елдің аумағында жарамды ерікті медициналық сақтандыруды сатып алуы керек. МӘМС жүйесі Қазақстаннан басқа елдердің аумағында қолданылмайды.

Егер жоғарыдағы екі ұсыныс та келмесе, екінші деңгейлі банк арқылы ол өздігінен медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде аударым жасай алады.

—  Жарна төлеуші қайтыс болған кезде қорда жинақталған қаражатты туыстарына беру көзделген бе?

— Әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Сондықтан мұндай мүмкіндік мүлдем қарастырылмайды. Әрбір төлеушінің жарна сомасына қарамастан, халықтың барлық санаттары медициналық қызметтерге теңдей қол жеткізе алады.

 P.S

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты қандайда бір сұрақтар болса, редакцияға хабарласуларыңызға болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button